Цвет сайта
Расстояние между буквами
Изображения
22.06.2022

Денсаулық саласының проблемалары мен перспективалары талқыланды


Нұр-Сұлтан, 22 маусым, Мәжіліс үйі. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті  «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асыру барысы туралы. Проблемалары мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Комитет төрайымы Жәмилә Нұрманбетова Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында медицина саласын қаржыландыруға, инфрақұрылымды дамыту, маман даярлау және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударғанын атап өтті. 

– 2020 жылдың 1 қаңтардан бастап енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың қосымша көзі саналады. Бүгінгі таңда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне еліміздің 15,8 миллион азамат қатысуда, – деді комитет төрайымы.

Сондай-ақ Д.Нұрманбетова медициналық көмек көрсету көлемін және медициналық ұйымдармен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлауды жетілдіру, тариф белгілеу, ашық қаржы ағындарын белгілеу қажеттігіне назар аударды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды даму бойынша алдағы жоспарға тоқталды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Басқарма төрағасы Айдын Ашуев бұл жүйені енгізу консультациялық-диагностикалық қызметтердің, компьютерлік, магниттік-резонанстық, позитрондық-эмиссиялық томографияның 5 есе, жоғары технологиялық медициналық қызметтердің 2 есе қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік бергенін айтты.  Медициналық қызмет көрсету сапасының мониторингі тұрақты түрде жүзеге асырылады.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде "РRІMARU HEALTH CARE" ұлттық қауымдастығының президенті Төлебай Рахыпбеков сақтандырылмаған азаматтар үшін бірлесіп төлеу тетігін енгізуді, ал «қазақстандық гематолог-дәрігерлер қоғамы» төрайымы Ирина Пивоварова медициналық қызметтерді жоспарлау және тариф белгілеу әдістемесін қайта қарауды ұсынды.

Өз кезегінде, «Денсаулық баршаға» азаматтық тобының бастамашысы Ерлан Нұрпейісов медициналық қызметтердің сапасын тексеруді жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өз баяндамасында қор мен денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті арасындағы өкілеттіктерді нақты бөле отырып, қаражатты қайта бөлу алгоритмін өзгерту керектігіне мән берді.

Талқылау қорытындысы бойынша комитет дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсыныстары ескеріліп, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді.

Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Денсаулық сақтау министрі,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері, облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басшылары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, сарапшылар қатысты.

 

(Парламент Мәжілісінің Баспасөз қызметі) 


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.