Әбенов
Мұрат
Абдуламитұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Хатшысы

Депутатқа хат
Мұрат Әбенов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: Қалада тұрсам да, үйде малға шөп орып, пештің күлін шығардым
Қалада тұрсам да, үйде малға шөп орып, пештің күлін шығардым

«Алаш айнасы» газеті

№ 95, 13.06.2009 жыл

 

Мұрат Әбенов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

Қалада тұрсам да, үйде малға шөп орып, пештің күлін шығардым

 

– Мұрат мырза, сіз ауылдың қарадомалағысыз ба, әлде «асфальтта» өскен «ақсаусақтардың» қатарынансыз ба?

– Әдемісің бе, әлде ақылдысың ба деген сияқты ма… Мен, бұл жағынан алғанда, әмбебаппын. Ауылда дүниеге келгенмін. Бірақ қалада өстім. Ал, шынын айтқанда, біздің Қызылордада мұның айырмашылығы шамалы. Қалада тұрсам да, үйде малға шөп орып, пештің күлін шығардым.

– Мұны сұрап отырғаным, орысша оқыған екенсіз, ал қазір отбасыңызда қай тілде сөйлесесіздер?

– Әкем – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Сондықтан отбасымызда қазақ тілінде сөйлеу – қалыптасқан үрдіс. Балаларымның барлығы да орта білімді қазақша алды. Жалпы, Сыр елінің 97 пайызы қазақ болғандықтан, бізде қазақ тілін білмейтіндер сирек кездеседі. Қызылорда облысы 2001 жылы республикада бірінші болып ісқағаздарды мемлекеттік тілге толық көшіргенде, мекемелеріміз аудармашыларды керек еткен жоқ. Керісінше, қазір орыс тілінде құжат әзірлейтіндер тапшы. Астанадағы тілді үйренем деушілерге қымбат курсқа ақша жұмсамай, бізге екі-үш айға барсаңыздар, нағыз қазақ қылып аламыз дер едім. Әлі есімде оқуды орыс тілінде бітірсем де, менен сұрамастан, «информатик керек» деп қазақ мектебіне жұмысқа жіберді.

– Өзіңіздің қазақылығыңызға көңіліңіз тола ма? Себебі сіз көпке үлгі боларлық азаматсыз ғой.

– Өзіме өзім көңілім толады десем, артық айтқан болар едім. Шын қазақылық оны ұстану ғана емес, жан-жақты дамыту деп ойлаймын. Білім ауысады, ырыс жұғысады дегендей, қазір заман талабына сай жаңа салалардың маңыздылығы артуда. Десек те, оларды қазақыландыруға үлгірмеудеміз. Мысалы, экономика саласын, ақпараттық технологияларды ұлттық менталитетімізге сәйкестендіруді айтпағанда, қазақ тілінің қолдану аясы әлі де тар. Осыған қолымнан келгенше үлес қосуға тырысамын.

– Ал жеті атаңызды сұрасам қиналып қалмайсыз ба?

– Қара шаңырақтың иесі, ақсақалы бар үй болғаннан кейін өзім де, балаларым да жеті атамызды білеміз.

– Депутат болғанға дейін қандай қызметтер атқардыңыз?

– Қызметті 1990 жылы мектепте мұғалім болып бастадым. Бір жыл өтпей қалалық білім беру бөліміне шақырды. Одан кейін Қазақ мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Ал 1992 жылы Қызылорда қалалық әкімдігінде баспасөз және қоғамдық пікірді болжау маманы қызметін атқардым. Бес-алты жыл жеке кәсіпкерліктің де дәмін татып көрдім. 1999 жылы қайтадан мемлекеттік қызметке оралып, Қызылорда облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінде кеңесші болдым. Республикада бірінші рет 2000 жылы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік конкурс өткізді. Сол байқауға қатысып, агенттіктің Қызылордадағы жаңадан ашылған басқармасына басшы ретінде тағайындалдым. Дәл солай 2002 жылы Қызылорда облыстық ішкі саясат департаменті де жаңадан құрылғанда директор лауазымына конкурспен өтіп, үш жыл басқардым. Одан кейін әлеуметтік-саяси саладағы облыс әкімінің орынбасары және облыс әкімінің аппаратына басшылық жасадым.

– Қызметте тасыңыз өрге домалаған екен. Өзіңізді өмірде жолы болған адаммын деп есептейсіз бе?

– Ертегідегі сияқты өмірде өзінен-өзі ештеңе болмайды ғой. Талап қылмай, еңбек етпей, білім жимай көздеген мақсатыңа жете алмайсың. Дегенмен мен ғана емес, барлық құрдастарым жақсы кезеңдерде қызмет етіп келеміз. Себебі біздің қызмет жолымыздың бастамасы еліміздің егемендік алуымен тұспа-тұс келді. Ел егемендігі өмірдегі ең мықты «ұстазымыз» болды деп айтар едім. Аяққа тұруымыз да, тәжірибе жинауымыз да, өсуіміз де, өркендеуіміз де елмен бірге. Қызығы, бұйыртса, зейнетке де тура 2030 жылы шығады екенбіз.

