Қымбатты достар!
Есеп жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғарғы аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады. Қаржы министрінің сөзінше, былтыр бюджет түсімдері – 16,1 трлн теңгені, ал шығыс – 18,5 трлн теңгені құраған. Бюджет тапшылығы – 2,4 трлн теңге, ал 81 млрд теңге игерілмеген. Игерілмеудің негізгі себептері: өнім берушілердің шарт талаптарын бұзуы, жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың ұзақ өтуі немесе оң қорытындысының болмауы, орындалған жұмыстар актілерінің, шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы. «2022 жылы 3 мемлекеттік бағдарлама және 10 ұлттық жоба жүзеге асырылды. Әртүрлі қаржыландыру көзінен 8,2 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 2,8 трлн теңге бөлінді. 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 130,7 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда – 98,4 пайыз, ауылдар жерлерде - 94,5 пайыз болды. Тұрғын үй құрылысын дамыту жобалары бойынша нақты түрде 19,5 мың жұмыс орны құрылды», – деді Ерұлан Жамаубаев өз баяндамасында. Жоғарғы аудиторлық палата төрайымы әзірге республикалық бюджеттің атқарылу сапасының халықтың өмір сүру сапасына ықпалы макродеңгейде бағаланғанын айтты. «Бұл сыртқы-ішкі жағымсыз және оң факторларға байланысты. Екі жылдан бері Жоғарғы аудиторлық палата мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың ғана емес, оны жоспарлаудың да тиімділігін тексеріп келеді. Осы тәжірибеге сүйене отырып, бюджет қаражатын ұтымсыз жұмсау жоспарлау сатысында тұрғаны белгілі болды. Сондықтан биыл біз бөлінген ресурстарды ескере отырып, олардың сапалы жоспарлануы мен орындалуына басты назар аудардық», – деп атап өтті Наталья Годунова. Баяндамаларды тыңдап болған соң Мәжіліс депутаттары бюджеттің атқарылуына қатысты сауалдарын қойды. «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға 2022 жылы 1,5 трлн теңге қарастырылған екен. Бірақ ол бар-жоғы 58 пайызға орындалған. 640 млрд теңге игерілмеген. Мұның себебі неде? Ал денсаулық сақтауда 13 млрд теңге игерілмеген екен. Қазір халық емделуге ақша таба алмай, қарыз алып, ақылы медициналық қызметке жүгініп жүр. Ал біз 13 млрд теңгені игермейміз. Неге?» – деген Нұртай Сабильяновтың сұрақтарына Қаржы министрі Ерұлан Жамауабаев пен Денсаулық сақтау министрлігінің Аппарат басшысы Батырбек Әбділдин жауап берді. «Бұл 2022 жылға қатысты емес, алдында қордаланып қалған мәселе. Сондықтан да қаржыландыруда үлгермеу процесі болды. Бұл ақпарат есепте бар», – деді Е.Жамаубаев. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі қаржының игерілмеуін былай түсіндірді. «Былтыр Ұлттық қордан нақтылау кезінде ақша бөлінген. Біз ол қаржыны күтпей, «Қазақстан халқына» қорымен және жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, 12,7 млрд теңгеге препараттарды ертерек сатып алдық. Сондықтан қаржы Ұлттық қорға қайтарылмай қалды, жыл соңында нақтылау болған жоқ», – деп жауап берді Батырбек Әбділдин. Бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ұласбек Сәдібеков жетекшілік етеді.
Аталмыш отырыста келесі сұрақтарды көтердім.
Бірінші. Салықтық және кедендік әкімшілендіру есебінен түскен қосымша түсімдер Қаржы министрлігінің дерегі бойынша - 726,2 млрд теңге болса, ал Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше - 590,2 млрд.теңге құраған. 140 млрд.теңге алшақтық қайдан шықты?
Екінші. Ұлттық жобалардың мақсаттарына қол жеткізу тәуекелдері бағыты бойынша ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне қойдым.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жоспар бойынша қаржыландыру 117%-ға болса, қол жеткізгені- 68% болып тұр.
Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс бойынша жоспардан қаржыландырылу - 103% болған, көрсеткіштерге қол жеткізілгені - 61 %. Жоғары аудиторлық палатасының жедел бағалауының әсері төмен. Неліктен көрсеткіштерге қол жеткізу төмен? Себептері неде?
Үшінші. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның сатып алуында бір көзден сатып алудың өсуі - 163 млрд. теңгеге өскен. Себептерін айтып өтсеңіздер.
Жалпы, Мемлекет басшысы мемлекеттік сатып алу рәсіміндегі мәселелерге ұдайы назарға алып отырады. Қоғам бір көзден мемлекеттік сатып алу негіздерін қысқартуды талап етеді.