Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
11.05.2022

Мәжіліс стрестік активтер нарығын дамыту туралы заң жобасын мақұлдады


Нұр-Сұлтан, 11 мамыр, Мәжіліс үйі. Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтіп, онда депутаттар стрестік активтер нарығын дамыту мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады.

Құжаттың негізгі мақсаты стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту және оларды экономикалық айналымға тарту үшін жағдай жасау.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, стрестік активтерге төлеу мерзімі 90 күннен асқан  кредиттермен қатар қайта құрылымдалған кредиттер, өндіріп алынған мүлік және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері жатады.

Жалпы отырыста Палата Төрағасы бұл мәселе Мемлекет басшысы тарапынан екі мәрте, былтырғы Президент Жолдауында және қаңтар айындағы ірі бизнес өкілдерімен кездесуі кезінде көтерілгенін айтты.

- Заң жобасын Мәжіліс қабырғасында талқылау кезінде депутаттар тарапынан экономикамызға оң әсер беретін бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізіліп отыр. Біріншісі, депутаттар кепілдегі мүліктің банк балансында болуына 3 жылдық шектеу енгізілді. Ол – қазіргі кезде ел экономикасына жұмыс істемейтін, көптеген жылдар банктерде пайдасыз жатқан өндірістік нысандар, базалар, жер телімдері және т.б., – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, құны 50 миллион теңгеден асатын активтерді сатып алған инвесторға оны дербес басқаруға рұқсат беру туралы депутаттар тарапынан енгізілген түзетулер бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жұмыс істемейтін стрестік активтерді экономикалық айналымға енгізу, жаңа инвесторлар тарту, қосымша жұмыс орындарын ашу.

- Бүгін осы стрестік активтер саласындағы ахуалды жақсарту үшін бірқатар оңтайлы қадам жасалды деп ойлаймын. Депутаттар Үкіметпен және Агенттікпен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыруы керек, – деді Мәжіліс Спикері.

Жиында Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.

Келісімге сәйкес Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігі мен қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан тарапы Қырғыз тарапына әскери мүлікті өтеусіз беру түрінде әскери-техникалық жәрдем көрсетеді.

Сондай-ақ жалпы отырыста мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.    

Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мүгедектікті, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін белгілеу жөніндегі медициналық-әлеуметтік сараптамадан сырттай өту мүмкіндігін беруге, дәріханалары жоқ ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды денсаулық сақтау ұйымдары арқылы өткізуге бағытталған түзетулер енгізді.

Жиында Мәжіліс Үкіметтің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін жұмысқа алды.

Сонымен қатар Палата комитеттері бірқатар заң жобаларын жұмысқа алды. Олар:  Салық кодексіне енгізілетін түзетулер, азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң жобалары.

Отырыс соңында Ерлан Қошанов депутаттардың өңірлерге сапары басталатынына тоқталды.

- Алдымызда референдум келе жатыр. Бұл саяси науқанның және конституциялық реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіру маңызды. Осы орайда халықпен мазмұнды кездесулер өткізу керек. Өңірлердегі, шалғай ауылдардағы тұрғындарды, барлық әлеуметтік топтарды қамтуымыз қажет. Өйткені, конституциялық реформалар ең әуелі халық үшін жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл өзгерістер не береді, соны жұртшылыққа қарапайым тілмен түсіндіруге тиіспіз. Президент бастамаларының негізгі мақсаты – саяси бәсекелестікті қамтамасыз ету. Бұл елдің саяси өміріне азаматтардың өздері атсалыса алады деген сөз. Алдағы уақытта әр тұрғын ел тағдырына әсер ете алады. Осыны жұртқа дұрыс жеткізу қажет, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Мәжілістің Баспасөз қызметі – 74-63-01. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.