ҮШІНШІ САЙЛАНҒАН

ҮШІНШІ САЙЛАНҒАН

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПАРЛАМЕНТІ

 

Үшінші сайланған Парламенттің бірінші

сессиясын ашардағы   Қазақстан Президенті

 Н.Назарбаевтың сөзі

 

Құрметті депутаттар және шақырылған  азаматтар!

Қадірменді отандастар!

Мен, ең алдымен, Мәжілістің жаңадан сайланған депутаттарын бүкіл қазақстандықтардың атынан құттықтаймын. Сіздер бүгін жеңіс тұғырынан көрініп отырсыздар. Дәл бүгінгі күннен бастап, Сіздер өздеріңіздің игі ниеттеріңізді халқымыздың игілігі үшін толығымен іске асыра аласыздар. Сайлау алдындағы сөз сайысы артта қалды, нақтылы әрі жасампаздық істердің кезеңі туды.

Ендігі жерде еліміздің бұдан былайғы дамуының тиімділігі, сапасы мен қарқыны Парламенттің жаңа құрамының алдағы бес жылдағы жұмысына байланысты болмақ. Сіздердің заңнама түзу жолындағы қызметтеріңіз, барлық уақыттағыдай, еліміздің екі мың отызыншы жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағыты аясында жүргізіліп жатқан жасампаздық істердің қисыны мен кезеңдеріне үйлесімді болуға тиіс.

Жаңа Парламенттің жұмысының басталуымен біз Қазақстан қоғамының, толыса түскен, өзінің күші мен мүмкіндігін сезініп, келешекке бағдар ұстаған қоғамның дамуының келесі кезеңіне қадам басамыз.

Біздің мемлекетіміздің дамуының он үш жылдай кезеңі артта қалып отыр.

Осы уақыттың ішінде Қазақстан таңданарлық табыстарға қол жеткізді.

Біз әлемдік қоғамдастықта лайықты орнын алып, өңірлік, әрі одан да ауқымды жаһандық экономикалық және саяси проблемаларды шешуде тең құқылы әріптеске айналған мемлекет орнаттық.

Біз еліміздің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз еттік.

Біз ортақ үйімізде татулық пен келісімді сақтай білдік.

Біз нарықтық экономика құрып, жоғары экономикалық өсімге қол жеткіздік.

Егер осыдан он жыл бұрын жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын болса, биылғы жылы екі жарым мың долларға жететін болады. Яғни өсім үш еседен де асып отыр!

Келесі жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімді біз үш мың доллар шамасында болжап отырмыз. Әлбетте, бұл нашар көрсеткіш емес, дегенмен дамыған елдерде мұның өзі жиырма мыңнан да асатын соманы құрап отыр ғой. Біз де осындай деңгейге жақындай түсуге қажымай-талмай ұмтылатын боламыз.

Халықаралық үш жетекші рейтингтік агенттік біздің елімізге инвестициялық рейтинг беруді ұйғарды. Осы орайда Қазақстанның рейтингі таяуда Еуроодаққа кірген елдердің деңгейінде екенін атап көрсеткен әбден орынды. Біз болашақта сол елдердің деңгейіне жетуге, тіпті олардан асып түсуге тиіспіз.

Еліміздің  жалпы ішкі өнімінің өсімін екі мыңыншы жылмен салыстырғанда, екі мың оныншы жылға қарай екі есе өсіру жөніндегі міндетімізді біз  уақыттан оза орындап келе жатырмыз. Болжамдарымызға сүйенсек, біз бұған екі мың сегізінші жылдың өзінде жете аламыз.             

Жалпы ішкі өнімнің өсімі – ғайыби ұғым емес, ел азаматтарының кірісінің өсу деңгейі, мемлекеттің денсаулық сақтаудағы, білім берудегі, әлеуметтік қамсыздандырудағы бағдарламаларды кеңейту мүмкіндіктері тікелей соған байланысты. Мұны әрбір қазақстандық бүгінгі күннің өзінде сезініп отыр.

Мінеки, қараңыздар. Біз таңданарлық қысқа мерзімнің ішінде еліміздің орталығында  Қазақстанның жаңа Астанасын түрғыздық. Астана көрген жанды таңқалдыра, тамсандыра бастады. Астана барша қазақстандықтардың мақтан тұтар жауһарына айналды.

