Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
14.10.2021

Мәжілісте кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту және адал бәсекелестікті дамыту мәселелері талқыланды


Нұр-Сұлтан, 14 қазан, Мәжіліс Үйі. Бүгін Мәжілісте «Кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту және адал бәсекелестікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, министрліктер мен ведомстволардың, парламенттік емес саяси партиялардың, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Adal» саяси партиясының, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының, сондай-ақ қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Альберт Рау  іс-шара Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Депутат А. Раудың айтуынша, аталған құжат бойынша жұмыс мемлекеттік органдар, қоғамдық және сараптамалық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен барынша ашық – онлайн режимде өтуде. Бүгінгі күні жұмыс тобына 125 түзету келіп түсті. Олар жұмыс тобының отырыстарында қаралды. Заң жобасы бойынша келіп түсетін барлық ұсыныстарды талқылау және қарау жалғасуда.

Тақырып туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов баяндады.

Жауапты ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта отын-энергетика кешені, көлік және байланыс сияқты базалық салалардың монополиялық жай-күйі сақталуда. Монополиялық тауар нарықтарындағы негізгі ойыншы мемлекет болып отыр. Осы орайда, монополиясыздандыру және бәсекелестікті дамыту мақсатында негізгі үш реттеуші кедергілерді шешу кажет. Атап айтқанда, олар: негізгі қуатқа қол жеткізу, бағаны бұрмалау және іріктеп қамқоршылық немесе фаворитизм.

Аталған мәселелерді реттеу мақсатында Агенттік инфрақұрылым мен объектілер ұғымын және негізгі қуатқа жатқызу өлшемшарттарын заңнамалық түрде айқындауды, негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларын бекітуді ұсынып отыр. Негізгі қуатқа қол жеткізу қағидаттары ғана айқындалып қоймай, өтінімдерді қарау тәртібі, қол жеткізу шарттары мен мерзімдері, бас тарту негіздері және басқалары нақтыланатын болады. Осы арқылы қолданыстағы тауар нарықтарының монополиялық құрылымының аралас тауар нарықтарына теріс әсерін төмендету, шектеулі ресурстарға қол жеткізуді кеңейту және оларда бәсекелестіктің дамуын қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ, мемлекеттік және жекеше операторлардың қызметін реттеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Баяндамашының сөзінше, Агенттік талдау жүргізіп, 51 оператордың 47-сі мемлекеттік қатысумен құрылғаны аңықталды.

Тауар нарықтары мен олардың қызметін талдау қорытындылары бойынша осы жылдың өзінде 9 оператордың айрықша құқықтарын алып тастау ұсынылады.

Қалған жұмыс істеп тұрған операторлар үшін арнайы құқық институты енгізіледі – олар баға белгілеуді, өзге қызметті шектеуді, бизнестің басқа түрлеріне қатысуға тыйым салуды қоса алғанда, қатаң реттеуге жатады. Жеке операторлар үшін оларды іріктеудің конкурстық тәртібі ұсынылады. Бұрын құрылған операторлардың санын қысқарту бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Қазіргі таңда мемлекет экономиканың бірқатар салалары үшін ең ірі тұтынушы ретінде әрекет етеді. Осы орайда, бәсекелестікті дамытуға қатысты түйіткілді мәселердің бірден бірі – мемлекеттің қатысуын қысқарту. Бұл ретте мемлекеттік тапсырмаларды бөлу үшін негіздемелердің толық тізбесін айқындау көзделіп отыр. Статистика көрсетіп отырғандай, мемлекеттік тапсырмаларға бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын өсіп келеді (2018 ж.171 млрд.теңгеден бастап, 2020 ж.378 млрд. теңгеге дейін). Ұсынылып отырған тізбе мемлекеттік тапсырмаларды қаржыландырудың өсуін шектеуге және оны одан әрі қысқарту үшін құқықтық негіздер жасауға мүмкіндік береді. Заң жобасында ұсынылған қысқартудан күтілетін нәтиже қазірдің өзінде 30 млрд.теңгені құрайды.

Осы мәселе жөнінде «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Ербол Үстеміров сөз сөйледі.

Спикердің айтуынша, Ұлттық палата мемлекеттік органдармен бірлесіп жүйелі негізде мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын қысқарту бойынша жұмыс жүргізуде. Мәселен, ҚР Президентінің 2019 жылғы 3 шілдедегі № 51 Жарлығымен елімізде 2021 жылдың аяғына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Сонымен қатар, 2019 жылы монополияға қарсы орган «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының орындылығы бөлігінде тауар нарықтарына талдау жүргізді. Соның нәтижесінде Үкіметтің 2019 жылғы 19 желтоқсандағы № 944 қаулысымен 107 қызмет түрін немесе олардың жалпы санының 30,8% - ын алып тастады.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаттары мен дөңгелек үстелдің басқа да қатысушылары осы саладағы заңнаманы жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда, кәсіпкерлікке мемлекеттің қатысуын қысқарту, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына және мемлекеттік органдардың сатып алуына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тауар нарықтарындағы нарықтық шоғырлану деңгейін төмендету, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, тауар нарықтарына кірудің әкімшілік және экономикалық кедергілерін, сондай-ақ бағалық реттеу құралдарын қысқарту бойынша пікірлер айтылды.

Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар мен ескертулер одан әрі жан-жақты пысықталып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырыстарында талқыланады.

 

(М.Мұса - 74-63-04. Мәжілістің Баспасөз қызметі. Суретті түсірген С. Майлыбаев).

 


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.