Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің бесінші шақырылымының төртінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

02.09.2014

Сөйленген сөздер мен үндеулер

 

Құрметті Мәжіліс және Сенат депутаттары!

Баршаңызды жаңа парламенттік маусымның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында жылдар бойғы оңтайлы үдерістердің қалыптасуы Парламентіміздің жұмысымен де тікелей байланысты екенін ерекше атап өткім келеді. Парламент алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, халық өкілі ретіндегі өз міндетін абыроймен атқаратынына сенімдімін. Қазіргі таңда біз дамудың ең шешуші сатысы – «Қазақстан 2050» Стратегиясын жүзеге асырудамыз. Бұл құжатты заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету сіздердің айрықша міндеттеріңіз болып табылады. 

Төртінші сессияның өз ерекшелігі бар. Ол өздеріңізге белгілі, 2008 жылғы қазанда сайланған Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты. Жаңа сенаторларды сайлау мерзімі биылғы жылдың 1 қазанына белгіленіп отыр. Еліміздің жоғары заң шығарушы органына 16 өңірден бір-бір депутаттан сайланатын болады. Парламент Сенатына сайлауға дайындық ашық, жария түрде өтіп жатыр және қоғамда шынайы қызығушылық тудырып отыр. Халық арасында саяси белсенділік пен құқықтық мәдениет артып келеді. Сондықтан біздің алдымызда әділ және ашық сайлау өткізу міндеті тұр. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, Конституцияның нормалары мен қағидаттарын сақтау Қазақстан Республикасының тұрақты демократиялық дамуының кепілі болып табылады. Осыны естен шығармағанымыз абзал.

 

Құрметті депутаттар!

Парламенттің жаңа сессиясы оңай емес жағдайларда басталып отыр. Әлемдік экономикадағы болжамсыздық сақталып қалуда. Геосаяси, оның ішінде, Украинадағы оқиғаларға орай халықаралық қатынастардың күрделенуімен байланысты тәуекелдер тереңдей түсуде. Жалпы алғанда, әлемдік ІЖӨ-нің 60 пайызын өндіретін мемлекеттер бір-біріне қарсы өзара санкция қолданды. Осының барлығы қалыптасқан экономикалық қатынастар мен әлемдік тәртіпке айтарлықтай түзетулер мен өзгерістер енгізетін болады. Бұл біздің әріптестеріміздің экономикасы өсімінің төмендеуіне алып келсе, мұның бізге де кері ықпалы тиеді. Сондықтан экономиканың ықтимал теріс сын-қатерлерінің, халықтың әл-ауқаты мен Қазақстанның қауіпсіздігінің алдын алу үшін барлығын да істеу маңызды. Менің тапсырмам бойынша бұл жұмыстармен Үкімет айналысып жатыр.  

Бүгінде ашылған «мүмкіндіктер терезесін» ұтымды пайдалану үшін Парламент пен Үкіметтің үйлесімді жұмысы қажет.  Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруімен байланысты басты міндеттердің бірі – әкімшілік реформаларды жалғастыру мен кәсіби және шағын мемлекеттік аппараты бар тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құру. Өздеріңізге белгілі, қазірдің өзінде Үкіметтің жаңа құрылымы туралы шешім жүзеге асырылды. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді шектеу туралы Жарлыққа қол қойылды және жүзеге асырылуда. Бұл мемлекеттік аппараттың жұмысындағы көпсатылық пен қосарлануды қысқартуға мүмкіндік береді. 

Осы үдерістің негізіне төмендегі қадамдар алынған.

Біріншіден, бүгінгі экономикалық жағдайларда Үкімет әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша стратегиялық мәселелерге назар аударуы тиіс. Министрліктерге заңастылық актілерді – түрлі ережелерді, нұсқамаларды және т.б. қабылдау бойынша компетенцияны беру қажет. Әр министр өзі басқаратын саласына қажетті барлық өкілеттіктерге ие болуы және қабылданған шешімдер үшін толықтай жауапкершілікті мойнына алуы тиіс. Бұл талапты заңнамалық тұрғыдан реттеу керек.       

Екіншіден, министрліктердің комитеттеріне бақылау және жүзеге асыру функцияларымен қатар, тиісті салаларда мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды қамтамасыз ететін шешімдер қабылдау бойынша өкілеттіктер беріледі. Саланы тиімді реттеуді қамтамасыз ету үшін орталықтандырылған бақылау бойынша комитеттердің бұрынғы функциялары аумақтық органдарда сақталуы тиіс. Мәселен, энергия қадағалау саласында 2015 жылдың 1 қаңтарынан біз қуаттың біртұтас нарқын қалыптастыруға көшеміз. Сондықтан энергетика жүйесін бақылау орталықтандырылған негізде жүзеге асырылуы керек. Кейбір басқа маңызды салаларда да бақылау мен қадағалау орталық деңгейде қалуы тиіс. Мұны мен өзімнің Жарлығыммен айқындадым. 2017 жылдан міндетті медициналық сақтандыру қорын құрып, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметке ақы төлеу комитетін трансформирлау қажет. Қазір жұмыс істеп тұрған Денсаулық сақтаудың біртұтас ұлттық жүйесі аталған қор үшін арқау болады.