Дегенмен, менің ойымша, тоқмейілсуге әлі ерте. Қол жеткен табыстар еліміздің дамуындағы жаңа дәуірдің, жаңа кезеңнің бастауы болуға тиіс.

Біз алдымызға неғұрлым биік межелер қоюға тиіспіз.

Құрметті депутаттар!

Сіздердің шақырылымға бес жыл мерзім беріліп отыр. Мен бүгін Қазақстанның екі мың отыз жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жолында осы бес жылдың ішінде не істеуіміз керек екені жөніндегі пайымымды ортауға салуды ұйғардым.

Қазақстан экономикалық және әлеуметтік дамуда осы өңірдегі өзінің ілгергі орнын алдағы уақытта да сақтап қалуы керек.

Мен Қазақстан өзінің азаматтары үшін жоғары тұрмыстық стандарттар жасай отырып, әлемнің тиімді дамып келе жатқан елдерінің қатарына қосылуға, әрі әлемдік қоғамдастыққа теңқұқылы кірігуге тиіс екеніне кәміл сенімдімін.

Мен бұл бағытта қандай негізгі міндеттер бар деп білемін? Ондай міндеттер бірнешеу.

Бірінші. Қазақстандықтардың білімі мен кәсіптік деңгейінің сапалық өсуін қамтамасыз ету.

Біз экономиканың бәсекеге қабілетті үлгісін таңдадық, сөйтіп, елімізді индустриалды-инновациялық дамытуға бет бұрдық. Бұл болашақтың стратегиясы.

Ұлы Абай: «Егер де мал керек болса – қолөнер үйренбек керек» деген еді. Оның сөздері, менің ойымша, осы заманғы білім беру идеологиясын мейлінше дәл бейнелейді.

Бірінші кезекте өскелең ұрпаққа сапалы, әлемдік стандартардың деңгейінде білім беру керек, бұл ретте бүгінгі мамандардың біліктілігін арттыруды да естен шығармаған жөн.

Екі мың сегізінші жылдан бастап, біз әлемнің дамыған елдеріндегі сияқты, балаларға он екі жылдық білім беруге көшеміз.

 Демек орта білімнің шын мәнінде сапалық тұрғыдан жаңа болуы үшін мұғалімнің мәртебесін өзгерту қажет. Бұл жақсы еңбекақы төленетін, ең бастысы – беделі биік, керек мамандық болуы қажет.

Осы мақсатта екі мың алтыншы жылдан бастап, екі жылдың ішінде бір мезгілде олардың кәсіби жағынан өсуін қамтамасыз ете отырып, кезең-кезеңімен мұғалімдердің жалақысын  көтере беру керек. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының басымдығы бірінші кезекте мұғалімдерімізге берілуі керек.

Біздің оқушыларымыз батыстың жетекші оқу орындарында оқуға қабілеттерінің жететініне сенімді болуы керек.

Олардың ең лайықтыларына оқу ақыларын төлеуге мемлекет жәрдемдесетін болады.

Әрине, сырт елдердің жоғары оқу орындарында оқуға әркімнің мүмкіндігінің бола бермеуі де ықтимал. Яғни біздің жоғары оқу орындарымыз да өздерінің дипломдары дүние жүзінде танылуы үшін әлемдік стандарттар деңгейінде білім беруге тиіс. Әлбетте, бүгін солардың бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік жоқ. Сондықтан да әлемдік деңгейдегі жоғары санатты университеттер тобын – қазақстандық Гарвардтар мен Оксфордтар жасақтауды қолға ала бастау қажет.

Тегінде, Жапония мен Кореяда өздерінің жоғары оқу орындарын бітіргендер, сыртта білім алғандарға қарағанда, жоғары бағаланады. Біз үшін бұл өнеге аларлық мысал.

Жоғары оқу орындарымызда дәріс беруге Ресейден, Батыс Еуропадан, Америкадан әлемнің жетекші ғалымдарын кеңінен тарту керек деп санаймын. 

Маған елімізден әр кезде көшіп кетіп, қазір Батыста және Ресейде сабақ беріп жүрген қанша қазақстандық ғалымдардың бар екенін кім айтып бере алар еді? Олар өздерінің отанына көмектесуге әзір деген ойдамын, біз де оларға барлық жағдайды туғызар едік. Біздің университеттерімізде даярлығы бар жоғары білімді кәсіпқойлар, профессорлар жоқ емес. Оларды конкурс өткізіп, бағалап, олардың терең білімін пайдалана білу керек.

