Измухамбетов
Бактыкожа
Салахатдинович

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
КИЕСІ мен ИЕСІ

КИЕСІ мен ИЕСІ

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бас кезінде сол кездегі қазақ елінің астанасы Орынбор қаласына сонау Еуропаның Варшава қаласынан Александр Викторович Затаевич деген азамат жер аударылып келді. Төңкеріске дейін Польша Ресей мемлекетінің қол астында болған. Ал Александр Затаевич Польшаның астанасы Варшава қаласының вице-губернаторы болып жүрген жерінен большевиктер билігі орнағаннан кейін ол өзі бұрын мүлде естіп-білмеген қазақ даласына жер аударылады. Табиғатында жан баласын жатырқап көрмеген қазақтар оны құшақ жая қарсы алып, көмектерін аямайды. Александр Викторович музыка десе ішкен асын жерге қоятын аса зиялы адам болып шықты.



         Жас республиканың құрылуы 1920-1922 жылдардағы атақты мешін-тауық жұты мен аштығына тұстас келсе де бұрын естіп-көрмеген қазақ деген аржайы халықтың ұлт­тық музыкасына таңғалып, тамсана түскен Александр Затаевич күн демей, түн демей қазақтардың соңынан қалмай жүріп, ән-күйлерімізді жинап, нотаға түсірумен айналысады. Соның нәтижесінде қазақ халқының «Бір мың ән-күй» және «Бес жүз ән-күй» деген теңдесі жоқ қос еңбекті дүниеге әкеледі. Ол осы ұшан-теңіз еңбегін жаяу-жалпылап жүріп Ахмет Байтұрсынов бастаған зиялылардың, студент­тер мен оқушылардың, қарапайым қазақ ерлері мен әйелдерінің аузынан ерінбей-жалықпай жазып алады.

    Мен бұл әңгімені неге айтып отырмын?! Егер Алланың әмірімен аса қадірменді, Қазақстанның халық әртісі Александр Викторович Затаев­ич тіріліп келіп, сонау жиырмасыншы жылдары тындырған ұлы ісін әрі қарай жалғастырамын десе, мен ойланбастан ең алдымен Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовке ертіп апарып таныстырар едім. Өйткені елдің санасынан өшіп, ұмытылуға айналған 60-шы, 70-ші, 80-жылдардағы казақ композиторларының әндері мен күйлерін түгелдей дерлік жатқа біліп, домбырамен, гитарамен нәшіне келтіріп орындап беретін бірен-саран құйма көкірек қазақ болса, соның біреуі де, бірегейі де Бақтықожа Салахатдинұлы десем, артық айтқандық емес. Оның қою баритон дауысы, әндер мен күйлердің шығу тарихын айтатын шежірешілдігі қайран Александр Викторовичке бірден ұнар еді. Бәкеңнің өлең мен жырға зеректігі, ән мен күйге құлағының серектігі кім-кімді де таңдандырмай қоймайды. Асылы жөргекке шыр етіп түскен сәбидің өскенде кім болатыны туған ұясына байланысты дейтін аталы сөзге иланған абзал. Оның ресми өмірбаянына ойша көз жүгіртсек әлгі пікірге толықтай жауап табуға әбден болады. Себебі Бақтықожа Салахатдинұлының өскен ортасы қазақ зиялыларының әулетінен. Атасы ел ішінде аса беделді, Уфадағы атақты «Ғалия» медресесінде оқыған діндар адам болған. Әкесі Салахатдин – тарих пәнінің мұғалімі, кейіннен мектептің директоры қызметін атқарды. Оның мол кітапхана жинаған оқымысты, елге сыйлы адам екенін көнекөз қариялар әлі күнге дейін еске алып отырады. Ал анасы Әсима апаны біз де көрдік. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жасы ұлғайса да сұңғақ бойлы денесін тіп-тік ұстайтын, ажарлы бекзат адам еді. Қыз кезінде елді аузына қаратқан дәулескер күйші, күміс көмей әнші болған дейді. Алайда атасы оқымысты, молда адам болғандықтан, табалдырықтан оң аяғымен ат­таған Әсима келін жасауымен бірге келген қара домбырасын қолына ұстамай, ұзақ уақыт керегеге іліп қояды. Атасы жарықтық ескі кітаптардан көз алмайтын оқымысты адам болса да отбасына жайлы адам екен. Бұл үйдің балалары Құранды, хадистерді, ескі аңыз-әңгімелерді аталарының аузынан естіп, құлақтарына құйып өсіпті.
Ізмұхамбет ақсақал – жиырмасыншы жылдардағы кәмпескеге ұшырап, Кеңес өкіметінің қуғын-сүргінінің кұрбаны болып туған жерден жырақта, Ресей жерінде ұзақ жүріп қалса да балаларын отаншылдық сезімге тәрбиелеген тақуа жан. Ал әкесі Салахатдин балаларын өз елінің тарихы мен әдебиетін сүйіп өсуге тәрбиеледі. Бір таңдана назар аударатын мәселе Салахатдин аға мен Әсима апайдың бауырынан өскен Бақтықожа бастаған он баланың барлығы да өнерлі – әнші, музыкант. Сірә, Әсима анамыз өз балаларын бесікте жатқанда қазақ күйімен, халық әнімен әлдилеген болуы керек. Аяулы анамыздың жасы ұлғайған шағында күй тартқанын талай тыңдағанбыз, табиғатынан сұлу, сымбат­ты адам күй орындаған кезде ерекше нұрланып кететін. Әсима апай ұлы Дина Нұрпейісованың дәстүріндегі ғажайып күйші еді. Әсима Ізмұхамбетова қазақтың күй өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан күйші. Ол кісінің арқасында Құрманғазының «Көк ала ат», «Қара жігер», Динаның, Мәменнің бірнеше күйлері нотаға түсіріліп, қазақ музыкасының алтын қорына қосылған қасиет­ті жәдігерге айналды.