Үшіншіден, әкімдіктер өңірлер деңгейінде тиімдірек жұмыс істеп тұрған функцияларды беруі қажет. Бұл, бірінші кезекте, жергілікті маңыздағы функциялар. Мұның пайдасына кең көлемді халықаралық тәжірибе де дәлел. Оның үстіне, бір функция тек бір мемлекеттік органға ғана бекітіп берілуі тиіс. Бірін бірі қайталау болмауы керек. Орталық мемлекеттік органдар заңнамалық барлық нормалардың бақылау және қадағалау сапасы төмендемеуін назардан шығармауы тиіс. Ауыл шаруашылығы бойынша да жергілікті билік органдарының өкілеттік ауқымын кеңейту қажет деп санаймын. Функциялар мен тиісті мамандар штатын беру арқылы әкімдіктердің ветеринарлық бақылау саласын  нығайтуды қамтамасыз ету де маңызды.

Халыққа жылумен қамтамасыз ету саласында қызмет көрсетумен байланысты жекелеген функцияларды да әкімдердің қарауына еш ауырсынусыз беруге болады. Мысалы, жылумен қамтамасыз ету нысандарының жұмыс істеуі мен жылыту маусымына дайындығы мәселелері толықтай жергілікті әкімнің қолында болуы тиіс. Сонымен бір мезгілде, функцияларды жергілікті органдарға беру – бұл тек оларды үлкен өкілеттіктермен жарылқау емес. Бұл – олардың барлық мақсатты көрсеткіштерді жүзеге асыруы мен қол жеткізуі үшін жаңа жауапкершілік.

Төртіншіден, өкілеттіктерді шектеу шеңберінде мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес секторға беру бойынша жұмыстарды жалғастыру керек. Бұл функцияларды көптеген елдерде өзін өзі реттейтін ұйымдар жүзеге асырады. Бұл үшін сондай тәуелсіз ұйымдар желісін құруға кірісу қажет. Мен мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді шектеу бойынша менің Жарлығымда пайдаланылған тек негізгі қадамдарға ғана тоқталдым. Үкіметке осы айда Парламентке аталған Жарлықты жүзеге асыруға бағытталған тиісті заң жобасын енгізуді тапсырамын. Бұл заң жобасын қарауды шұғыл ету қажет.

 

Құрметті депутаттар!

Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі бойынша міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде әлемдік жетекші тәжірибені есепке ала отырып, құрылымдық реформалар бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Негізгі мақсат – бизнесті жүргізуге барынша оңтайлы жағдай жасау, инвестициялар ағынын ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру.

Мен заң шығармашылық жұмыс жүргізу қажет болатын құрылымдық реформалардың мынадай бағыттарын көріп отырмын.

Бірінші. Жаңа заманның кодекстері – Кәсіпкерлік және Азаматтық процестік кодекстерді қабылдау үдерістерін аяқтау қажет.

Екінші. Тиімді инвестициялық қызмет үшін арбитражды толыққанды дамыту қажет. Қазір инвесторлар, әсіресе, шетелдік инвесторлар туындаған таластарды шешу үшін шетелдік арбитраждық инстанцияларға қайырылғанды жөн көретіні құпия емес. Бұл біздің сот жүйемізге және оның шешімдеріне сенімнің аз екенін көрсетеді. Қалыптасқан халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін отандық арбитражды дамыту бойынша шаралар кешенін қабылдау мүмкіндігін қарастыру қажет. Үкіметке 2015 жылдың 1 сәуіріне дейін Парламентке Арбитраж туралы біртұтас заң жасап, енгізуді тапсырамын.

Үшінші. Халық пен бизнеске мемлекеттік қызмет көрсетуді оңайлату қажет. «Электронды үкімет» функционалын кеңейту керек. Үкіметке 2017 жылға дейін барлық қолданыстағы мемлекеттік жүйелер мен деректер базасын «Электронды үкімет» платформасына интеграциялауды тапсырамын. Заңды тұлғаларды тіркеуді одан әрі жеңілдету жолымен жүру керек. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік субъектілерін жою процедураларын да қарапайымдандырған жөн. 2016 жылдың 1 қаңтарынан инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатын қолдануды кеңейту міндетін қоямын. Басым жобалар бойынша инвестициялық келісімшарттар жасасқан инвесторлар үшін бұл қағидат 2015 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істей бастауы тиіс.