Алдағы жылдары индустриалды-инновациялық дамудың нақтылы қажеттіліктерін ескеріп, оқуға берілетін гранттар мен кредиттердің санын жыл сайын көбейте түсу керек. 

Тәуелсіздік жылдары ішінде салиқалы, теңдестірілген ұлтаралық және тілдік саясат жүргізудің арқасында біз тілдердің нағыз еркіндігі мен тең құқылы болуына, этномәдени мүдделер мен қажеттіліктерді қанағаттандыруға, ұлттардың үндесуіндегі шынайы өзара құрметтеушілік пен этносаралық қатынастардың биік мәдениетіне қол жеткіздік.   Біз мұны қастерлей білуіміз керек.

Мұның бәрін де біз өз өміріміздің шынайы қағидасына және болмысымыздың бұлжымас ақиқатына айналдыра білдік. Біздің тәжірибемізді ТМД-дағы әріптестеріміздің ынта қоя қабылдап жатуы - соның айқын айғағы.

Талай мәрте айтып келдім және тағы да қайталап айтудан қаймықпаймын: қазақстандықтардың жас ұрпағын менің  үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерген адамдар ретінде көргім келеді.

Бәріміз біліп отырмыз, мәселе тіпті де тілдің мәртебесінде емес, айталық, мәртебесі еліміздің заңнамалық өрісінде көрсетілмесе де, ағылшын тілінің  әлемдегі қарымы өзін өзі насихаттап отырған жоқ па.            

Мысалды  алыстан іздеудің де керегі жоқ: Еуропада мектеп бітірушілер мен студенттердің бірнеше тілде емін-еркін сөйлесуі талайдан бергі дағды, күндердің күнінде біз де бұған жетеміз.

Мемлекеттің, экономиканың және ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің бір кепілі  де, міне, осында жатыр.

Екінші. Бізге дені сау ұлт керек.

Жуырда мен Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың екі мың оныншы жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын бекіттім.

Екі мың бесінші жылдан бастап, біз екіден бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ диспансерлік есептегі балалар мен жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етуге тиіспіз.

Жасы үлкендерді жыл сайынғы тегін профилактикалық медициналық тексеруден өткізуге де көшуіміз қажет. Бұл үшін медциналық мекемелерге қажетті жағдайлар туғызуымыз керек.

Біз халық саны кемуінің теріс үрдісін де еңсере бастадық.

Биыл біз қайтадан он бес миллиондық межеге жеттік, соның ішінде бұған табиғи өсімнің де себі тигенін айтқан жөн. Тұтас алғанда, қазақстандықтар жүз сексен мың адамға көбейді. Бұл бастапқы жақсы үрдіс. Дегенмен түйін түбегейлі шешілген жоқ, яғни тууды көбейту мен өлімді, әсіресе балалар мен аналардың өлімін кеміту біздің ұдайы жіті назарымызда болуға тиіс. 

Алдағы бес жылда біздің барлық өңірлерде  туберкулезге қарсы мекемелер мен сәбиханаларға деген қажеттілікті толығымен өтеуіміз, көп салалы емханаларды күрделі жөндеуден өткізуіміз қажет.

Дәрігерлердің жауапкершілігін күшейту, олардың әлеуметтік мәртебесі мен қоғамдағы  беделін көтеру қажет. Мұғалімдер сияқты келесі жылдан бастап екі жыл бойы олардың да жалақысын кезең-кезеңімен көбейту керек.

Денсаулық сақтау жүйесін ілгерілетумен бірге, салауатты тұрмыс салтын насихаттауды күшейту, дене шынықтыру мен спортты, профилактикалық қызмет жүйесін  дамыта беру қажет.

Біз ұлтымыздың денсаулығын нығайтуға нақ осындай кең мағынасында ұмтылатын боламыз.

Үшінші. Ұлттың қуаты жасына немесе денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істей алмайтын, өздігінен табыс табу мүмкіндігі жоқ жандарға жасайтын қамқорлығына да байланысты.

Бүкіл әлемде экономикалық өркендеуіне қарай мемлекет әлеуметтік қорғау мәселелеріне көбірек көңіл бөле бастайды. Осы мақсатта Әлеуметтік реформаларды тереңдете берудің екі мың жетінші жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп отыр.

