Жайымбетов
Мархабат
Жайымбетұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды

Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мен оған ілеспе  түзетулердің таныстырылымы өтті. Мәжілістің вице-спикері Дания Еспаеваның қатысуымен өткен жиынға Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан жетекшілік етті. Заң жобалары бойынша Мәжіліс депутаттарына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндама жасады. Ол түзетулердің басым бөлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталғанын айтты. Негізгі заң жобасында үш кодекс пен бес заңға өзгерістер мен толықтырулар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер енгізіледі. Ұлан Сарқұловтың айтуынша, заң жобасына ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсылық білдіру арқылы қоғамда оған төзбеушілікті қалыптастыруы тиіс. Тағы бір жаңалық – мемлекеттік қызметтегі және квазимемлекеттік сектордағы мүдделер қақтығысын анықтау мен шешуді реттеу. Сонымен қатар жеке мүдделерді декларациялау және пара ұсынғаны және уәде еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. – Қылмыстық кодексті жаңа 366-1 («Пара алуға келісім беру, пара сұрау немесе талап ету»), 367-1 («Пара ұсыну немесе пара беруге уәде ету») баптарымен толықтыру ұсынылады. Пара туралы уағдаластықты аяқталған қылмыс деп тану айқын профилактикалық нәтиже береді. Бұл мемлекетке зиян келтіргенге дейін парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді, – деді Ұ.Сарқұлов. Түзетулер Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында әзірленген. Мемлекеттік орган, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйақы алуына байланысты қылмыстарды анықтау жөніндегі жұмыс жетілдіріледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша құқықбұзушылық жасаған заңды тұлғалардың да жауапкершілігі күшейтіледі. Баяндаманы тыңдаған соң депутаттар түзетулер бойынша нақтылау сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Заң жобаларын бірінші оқылымға әзірлеу бойынша талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жетекшілік етеді.

_________________________________________________________

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ресми сайтына сілтеме жасалған кезде ғана материалдарды кез-келген түрде пайдалануға жол беріледі

Ақпарат көзі: https://www.parlam.kz/kk/mazhilis/news-details/id50957/1/1

Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі