📍Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге Маңғыстау облысына іс-сапармен келдік. Ертең Ақтау қаласында «Жаңа Салық кодексіндегі цифрландыру және салықтық әкімшілендіру» тақырыбында конференция өтеді. Соған қатысамыз.
✅МАЭК мәселесі
📌Сапарымыздың аясында, бүгін Ақтаудың іргесіндегі «МАЭК» ЖШС-на ат басын бұрдық.
Өздеріңізге белгілі, өндіріс пен халықты электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз ететін кәсіпорындағы ЖЭС-тардың 80 пайызының тозығы жеткен. Соның салдарынан мұнда соңғы кездері апат жиіледі. Бұл елге, ел экономикасына айтарлықтай зардабын тигізеді. Жылу беру маусымы болса, жақындап қалды. Мәселенің жай-күйі қалай болып жатыр деген алаң көңілмен МАЭК-тің жұмысымен таныстық. Күзгі-қысқы мезгілге дайындығын бағамдадық.
Кәсіпорындағы жағдайды қысқа әрі ұзақ мерзімде қалыпқа келтіру үшін облыстық, республикалық бюджеттен және серіктестіктің өз есебінен қаражат бөлінген.
⭕️Нақтырақ айтсақ:
– МАЭК есебінен 6,8 млрд теңге;
– Облыстық әкімдік резервінен 2,6 млрд теңге;
– Үкімет резервінен 4,9 млрд теңге жөндеу жұмыстарына қарастырылып отыр.
✅Осы қаржы қайда бағытталып, қандай жұмыс атқарылып жатқанын көрдік.
✅МАЭК-те жаңа су тұшыту қондырғылары салына бастаған. Жұмыс істеп тұрған су тұшыту қондырғыларының өнімділігін арттыратын жұмыстар да істеліп жатыр.
✅Сонымен қатар, станциялардың, комбинаттың үздіксіз, қалыпты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті өндірістік жабдықтар, қосалқы бөлшектер, материалдар сатып алынуда. Бірнеше қазандық, турбина жөнделіп жатыр. Бұдан бөлек, ЖЭО №2 энергия блогы генераторының роторы күрделі жөндеуге берілген.
✅«МАЭК» ЖШС – тұрғындарды барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз ететін бірден-бір кәсіпорын. Сондықтан, серіктестіктің жылу беру маусымына сақадай сай болуына мүдделіміз. Жоғарыда атқарылып отырған дайындық жұмыстары нәтижелі, сапалы болады деген ойдамыз.
🔗Сапар барысында сала мамандарымен сөйлесіп, пікірін тыңдадық. МАЭК-тің жұмысын жетілдіру, тозығы жеткен жабдықтарды, желілерді жаңғырту жөнінде ұсыныстар айтылды. Өзім де энергетик маман ретінде ойларымды бөлістім. Барлығын атқарушы органдармен, компаниямен бірлесіп, таразылайтын боламыз.
✅“Қошқар ата” қалдық қоймасы мәселесі
МАЭК-тен кейін Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасына бардық. Улы көлді залалсыздыру мәселесінен хабарымыз бар. Оны Мәжілістегі маңғыстаулық әріптестеріміз көтеріп жүргенін білеміз. Бүгін бізге қалдық қоймасының жағдайын өз көзімізбен көрудің сәті түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Маңғыстау облысының әкімдігіне осы «Қошқар ата» мәселесін 2024 жылы аяқтауды тапсырған болатын. Яғни үш жыл уақыт берген. Алайда, биыл жалғасатын жұмыстар тоқтап тұр. Оған инфляция әсер еткен. Жобалық-сметалық құжаттарды қайта жасауға тура келген. Қазір қаржысы анықталып жатыр. Осы жұмыстар аяқталса, біз өз тарапымыздан қолымыздан келетін қолдауды жасайтын боламыз.
📌 Жауапты орталық атқарушы органдар «Қошқар ата» улы көлін залалсыздандыруға салғырт, атүсті қарамауы керек. Бұл — Маңғыстау өңіріндегі өткір де өзекті мәселе. Тезірек “экологиялық апат аумағын” жоюға асығуы қажет.