Біздің мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы жауапкершілікті таразылай отырып, қаржылық тұрғыдан тұрлаулы, экономикалық жағынан тиімді әрі әлеуметтік әділетті үш деңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жасауымыз қажет. Бұл - үздік әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері бар әлем елдерінің тәжірибесі.

Қазіргі кезде әлеуметтік төлемдердің барлық мөлшерлері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) сүйеніп жасалады, оның өзі де тіршілікке керек игіліктер мен қызметтің ең төменгі әлеуметтік қажетті деңгейін нақты бейнелей алмайды. Осыған орай, екі мың алтыншы жылдан бастап, барлық әлеуметтік төлемдерді базалық әлеуметтік индикатор – ең төменгі тұрмыстық қажеттілік негізінде, оның есептік әдіснамасын жетілдіру арқылы, есептеп шығару қажет деп санаймын.

Мұның өзі ең төменгі қажеттіліктерді қанағаттандырудың мемлекеттік кепілдіктерін іске асыруға, бірінші кезеңнің өзінде  зейнетақылық төлемдердің орташа өсімін жиырма пайызға жуық көтеруге, содан кейін де арттыра беруге мүмкіндік береді.

 Ұзақ мерзімді келешекте зейнетақы жүйесінің ең өзекті мәселесі зейнетақы жинақтамаларының есебінен зейнетақылардың сәйкестігін қамтамасыз ету болып табылады.

 Әйелдер мен өздігінен жұмыс істейтін адамдардың зейнетақыларының аздығы да проблема болып отыр, өйткені олардың жинақтаушы зейнетақы қорларына жасайтын аударымдары тым аз.

 Сондықтан қазірдің өзінде зейнетақы жүйесіне зейнетақылардың деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін белгілі бір әлеуметтік кепілдіктер енгізу қажет.

Осы мақсатта мен екі мың алтыншы жылдан бастап, барлық зейнеткерлерге жұмыс өтіліне, табысына және зейнетақысының мөлшеріне қарамастан, беріліп жүргеніне қосымша баршаға бірдей ай сайынғы төлемдер енгізуді немесе базалық зейнетақы аталатын өлшемді белгілеуді ұсынамын. Оның мөлшері екі мың алтыншы жылы тұрмыстық ең төменгі қажеттіліктің жиырма пайызын құрауға немесе шамамен бір жарым мың теңге болуға тиіс.

Содан кейінгі жылдары біз оны тұрмыстық ең төменгі қажеттіліктің жетпіс бес пайызына дейін жеткізуіміз керек.     

Ана мен баланы қорғау, балалы отбасыларын қосымша қолдау, тууды көтермелеу, сондай-ақ демографиялық ахуалды жақсарту мақсатында мыналарды ұсынамын.

Сіздерге мәлім, өткен жылдан бері сәбидің дүниеге келуіне байланысты бір мезгілдік жәрдемақы төленіп келеді.

Соған қоса, екі мың алтыншы жылдан бастап:

-         тұрмысы төмен отбасыларына балалары он сегіз жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы енгізіп, оларды мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар құрамынан шығару.

- төрт және қолдарында тұратын кәмелетке толмаған одан да көп балалары бар көп балалы аналарға, «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» омырау алқаларымен марапатталған аналарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін екі еседен астам ұлғайту қажет.

Екі мың жетінші жылдан бастап сәбидің күтіміне байланысты бір жылға дейінгі мемлекеттік жәрдемақы енгізу қажет.

Сіздерге мәлім, менің Жолдауыма сәйкес келесі жылдан бастап, мүгедектердің барлық санаттарына берілетін жәрдемақының мөлшері едәуір арттырылады. Айталық, бірінші топтағы мүгедек он мың теңгедей алатын болады.

Жеңістің мүшелтойына байланысты мен ұсынған соғыс ардагерлеріне  арналған  қосымша әлеуметтік қолдау шараларының үстіне келесі жылы барлық тыл еңбеккерлеріне  бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын беруді қарастыру қажет деп санаймын.

Мемлекеттік әлеуметтік саясат жұмыс істей алмайтын адамдарды қолдаудың ең төменгі деңгейін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Жұмыс істеуге жарамсыз адамдарға мемлекет ең төменгі деңгейдегі қолдау көрсетуге тиіс деп баса айтамын, ол күнкөріс деңгейінен төмен болмауы керек, жоғары болуы қажет. Біз барлық азаматтарымызды ең төменгі күнкөріс деңгейінің шегінен алып шығуымыз қажет, сол деңгейден сәл де болса көтеруіміз керек. Жұмыс істеуге жарамды адамдар болса, өзінің сақтандыру қорларына жасаған аударымдары арқылы осы төменгі деңгейге қосымша кіріс алатын болады.