Төртінші. Рұқсаттар мен ескертулер беруді электронды пішінге көшіру бойынша жұмыстарды жалғастыру керек. 2015 жыл бойына Үкімет рұқсаттар санын 50 пайызға қысқартуы тиіс. Сондай-ақ, бизнесті тексеру санын айтарлықтай азайту қажет.

Бесінші. Кедендік процедураларды барынша оңайлатқан жөн. 2015 жылдың 1 қаңтарынан кедендік бақылау кедендік тазалау кезеңінен тауарлар шығарудан кейінгі кезеңге ауыстырылатын болуы тиіс. Үстіміздегі жылдың соңына дейін отандық экспортшыларды қолдау мақсатында жүк тасымалы құнын, кедендік ресімдеу мен оларды сақтауды бақылау мерзімдерін қысқарту бойынша шаралар дайындау керек.

Үкіметке сәйкестіктің халықаралық сертификаттарын тану бойынша Кеден одағына техникалық реттеудің біртұтас қағидаттары мен ережелері туралы келісімге өзгерістерге бастамашылық жасауды тапсырамын. Бұл біздің кәсіпкерлеріміздің шығындарын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.  

Алтыншы. Реформа жүргізу кезінде біз халық күн сайын кездесіп тұратын проблемаларды ұмытпауға тиіспіз. Заңнамаларға ревизия жүргізіп, құжаттарды нотариалдық растаудағы талаптарды барынша азайту қажет деп санаймын. Жұмысқа орналасқанда, шетелге шыққанда және жүргізушілік куәлік алғанда талап етілетін анықтамаларды халыққа «бір терезе» қағидатымен беруді қарастыру керек. 2015 жылдан бастап коммерциялық мақсатта қолданылмайтын, пайдалану мерзімі 7 жылға дейінгі жеке автокөлікті техникалық байқаудан өткізуді, сондай-ақ көлік құралын басқаруға берілетін сенімхатты жою қажет. Үкімет құрылымдық реформалар бойынша негізгі заңнамалық өзгертулерді Кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттарын түбегейлі жақсарту мәселелері жөніндегі заң жобасында ескеруі тиіс. Үкіметке аталмыш заң жобасын үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Парламентке енгізуді тапсырамын. Оны қарау басымдыққа ие деп жариялаймын.

 

Құрметті депутаттар!

Бүгінде құқықтық салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күреске бағытталған бірқатар реформалар жүргізілді. Бірақ олар жеткіліксіз. Үстіміздегі жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын қабылдау қажет. Мемлекет қызмет өкілеттігін жеке мақсаттарға пайдалану тиімсіз әрі мүмкін емес болатындай жағдайлар жасауы керек. Ол үшін осы жұмыстағы әлемдік озық тәжірибелерден үйренген жөн. Қазіргі уақытта халықтың табыстары мен шығыстарын жаппай декларациялауға көшу бойынша заңнамалық өзгертулер енгізуге дайындық жүргізілуде. Декларациялауды толық енгізу 2017 жылдан бастап қамтамасыз етілуі тиіс.

Мемлекеттік сатып алулар саласында неғұрлым жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сақталуда. Кәсіпкерлер проблемаларын шешу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету үшін 2014 жылдың соңына дейін Үкімет жаңа редакциядағы «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуі керек. Оның сыртында төртінші сессия барысында келесі заң жобаларын басымдықта қарау қажет.

Бірінші. Жер қойнауын пайдалану мәселелері жөніндегі заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Оны қабылдау жер қойнауын пайдалану құқын алу процедураларын айтарлықтай жеңілдетіп, әкімшілік кедергілерді төмендетуді, шешімдер қабылдаудың мөлдірлігін қамтамасыз етеді.

Екінші. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту айрықша маңызға ие болуда. Бүгінде АӨК-те шамамен 7 мыңдай ірі агроқұрылымдар, 184 мың ауылшаруашылық тауар өндірушілері және 2 миллиондай адам жұмыс істейді. Тек үстіміздегі жылы ғана саланы дамытуға 302 миллиард теңге, оның 40 миллиард теңгесі қайтарымды негізде, қарастырылды. Мемлекет беретін субсидиялар көлемі жыл сайын өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда субсидиялар көлемі екі есе дерлік – 88,7 миллиард теңгеден 156 миллиард теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері агробизнестің 6,6 мыңнан астам субъектісі 72,5 миллиард теңгеден астам сомада несиелер және лизинг түрінде қаржылай қолдау алды. Ұлттық қордан бөлінген 100 миллиард теңгенің 25 миллиарды өңдеу өндірісі жобаларына бағытталатын болады. Қаржының тиімді жұмсалуына қатаң бақылау мен есептілік қажет.