        Мен өз басым ұлт­тық тәрбие деген ұғымға аса мән беремін. Соның жарқын бір мысалы – біз қадірлеп құрмет тұтатын Бақтықожа Салахатдинұлының өмір жолы. Қазақ жақсы адамға үнемі өскен орта, алтын ұя деген қасиет­ті сөздерді көп бағыштайды. Осы сүт­тей ұйыған отбасындағы тәрбиеге мектептен алған білімді коспауға болмайды. Өйткені осы екеуі бір-бірімен тығыз байланыстағы дүние. Тәрбиелі адамға терең білім ауадай қажет. Бірінен-бірін ажыратып қарамау ләзім.

        Мектепте Бақтықожа Ізмұхамбетов қатарының алды, үздік әрі белсенді оқушы саналды. Мектепте, ауданда, облыста, республикада математик бала атанды. Талай рет облыстық, республикалық математика олимпиадасында үздік шығып, марапат­талып жүрді. Алайда ол математикаға деген сүйіспеншілігімен бірге поэзияға да ерекше ықыласты еді. Мектепте оқып жүргенде оның балаң жырлары аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып тұратын…
        Мына қызықты қараңыз, мектепті үздік бітірген Бақтықожа Ізмұхамбет­ов Уфаның мұнай-газ институтына оқуға түседі. Сол жылы қазақтың бір топ ақын-жазушылары Уфа қаласына келіп, әдеби кеш өткізеді. Осы кеште бірінші курс студенті Бақтықожа да өзінің өлеңдерін оқиды. Мінберден түсіп бара жатқанда дудыраған бұйра шашты, жұқалтаң жігіт Бақтықожаны қасына шақырып алып, «бауырым, жан-жүрегің ақын екен, сенен үлкен азамат шығады» дейді.
        Сөйтсе, бұл жақында ғана өзі «Лениншіл жас» газетінен оқыған:
Аруана жаудың қолына түссе, ботасын шайнап өлтіріп, Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп, Жеріне тартып отырады екен, моншақтап жасы боздаумен, Омырауын шерге толтырып… – деп келетін құдыретті өлеңнің авторы Төлеген Айбергенов деген атақты ақын екен.
        Бар болғаны 29 жыл өмір сүрген ұлы ақын соңынан ерген інісінің кім болатынын айқын болжап кеткендей ме, қалай?!
        Жалпы, біз соғыстан кейін дүниеге келген ұрпақ – бақыт­ты ұрпақпыз. Ата-әженің мейірімін, әке-шешенің тәрбиесін сезініп, алтын ұя мектептен білім алып, жоғары білімге қол жеткізіп, әркім өз мамандығы бойынша еліне, Отанына қызмет етіп жатыр. Бақтықожа Салахатдинұлы да сондай бақыт­ты ұрпақтың бірі. Тек әкесінен ерте айырылып, тұрмыстың тауқыметін жас шағында көбірек көргені болмаса, өмірге өкпесі жоқ деп ойлаймын. Уфадан оқу бітіріп келген бойда Атырау мұнай зерт­теу институтына инженер болып орналасқан күнінен бастап тағдыр оны жақсы адамдармен аралас- құралас, дос-жаран ет­ті.
        Құдайға шүкір, күңгірт күндерінен жарқын күндері көп өмірде ол талай биіктерге қол жеткізді. Сонау 80-жылдары Иемен елінде мұнайдың білікті маманы ретінде еңбек ет­ті. Сол кезде Бақтықожа Салахатдинұлы басқа жұртқа қазақ мінезінің қандай болатынын көрсете білді және мойындат­ты. Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған айбарлы шағында 1986 жылғы көтеріліс Иемендегі азғантай қазаққа төбеден жай түскендей әсер ет­ті. Елдегі болып жатқан жағдайға алаңдау, уайым шегу өз алдына, ұжымдағы басқа жұрт­тың қазақтарға көзқарастары түгел өзгерді. Біртүрлі күдікпен қарай бастады. Ақырында басшылары: «Бұл Кеңес өкіметі үшін сұмдық оқиға, қазақ ұлтшылдығына қарсымыз деп мәлімдеме жасаңыз», – деп талап ет­ті. Міне, сол сәт­те, Бақтықожа Салахатдинұлы: «Жоқ, өз ұлтымды кінәлай алмаймын, егер мені коммунист ретінде жазалаймын десеңдер, өздерің біліңдер», – деп тұрып алды.