Біздегі әлеуметтік қорғаудың үш деңгейлі жүйесі бүкіл дүние жүзінде бар, егер біз оны өз мағынасына сай түбегейлі құра алсақ, онда мұны орынды мақтаныш ете алатын боламыз.

Біздің  масылдыққа жол бермеуіміз керек екенін өз басым қуаттаймын. Біздің саясатымыз адамды еңбекке ынталандыруға бағытталады, адам өзінің кәрілік шағын өзі қамсыздандыруға тиіс. 

Төртінші. Біз ұзақ мерзімді келешекке бағдарланған ауқымы жағынан теңдесі жоқ тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алдық.

Ол жалпыға танылған тиімді нарықтық тетіктерге (ипотекалық кредиттеу, құрылыс жинақ қаражаты жүйесі), сондай-ақ халыққа арналған арзан және қол жетерлік тұрғын үйлер салу жөніндегі ұсыныстарды мемлекеттік көтермелеу шараларына негізделеді.

Бағдарлама үш жылға есептеліп отыр. Осы кезеңде біз он екі миллион шаршы метрдей тұрғын үй салуға тиіспіз, мұның өзі жүз тоқсан бес мың отбасы жаңа пәтерлер алады деген сөз.

Халықтың әлеуметтік қорғалған топтары үшін бұл жылдары бес мың жаңа пәтер салынуы керек.

Алдағы жылдардағы басты басымдық экономиканы диверсификациялау болады.

Маңызы бұдан бір де кем емес келесі  міндет – шағын және орта кәсіпорындар секторын серпінді дамыту.

Кез келген мемлекеттің тұрлаулы дамуының тірегі болып табылатын біздің орта табымыз да бүгін нақ солардың төңірегінде қалыптасатын болады.

Мен өзіміздің екі мың оныншы жылға және екі мың он бесінші жылғы кезеңге дейінгі іс-қимылымыздың екі бағытын ұсынамын.

Бірінші. Индустрияландыру.

Бұл еліміздің бүгінгі экономикалық әлеуетін айқындайтын экономика секторларын (мұнай-газ және металлургия секторлары) дамыту, мұнда біз неғұрлым жоғары аралықтарды енгізуге, әрі жаңа индустриалдық кластерлерді қалыптастыруға баса мән беруіміз керек.    

Біздің машина жасау, химия және мұнай-химия, құрылыс индустриясы мен жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытуда да едәуір әлеуетіміз бар.

Келешегі мол келесі бағыт – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен аграрлық – индустриалдық кластерлерді, атап айтқанда Оңтүстік Қазақстанда мақта және шарап жасау кластерлерін қалыптастыру.

Екінші. Сапалық жаңа экономиканы, білімге негізделген экономиканы қалыптастыруға серпін беретін «нүктелерді» қалыптастыру мен дамыту.

Қазақстан келешекте осы өңірдің, іргелес жатқан, жедел дамып келе жатқан экономикалары үшін жоғары технологиялық тауарлар өндірісі мен қызмет көрсетуге бағдарланған қызмет көрсетуші технологиялық орталығына айналуға тиіс.

Біз үшін өзіміз сияқты әлемнің аса ірі индустриалдық елдерімен іргелес жатқан Канада, Австрия сынды елдердің өнегесі құп аларлық.  

Бүгінгі біздің әлеуетіміз – экспортқа бағдарланған қаржылық, телекоммуникациялық, көлік, сауда және ақпараттық қызмет.

Айталық Алматыда Қазақстан үшін де, күллі осы өңір үшін де халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтің кең ауқымын көрсетуге мамандандырылған халықаралық қаржы орталығын құруға барлық мүмкіндік бар.

Келесі бір дара бағыт – ғарыштық қызмет саласындағы аршынды қадамды қамтамасыз ету, яғни біз биылғы жылдың соңына дейін тиісті бағдарлама қабылдауымыз керек.

Жыл сайын Бүкілдүниежүзілік Экономикалық Форум көптеген өлшемдер: технологиялық, макроэкономикалық ортаның жағдайы, коғамдық институттардың дамуы бойынша мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігі жөнінде есеп әзірлейді.