– Мемлекеттік қызметте жүрдіңіз, бизнесмен болдыңыз. Депутат болумен салыстырғанда қайсысының жүгі ауыр?

– Қай салада болсын жұмыстың оңайы жоқ. Жауапкершілігі жағынан таразыласақ, депутаттық мандаттың салмағы ауырлау. Себебі әкімшілік, мемлекеттік қызметтің негізгі функциясы – берілген тапсырманы орындау, ал бизнесте шешім қабылдағанда жеке адамның, аз ғана топтың мүддесі ғана ескерілсе, депутатттар бүкіл халықтың жағдайын қамту керек.

– Дегенмен мемлекеттік қызметтің машақатынан кейін депутат болу демалумен бірдей дейді ғой. Келісесіз бе?

– Жоқ, мен ол пікірмен келіспеймін. Мәселе қайтадан әлгі жауапкершілікке келіп тіреледі. Депутаттық, қарапайым сөзбен айтқанда, халық аманаты ғой. Оны түсінгенге бұл жеңіл емес. Аманатқа қиянат болмауы керек.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Менің мамандығым ақпараттық технологияларға қатысты болғаннан кейін осы салаға жаным жақын. Тың ақпараттарды іздеп, интернетте көп отырамын. Қазіргі жағдайларға байланысты экономикаға, философия мен тарихқа қатысты кітаптар оқимын. Спортта футболға қатты қызығамын, Парламент құрама командасының мүшесімін. Футбол – ұжымдық ойын, майталман ойыншы болсаң да, жалғыз жүріп, жеңіске жете алмайсың. Парламенттің жұмысына осы жағы қатты ұқсайды. Себебі заң көпшіліктің қолдауымен ғана қабылданады. Сонымен қатар әуесқой фотосуретшімін. Кішкентай кезімнен суретке түсірумен айналысамын. Баяғы «Смена-8М» фотоаппаратынан бастап, бүгін соңғы үлгідегі сандық технологияларды пайдаланамын. Қазір менің түсірген суреттерімнің жалпы саны 25 мыңнан асады.

– «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғой, ән айту, би билеу сияқты өнеріңіз жоқ па?

– Студент кезімде университеттің би ансамбіліне қатыстым. Әртүрлі халықтың ұлттық билерін орындап, гастрольге шығып, ел араладық. Сахна маған көпшілік алдында өзімді еркін ұстауға үйретті.

– Әскерде қай жерде болдыңыз?

– Моңғолия жерінде барлау бригадасында әскери борышымды атқардым. Танкімен дәлдеп атуды мүлтіксіз орындап, үйге демалысқа келгенім бар. Танк ротасының старшинасы болып қайттым. Әскердің тәртібін, командирдің берген тапсырмасын сылтау іздемей, амалын тауып орындауды үйренуім маған кейін көп көмегін тигізді.

– Жас кезіңізді айтып өттіңіз ғой. Бала кездегі махаббатыңыз есіңізде ме?

– Мен махаббатты кейінірек бастадым. Соған қарағанда таза махаббатымды қазіргі жұбайым Ардаққа сақтап жүрген сияқтымын (күліп алды). Жалпы, махаббат көп болмау керек.

– Жұбайыңыз да, өзіңіз де математиксіздер ғой, балаларыңызға есеп шығарып берген жоқсыз ба?

– Балаларыма көмектестім. Бірақ есепті шығарып беріп емес, шығарудың жолдарын түсіндіретінмін. «Диқаншының баласы арық қазып ойнайды» демекші, тұқым қуған шығар, балаларымның да математикаға деген табиғи қабілеті жаман емес.

– Сіз өз еліңіздің патриотысыз ба?

– Әлбетте, елімнің патриотымын!

– Оны қалай дәлелдейсіз?

– Патриот деп елін сүйген адамды айтсақ, өз елі үшін кеуде соғып, көкірек кермей-ақ, қарым-қабілетіне қарай тер төгіп, адал еңбек ету керек. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, сөзбен емес, іспен дәлелдеймін деп есептеймін.

– Егер сізге патриот екеніңді былай дәлелде деп, Жириновскийдің рөлін сомда десе, орындайсыз ба?

– Жоқ. Өйткені менің табиғатым ондай рөлге сәйкес келмейді. Популистік ұранмен халыққа жалған уәде беріп жүре алмаймын. Сондықтан өзімнің азаматтық борышымды ғана орындаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Жарқын Түсіпбекұлы