Сатыбалдин
Ерболат
Жалгасбаевич

Член Комитета по вопросам экологии и природопользованию Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Джут в области Ұлытау (на государственном языке)

2024 жылдың 3 сәуірінде жарияланды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

О.А. Бектеновке

Депутаттық сауал

Құрметті Олжас Абайұлы!

Мен бүгін Сізге Арқадағы қалың елдің мұңын жеткізбекпін.

Арқада мал қырылды, қырылмағаны, көтерем болып, терісіне ілініп, ұзын сарыға кірді. Ірі шаруаларды айтпағанда, шағын ауылдардың өзінен 100-ден астам жылқы құлаған. Ауыл  тұрғындары бағып отырған малдарының жұтқа ұшырады деп дабыл қаққанына  ай жарымнан асты. Тек қана Қаражалдың өзінде – 566 бас жылқының өлексесі жиналды. Жиналмай дала шашылып жатқаны қаншама?!

 Жұт тек Ұлытау жерінде ғана емес, Ақмола, Қарағанды облыстарын да шарпыды.  Мұндай қыспақ жылда соқпайды, осындай ауыр жағдайға қалған елге дер кезде мемлекеттен қолдау қажет еді. Жедел көмек беретін уақыттан кеш қалдық. Жайылымдық тебіндерді аршып, жем-шөп таратып, мал басын алып қалуға жасаған әрекет мардымсыз, шала болды.

Қыстың ортасында жауған жауынды болжап, күні бұрын біліп отырған жауапты мемлекеттік мекемелер  бола тұра, табиғаттың қауіпті және дүлей құбылыстарының арты мұз құрсауға соғатыны туралы шешім жасап, жергілікті әкімдіктерге ескерте алмады. Мемлекеттік бақылау мен реттеудің салғырттығын осыдан да көрсек болады.

Әріптесім, Аманжол Әлтайдың жұт туралы айтқан жанайқайына Ауыл шаруашылық министірлігі «малдың жаппай өлімі фактілері жоқ, Ұлытау облысында 67 жылқы малы өлімі тіркелді» деп аузын қу шөппен сүртіп, шаруалардың өзін кінәлаудан әріге бармады.

Мал жайын қалың елдің арасына барып, білудің орнына комиссия жіберіп, өлексе санаумен шектелді. Үкіметтің бұл тірлігін Арқа жұрты "Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына» балап отыр.

Кешегі COVID-19 нәубеті келгенде Жаңаарқаның шаруалары бал қымызы мен шипалы саумалын Астана мен Қарағанды облысының ауруханаларына тегін жеткізіп, науқастардың сауығып кетуіне көмектесіп, пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлерге күш-қуат бергенін қалайша ұмытамыз?!

Сары қымыз сапырған сәнді келіншектер қымызды күбіге құйып, күрпілдетіп пісіп, бір уақытта он мың литр қымыз дайындап, Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Қазақтың дәстүрін әлемге паш еткен Жаңаарқаға мұндайда қол ұшын созу, білген адамға - міндет еді ғой?!

«AMANAT» фракциясы шаруалардың қиын мәселесіне бей-жай қарай алмайды.

Жұтап қалған елдің еңсесін көтеру мақсатында:

Зардап шеккен шаруа қожалықтары мен өлім-жітімге ұшыраған мал басы санағын жүргізу және шаруа қожалығы жоқ ауыл тұрғындарының тіркеуде болмаған малдардын санаққа енгізуге рұқсат беру үшін ел аузында «зеленый корридор» деп аталып кеткен «жасыл дәліз» ашу.

Жылқы малының жаппай қырылуына байланысты Ұлытау облысында төтенше жағдай жариялау.

Жұттан титықтаған шаруаларға қолдау ретінде ауылшаруашылық мақсаттарға алған несиелеріне кешірім жариялау.

Мал өлекселерін жою жұмыстарын жүргізе отырып, малдарға жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын да мемлекет есебінен ұйымдастыру қажет.

«AMANAT» партиясы

фракциясының мүшелері

Е.Сатыбалдин  

А.Әлтай                                                                                       

«Ақ жол»

Қазақстан Демократиялық партиясының фракциясының мүшесі

 

Е.Бейсенбаев