Таңданарлығы сол, осы тізімде ұлттық бәсекеге қабілеттілігі турасында АҚШ-тың өзін артқа тастап, соңғы жылдары жаңа технологиялар мен инновацияларды белсене енгізудің есебінен әлемнің барынша серпінді дамып келе жатқан елдерінің қатарына енген Финляндия бірінші болып тұр.

Келесі жылдан бастап осы есепте Қазақстан да қаралатын болады. Менің ойымша, біз өзіміздің алдымызға осы тізімнің алдында тұрған елу елдің қатарына кіру жөнінде өршіл міндет қоюымыз керек. 

Менің тапсырмам бойынша қазіргі кезде біздің экономикамыздың өңірлік және халықаралық ауқымдағы мейлінше бәсекеге қабілетті секторларын анықтау, нарықтарды бағамдау жөніндегі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Біздің міндет – ішкі нарықты игеріп қана қоймай, өңірлік нарыққа шығып, бекінуге мүмкіндік беретін салалар мен қызмет қөрсету аяларын барынша дамыту. Бұл дегеніміз – күллі Орталық Азия, Батыс Қытай, Ресей Федерациясындағы Сібір, Орал және Еділ бойы.

Алдағы кезеңде осы аталған міндеттерді іске асыруға мемлекетіміздің салық саясаты да бағытталуы керек.    

Бұл саясат жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізуді көтермелеуге, пайдалану саясатын өзгерту арқылы тозығы жеткен негізгі қорларды жаңартуға, сапа мен экологиялық менеджменттің ИСО 9000 және 14000 халықаралық стандарттарының жүйелерін енгізуге бағытталуы керек.

Индустриалдық-инновациялық стратегияны іске асырудың белсенді сатысына қадам басу бізден даму институтарының өзіндік мүмкіндіктері мен олардың өзара тиімді ықпалдастығын күшейтуді талап етеді.

Біз бүгін экономикалық реформалар қарқыны жөнінен, соның ішінде қаржы секторында Достастық мемлекеттерімен салыстырғанда көрнекті табыстарға жеттік.        

Мұның өзі едәуір дәрежеде экономикалық реформаларды ойдағыдай жүргізуімізге, мемлекеттік қаржының жағдайына және Ұлттық қордың болуына байланысты қолымыз жеткен табыстар.

Қаржы жүйесін дамытуды жалғастыра беру қажет.

Қор нарығы әлі де кібіртіктеп, дұрыс жұмыс істей алмай келеді.  Ендігі жерде оның рөлі қаржы ресурстарының ықтимал инвесторлардан қарыз алушыларға ұйымдасқан түрде ойысуын қамтамасыз ететін маңызды буыны ретінде міндетті түрде түбегейлі кеңеюге тиіс.

Қаржы нарығының даму жолдары белгілі. Үкімет пен Ұлттық банк осында туындаған проблемаларды, әлбетте, дамудағы артта қалушылықты батыл еңсеруге тиіс.

Инвестициялық банкингті дамытудың, венчурлық қорларды құрудың келешегі кемел болып көрінеді. 

Шағын бизнесті, оны, ең алдымен, ауылда дамыту үшін шағын кредит ұйымдарының  желісін кеңейту керек.

Қазіргі кезде банктер беретін кредиттердің басым үлесі негізінен артықшылықтар алған ірі компаниялар мен дараланған өнеркәсіп-сауда топтарының жобаларын қаржыландыруға бөлініп жүр.

Біздің банктер шағын және орта өндірістік бизнесті кредиттеуге келгенде, неге сараңдық танытады?!

Алдыңғы жылдары қаржы секторы үшін оны экономикамыздың көшбасшысы ретінде қалыптастыру қамымен артықшылықты жағдайлар жасалғаны белгілі.

Ендігі жерде біз оның нақтылы қайтарым беруін талап етуіміз  керек және талап ететін боламыз.

Бүгін біздің экономикамызда инвестициялық ресурстар бар. Банктердің, зейнетақы қорларының, сақтандыру компанияларының активтері жедел өсіп келеді. Алайда олар ұзақ мерзімді мақсаттар жолында толымды жұмыс істей алмай отыр.

Индустриалдық-инновациялық даму міндеттеріне сәйкес қаржы институттары экономиканың нақтылы секторындағы инвестициялық жобаларды кредиттеуді кеңейтуге, нарықтың барлық субъектілерінің қолы жететін жаңа қаржы тетіктерін енгізуге тиіс.