Қазақы тәрбие, қазақы мінез дегеніңіз – осы болса керек. Соңыра, жас коммунистің бұл қылығын жаратпаған адамдар үндемей теріс айналды, алайда басқа әрекетке бармады.
Менің дәтке қуат деп іштей қуа­натыным – досымның бір қалыппен қызмет баспалдағында үнемі өсіп келе жатқандығы. Тоқсаныншы жылдары Атыраудан Алматыға жұмыс ауыстырып, Геология Министрлігі басқарма бастығы болып келуі, соңыра тұңғыш рет «ҚазақТүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнын құрып, соны басқарды. Ерекше қабілетінің арқасында аз уақыт­тың ішінде түрікше судай ағып сөйлеп кеткен басшы бірлескен кәсіпорынның өркендеп өсіп, экономикамызға қыруар табыс әкелуіне себепші болды.
Тоқсаныншы жылдар Қазақстан экономикасы үшін қиын болғаны белгілі. Ал қазақ мәдениетінің жағдайы әбден кұлдырап кеткен осынау қиын тұста Бақтықожа Салахатдинұлы сияқты азамат­тар өзіне ат басын тіреп келген жазушыларға, әртістерге, суретшілерге, музыкант­тарға қол ұшын беруден тартынған жоқ. Түркиядан елге оралып, Алматыға қоныс тепкен Халифа Алтай ағамыздың «Ата жұрт­тан Анадолыға дейін» деген қазақ­тың басынан кешкен ауыр кезеңін тілге тиек еткен кітабының жарыққа шығуына Бақтықожа Салахатдинұлы көмектесіп еді. Біздің Асанәлі Әшімов, Қадыр Мырза-Әлі, Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсын­ова, Мырзатай Жолдасбеков, Ақұштап Бақтыгереева, Қайрат Жұмағалиев, Ғафиз Есенов сияқты көрнекті зиялыларымыз сол тоқсаныншы жылдары Бақтықожа Салахатдинұлымен жақын танысып, жақсылығын көп көрген…
        Ол тәуелсіздігіміздің заңғар тұлғасына айналды. Екі облысты басқарды, Энергетика және минералдық ресурстар министрі болды. Екі рет Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, төрағасы сияқты мәртебелі лауазымдарды атқарды.
Өндірістен қол үзбей жүріп, техника ғылымдарының докторы атағын қорғап шықты. Сонау бала кезгі құштарлығымен өзі үшін әдемі өлеңдер жазды.
Ақын Бақтықожа Ізмұхамбетов «Өмір ғой соның барлығы», «Қоршаса ойлар», «Жыр жолымен», «Шақырса шабыт», «Өмір бәйге», «Көңіл толқуы», «Мотивы вечнос­ти» сияқты жеке жыр жинағының авторы.
        Өлеңдерінің біразына әсерлі де сазды әндер жазылған. Ол әндерді Жұбаныш Жексенұлы, Елена Әбдіхалықова, Тамара Асар, Зат­тыбек Көпбосын сияқты әншілер сахнада шырқап жүр.
Айтпақшы, Бақтықожаның ата-анасы 1959 жылы қоныс аударып, Атырау облысының Махамбет ауданындағы Сегізінші ауылына көшіп келеді. Сол жылы бесінші сыныпқа барған Бақтықожа бидай өңді, әп-әдемі талдырмаш қызбен танысады. Ол – бүгінгі Бақтықожаның құдай қосқан қосағы Рысты Тұрғарина есімді салиқалы ханым. Салауат есімді ұлдың, Айгүл сынды қыздың анасы – Айбек есімді немеренің Жанар келіннің, Ақбота шөбересінің сүйікті әжесі.
        Мұның бәрі – қоғам және мемлекет қайраткері Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтей азамат­тық келбеті көркем биік тұлғаның біз байқаған белестері. Бір ғажабы ол осы күнге дейін өзінің қарапайым мінезінен айныған емес. Сондықтан да өзгелерден сәл сезімталдау, сәл мейірімділеу, сәл парасат­тылау, сәл оқшаулау көрініп, нұрлы жүзінен зиялылықтың шапағаты төгіліп тұрады.

 

Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
жазушы