Сайт бояуы
Әріп арасындағы қашықтық
Суреттер
05.12.2019

Мәжіліс депутаттары Түркістанда халықты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады


 

 

Нұр-Сұлтан, 5 желтоқсан, Мәжіліс үйі. Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары Оңтүстік өңірдегі көне қалалардың бірі Түркістанда болып, кәсіби заң көмегінің жай-күйімен танысты.

Шараның басты мақсаты - халықты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің көшпелі отырысына осы өңірдің, Шымкент қаласының, сондай-ақ, Жамбыл, Қызылорда облыстарының заң және құқық қорғау саласы қызметкерлері қатысты. Жиынға басшылық еткен бейінді комитет төрағасы Нұрлан Әбдіров атап өткендей,  басты міндет– өткен жылы Мемлекет басшысы қол қойған «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңның жергілікті жерлерде жүзеге асырылуын назарға ала отырып, білікті заң көмегін көрсету жүйесін одан әрі дамыту, заң көмегін көрсету саласын жетілдіру аясында заңнамалық жаңалықтардың практикалық маңызын түсіндіру, заң консультантары институтын одан әрі жетілдіру, адвокатура мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру.

Еске сала кетсек, аталған Заңмен заң көмегін көрсететін субъектілердің жауапкершілігін көтеру мақсатында сапасыз заң көмегін көрсеткені үшін оларды жауапкершілікке тарту тәртібі қайта қарастырылды.

Заңмен құрамында 6 адвокат, қоғамның 3 өкілі және отставкадағы 2 судья бар тәртіптік комиссиялардың екі деңгейлі жүйесі көзделген, бұл азаматтардың шағымдарын объективті және жан-жақты қарастыруды, ашықтық пен айқындықты қамтамасыз етеді.

2020 жылдан бастап адвокаттардың, заң консультанттарының кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізіледі, бұл сенім білдірушілерге білікті заң көмегін алуға және сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда келтірілген зиянды өтеуге кепілдік береді. Сондай-ақ, әлеуметтік және қаржылық қиын жағдайдағы азаматтар үшін адвокаттан немесе заң консультанттарынан, өзінің құқықтық жағдайын толық сүйемелдеумен ақысыз заң көмегін алу көзделген.

   Айта кетерлігі, жыл бойы осы және басқа заң талаптарының орындалу деңгейіне қатысты арнайы мониторинг жүргізілген.

Отырыс барысында осы мониторингтің қорытындысы жарияланып, ашық пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Оның барлығы алдағы уақытта Парламент Мәжілісінде өтетін Үкіметтік сағатта және келесі жылға жоспарланған парламенттік тыңдауда тақырпқа арқау болмақ. 

 

 

 (ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Баспасөз қызметі)


Любое использование материалов допускается при наличии ссылки на официальный сайт Мажилиса Парламента Республики Казахстан.