Экономикамызды дамыту үшін зейнетақы қорларының активтерін де іске қосу қажет. 

Көріп отырсыздар, алдымызда тұрған міндеттер көп, демек масайрауымызға негіз жоқ.

Одан әрі монополиясыздандыру, меншіктің барлық нысандарындағы кәсіпорындар үшін шаруашылық жүргізуге бірдей жағдайлар туғызу, кінәратсыз бәсекелестікті дамыту – біздің экомикамызды, ең алдымен, шағын және орта бизнесті тиімді дамытудың бірден-бір шарты.

Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы жоғары шоғырлану дәрежесімен сипатталады. Оншақты мегахолдинг бүгін іс жүзінде Қазақстанның бүкіл жалпы ішкі өнімінің сексен пайызын бақылауында ұстап отыр.

Бұл холдингтер негізгі қызметінің сыртында еншілес кәсіпорындары арқылы өздеріне үйлеспейтін толып жатқан функциялар атқарады, мұның өзі олардың қызметінің ашықтығы мен тиімділігіне  салқынын тигізіп келеді. Олар, әдетте, бәсекелестердің пайда болуына қарсы, сол себепті де шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіреді.

Соның салдарынан салық салынуынан жалтару мен трансферттік баға түзу орын алады, менеджер-акционер арасында түйткілдер туындайды, қор нарығын, шағын және орта бизнесті дамытуда кедергілер пайда болады. Сондықтан да біз мегахолдингтерге үйлеспейтін функцияларды салық және басқа, соның ішінде, қоғамдық тетіктер арқылы шағын және орта бизнеске беру жөнінде үлкен әрі батыл жұмыс жүргізуге тиіспіз.

Осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізуді Үкіметке тапсырамын.

Мұндай жұмысты жүргізумен бір мезгілде стратегиялық маңызды әрі ірі мемлекеттік компанияларды жеке топқа бөліп, олардың акцияларының дестесін басқаруды арнайы құрылған мемлекеттік холдинг компаниясына беру қажет.

Мұның өзі оларды кәсіби тұрғыдан тиімді басқаруды, ұтымды даму стратегиясын белгілеуді, мемлекеттік компаниялардың берекесіз, үйлесімсіз іс-қимылын бір арнаға салуды, шығасыны оңтайлы жұмсауды қамтамасыз етер еді.

Осындай компаниялар құрудың халықаралық тәжірибесі өзінің тиімділігін көрсетті.

Егер біз кәсіпкерлік бастамашылықтың өріс алуына мүмкіндік бермесек, бәсекелестер санының тез өсуіне және бәсекелестіктің шынайы шымырлығына жәрдемдесетін  қолайлы іскерлік ахуал туғыза алмасақ, онда біздің ой-ниетіміздің бәрінің бірдей іске алмай қалуы ықтимал. Түпкі өнім шығаратын салалардың бәсекеге қабілетті қолдаушы салалар туындататыны да ақиқат емес пе!

Қазіргі кезде менің тапсырмам бойынша қалтарыс экономиканың көлемін қысқартуға, заңды және жеке тұлғалардың бизнестерін жариялы етуге деген ынтасын күшейтуге бағытталған оныншы жылға дейінгі кезеңге арналған кешенді бағдарлама әзірленді.

Бағдарламада көзделген шаралардың ішіндегі басты бағыттардың бірі басқаруды бюрократиясыздандыру жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыстың шеңберінде мемлекеттік рұқсаттамалық жүйені жетілдіру болуы керек.      

Мемлекет кедергі келтірмеуге, керісінше көмектесуге тиіс.

Мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің арасындағы толып жатқан бюрократиялық ресімдерді қысқарту үшін “Электрондық Үкімет” жасауды жеделдету қажет.

Сан түрлі нақтылы, соның ішінде ақылы қызмет көрсету жөніндегі мемлекеттік функцияларды нарықтық ортаға беруге байланысты жұмысты жалғастыра беру керек.

Жоғарыда аталған шараларды іске асырумен бірге мемлекеттік басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлықты аластауға бағытталған арнайы шаралардың кешенін әзірлеу керек.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстанның бірінші болып 1998 жылдың өзінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдап, осы әлеуметтік кеселге қарсы күрестің сындарлы жүйесін жасағаны мәлім.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық қорғау органдары осындай қылмысты істерді тергеуді, соттар сондай келеңсіздіктер үшін кінәлі адамдарды жауапқа тартуды қолға алды. Бұл мәселе жөнінде біздегі ахуал көршілерімізге қарағанда әлдеқайда тәуір екені белгілі.

