Құспан
Айгүл
Сайфоллақызы

Председатель Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Депутатский запрос по лесным вопросам

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары

Р.В. Склярға


Депутаттық сауал


Құрметті Роман Васильевич!

«Жер тағдыры – ел тағдыры» – дейді халық даналығы.Қазір ауылдық жерлерден халықтың жаппай көшулерінің басты себебі – мал жайылым, шабындық жерлерінің тоналуы, орман алқаптарының аяусыз қырқылуы!«Құс қонбаған – көл жетім, ел қонбаған – жер жетім» деген осы! Міне, «Аманат» партиясына бір айда түскен 985 өтініш-шағымның 62 пайызы осы мәселені көрсетеді. Былтыр қазан айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Ауылдық округтердің 80 пайызында жайылымдық жер тапшы», – деген болатын. Біз ұрпаққа жерімізді, ормандарымыз бен көлдерімізді шырайы бұзылмаған қалпында қалдыруға міндеттіміз. Алайда бүгінгі күні жер пайдаланушылар ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге негізсіз ауыстыруға кеңінен жол беруде. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан белгілі журналшы Жақсыбай Самраттың «Егістікке есі кеткендер шабындық пен жайылымдарға қол салып жатыр» – деген мақаласын жанайқай деп қабылдадым.Қазір астық пен майлы дақылдарды сатып алу бағасы жоғары. Сондықтан «астық өсірушілер мүмкіндігінше егістік көлемін жайылымның, шабындықтың,тіпті орман алқаптарының есебінен рұқсатсыз ұлғайтұда» – деп жазады автор. Мұндай жолсыздық, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында орын алған. Жергілікті халық тіпті жидек, бүлдірген, қарақат, шие теретін жерлеріміз қалмады деп наразылық білдіруде! Жер Кодексінің 98 бабында ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге трансформациялауға, яғни ауыстыруға, негіз болатын себептер нақты айтылған. Сонымен қатар, жоспарлау-картографиялық құжаттары, тұзданудың суреттері, топырақтың зерттелуі, тағы басқалары дайындалуы керек. Ал алқаптарды бір түрден екінші түрге айналдырып жатқан жер пайдаланушылар осынша құжаттарды дайындауы күмән тудырады. Сондықтан Үкіметтен жайылым, шабындық, орман қоры алқаптары заңнамасын өрескел бұзған жер пайдаланушыларын анықтап, олардың қаншалықты зардап шектіргендерін, ал егістік аумағының қаншалықты көлемге заңсыз ұлғайтқандарын көрсетуді сұраймын.Келесі мәселе – еліміздегі табиғи орман алқаптарының жылдан жылға күрт кеміп, олар мүлдем жойылу үстінде тұрғаны. Оның басты себебі – адамдардың табиғатқа деген қылмыстық немқұрайлығы! Оған дәлел, жақындағы Қостанай жерін жайпап өткен жойқын өрт... Осыдан 25 жыл бұрын Солтүстік Қазақстандағы ит тұмсығы өтпес ормандар бүгінгі күні қурап қалған ағаш діңдеріне айналған... Осыған байланысты еліміздің орман қорын тиімді пайдалануда, сақтауда, толықтыруда, өрттен, зиянкестерден және аурулардан қорғауда көзге көрінер қандай жұмыстар атқарылып және жоспарлынып жатқаны туралы ақпарат беруді сұраймын.Құрметті Роман Васильевич, жоғарыда аталғандарды ескере отырып, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды қарау нәтижелерін белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Аманат» партиясы фракциясының мүшесі

Айгүл Құспан