Бүгінде АӨК-ті дамыту да заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді. Үкімет АӨК-тегі өнімділікті арттыру үшін салықтық заңнамаға өзгертулер блогын әзірледі. Осы күзде бұл заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілуі тиіс. Сондай-ақ Үкіметке үстіміздегі жылдың соңына дейін «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» заң жобасын әзірлеуді тапсырамын.

Үшінші. Бүгінде білім берудің автономиялы ұйымдарын академиялық басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасы Парламент қарауында жатыр. Үкімет пен депутаттар бұл мәселеге мұқият қарауы тиіс. Бізде білім беру мекемелерінің басшылары бұл реформаны бақылау болмайтын, не істегісі келсе, соны істеу мүмкіндігі деп түсінбеуі керек.

Төртінші. Үкіметке осы жылдың қыркүйегінде дуалдық жүйені ескере отырып, кәсіпорындарда міндетті өндірістік тәжірибеден өтуді қарастыратын білім беру мәселелері бойынша заң жобасын Парламентке енгізуді тапсырамын.

Бесінші. Халықтың көші-қон мәселелері туралы заң жобасы да басымдықты түрде қарауды талап етеді. Үкіметке осы заң жобасын үстіміздегі жылдың соңына дейін сіздердің қарауларыңызға енгізуді тапсырамын.

 

Құрметті депутаттар!

Өздеріңіз көріп отырғандай, Парламентке жұмыс көбейіп отыр. Бірақ мұның бәрі елдің табысты дамуы үшін қажет. ХХІ ғасырдың сын-қатерлері мемлекеттік биліктің барлық институттарының белсенді және үндескен қызметін талап етеді. Біз бәріміз – мен, Үкімет, Президент Әкімшілігі, барлық атқарушы органдар – күн сайын интенсивті режімде жұмыс істейміз. Сондықтан, сіздерге жазғы кезеңде де, сол сияқты жыл бойына да депутаттық каникул уақытын қысқарту мүмкіндігін қарастыру жөнінде өтініш білдірмекпін. «Нұр Отан» партиясының фракциясы бұл мәселені сіздермен бірге мұқият зерттейді деп ойлаймын. Оның үстіне мен бұл тақырыптың сіздердің араларыңызда бірнеше мәрте талқыланғанын білемін және ол бойынша маған өтініш түскен кездер де болды. Мұндай шешім депутаттық корпустың бүкіл мемлекеттік органдармен бірге халық игілігі үшін ырғақты және бір деммен жұмыс істеуіне жағдай жасар еді.

Бүгінде біздің алдымызда қиын міндеттер тұр. Бізге шешімдер қабылдауда кешігуге болмайды. Уақыт қыса түсуде және бізден іс-қимылымызды жеделдетуді талап етуде. Бүгінде экономикалық саясатты туындайтын тәуекелдерді, өзгермелі геосаясатты және пайда болатын жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып қалыптастыру қажет. Дамудың қол жеткен деңгейін сақтаудың, өндірістің мүмкін деген құлдырауының және халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің төмендеуінің алдын алудың маңызы зор. Бұл барлық деңгейлердегі әкімдердің де міндеті.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет экономиканың оптимистік және пессимистік даму сценарийлерін басшылыққа ала отырып бірқатар шараларды әзірледі. Бізде қазірдің өзінде елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты іс-қимыл жоспары бар. Дамудың мүмкін деген барлық нұсқаларында да Үкіметке мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруды қысқартпау тапсырылды. Бұл өте маңызды! Біз халықтың әл-ауқатын тұрақты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті ресурстарға иеміз.

Тағы бір маңызды мәселе – ол алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу. Үкіметке соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық көмек көрсетуді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бірде-бір ардагер мемлекет назарынан тыс қалмауы тиіс. Сондай-ақ, ардагерлердің Астана мен Мәскеудегі мерекелік іс-шараларға бару жолы мен тұру шығындарын төлеуді де қарастыру қажет.

 

Құрметті депутаттар!

Мен атап өткендей, бір айдан соң, 1 қазанда, кезекті сайлау барысында Парламент Сенатының құрамы үштен бірге жаңаратын болады. Бүгін мен өкілеттілік мерзімдері аяқталатын сенаторларға кәсібилігі мен белсенді жұмыстары үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан Парламенті – құқықтық мемлекет негіздерінің бірі, біздің қоғамымыздағы тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің берік тіректерінің бірі. Баршаңызды төртінші сессия жұмысының басталуымен тағы да құттықтаймын. Мемлекет пен Қазақстан халқының игілігі үшін жемісті заң шығарушылық жұмыстар тілеймін!