Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
26.05.2021

Мәжіліс азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заңнамалық түзетулерді I оқылымда мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 26 мамыр, Мәжіліс үйі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өтен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар заң жобаларын мақұлдады.

Атап айтқанда, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын I оқылымда мақұлдады.

Құжатта 7 мен 16 жас арасындағы мүгедек балаларды қайта қарап, куәлік беру мәселесі көзделген.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, енді ата-аналар балаларының мүгедектігін дәлелдеу үшін кабинет жағалап, құжат жинамай, цифрлық технологияның тиімділігін қолдану қажет.

Палата Спикері балалардың мүгедектік санатын анықтау рәсімі жеңілдетілген және белсенді түрде жүргізу керектігін айтып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, іс-қимыл жоспарын жасау қажеттігіне назар аударды.

Н.Нығматулиннің айтуынша, ата-аналар тарапынан наразылық болдырмау үшін ақпараттық жүйелердің барлық интеграциялық процестерін тез аяқтап, қол жетімді цифрлық технологияларды қолдану тиіс.

Сондай-ақ, Мәжіліс Төрағасы осының барлығын халыққа дұрыс түсіндіру керектігін айтып, ол үшін тиісті заңнамалық шаралар қабылданғанын жеткізді.

Айта кету керек, Заң жобасында 1-топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға 1,4 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде жәрдемақы енгізу; мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру, бұл мүгедек балалары бар және асыраушысынан айырылған отбасылардың кірісін арттыруға мүмкіндік береді (норма 2 мыңнан астам адамға әсер етеді); сондай-ақ, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алу кезектілігін  бала 18 жасқа толған жағдайда да сақтау көзделеді.

Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын I оқылымда мақұлдады.     

Құжатты талқылау барысында Нұрлан Нығматулин жуық арада ғана  Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді қарағанын, сол кезде Қазақстанда ЕАЭО бойынша серіктестерімізден – Ресей мен Беларусьтен айырмашылығы бағалы металдардың заңсыз айналымы саласында жасалған қылмыстар үшін «Неге қылмыстық жауапкершілік жоқ?» - деген сұрақ туындағанын атап өтті. Нәтижесінде, тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны анықталды.

-Бұл осы саладағы қылмыстық белсенділіктің кең көлемде өсуіне әкелгені анық. Мәселен, тек Степногорск өңірінде 2015-2020 жылдар аралығында құрамында алтыны бар заңсыз өндірілген 6 357 тонна шикізат тәркіленді, - деді Палата Спикері.

Нәтижесінде ел экономикасына, оның ішінде салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық түспеуі түрінде елеулі залал келтірілгенін атап өтті.

Тұтастай алғанда, заң жобасының нормалары азаматтардың құқықтарын қорғауды арттыруға, прокуратураның қадағалауын кәсіпкерлердің проблемаларын тиімді шешуге қайта бағдарлауға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің өз қызметіне заңсыз араласудан, бизнес субъектілерін қылмыстық қудалау аясына тартудан кепілдіктерін күшейтеді.

Сонымен қатар, жалпы отырыста депутаттар бірқатар заң жобаларын II оқылымда мақұлдады. Олар:  Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру, «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» және оған ілеспе заң жобалары.

Сондай-ақ, бүгінгі жиында Палата комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары жұмысқа алды.  

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Сқақова, Е.Өмірғали, Д.Тұрғанов, Е. Смышляева, А.Қоңыров Ғ.Құлахметов, А.Линник, Ж.Әшімжанов, А.Перуашев, А.Рау.

 

(Мәжілістің Баспасөз қызметі, 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Құспанов).



Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.