Алайда көңіл демдеуге әлі ерте, неғұрлым жүйелі жұмыс, әсіресе алдын алу сипатындағы пәрменді жұмыс керек.

Осыған орай бүкіл мемлекеттік қызмет институтын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барынша ымырасыз жолына түсіру қажеттігі туады.

Бұл үдеріс біздің мемлекеттік қызметімізді одан әрі жүйелі жетілдірумен, мемлекеттік органдарға жанаспайтын, әсіресе рұқсат берушілік пен бөліс жасау сынды функцияларды қысқарта берумен, мемлекеттік қызметшілер жалақысы деңгейін кезең-кезең бойынша көтерумен, сондай-ақ бүкіл мемлекеттік қызметті одан әрі ширата түсумен қоса жүргізілуі керек.

Демек мемлекеттік саясаттың осы бағытын заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері де депутаттар сапының әрдайым назарында болуға тиіс.

Нарық реформалары жолымен ілгері жылжи отырып, біз саяси либералдану бағытында да біртіндеп алға қадамдар жасадық:

- біз саяси саналуандықты қамтамасыз еттік;

- нақтылы әлеуметтік базасы бар іске қабілетті саяси партиялар қимыл жасауда, олардың сайлау барысындағы рөлі мен ықпалы артып келеді. Идеялық саяси бағыты сан түрлі бірталай жаңа саяси партиялар тіркелді;

 - мемлекеттік институттар билік жіктерінің бөлінісі қағидатының негізінде жұмыс істейді. Екі палаталық Парламент тиімді жұмыс істеп келеді, онда алуан түрлі саяси, соның ішінде оппозициялық партиялар да өкілдік етеді;

- қазірдің өзінде бюджетаралық қатынастардың реформасы бойынша, мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру бойынша белсенді әрі нысаналы жұмыс жүргізіліп отыр;

- тәуелсіз сот жүйесін құрудың, қылмыстық жазаны ізгілендірудің берік құқықтық және ұйымдық негіздері қаланды. Біз адам құқығы жөніндегі халықаралық конвенцияларға қосылдық;

- халықтың барлық этникалық және конфессиялық топтары арасындағы тең құқылы қатынастар нақтылы қамтамасыз етілді;

- нақтылы сөз бостандығы қамтамасыз етілді, елімізде екі мыңнан астам түрлі БАҚ құралдары жұмыс істейді, цензура алынып тасталды, масс-медиа саласы тұрақты қарқынмен дамып келеді.  

Реформаларды дамытудың сындарлы экономикалық жаңғырулары бекемделе түскен бүгінгі кезеңінде біздің саяси жаңарудың жаңа бағдарламасын ұсынуымыз әбден заңды.

 Ол менің «Отан» партиясының съезінде жасаған баяндамамда кеңінен мәлімделіп, қоғамдағы көптеген саяси күштердің тарапынан қолдау тапты. Сайлау қарсаңындағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыс кідіртілді. Ендігі жерде қоғамды одан әрі либерландандыру жөніндегі практикалық міндеттерді орындауға кірісу керек.

Сіздерге мәлім, менің Жарлығыммен Демократия мен азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Мен сан түрлі көзқарастар мен пікірлердің бірде-бірін, соның ішінде баламалы және оппозициялық ой-пікірлерді де назардан тыс қалдырғым келмейді.

Нақ осы комиссия Конституция мен қолданылып жүрген заңнаманың шеңберінде елімізді саяси жаңартудың сан түрлі нұсқалары ұсынылып, талқыланатын мәртебелі мінбер болып табылады.     

Осында айтылған барлық сындарлы ұсыныстарды Мемлекет басшысы да, сондай-ақ Парламент те барынша мұқият қарайтын болады. Осы комиссияның құрамында жұмыс істеу үшін оның есігі қоғамымыздағы барлық партиялық-саяси күштер үшін ашық.

Біздің сот-құқық жүйемізді еліміздегі реформаторлық үдерістің бекемдігінің кепілі ретінде заңнамалық жетілдіру жөнінде алдағы уақытта да шаралар қолдануымыз керек.

Соттардың адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігіндегі негізгі буын екенін ескеріп, сот-құқық рәсімдерінің ашықтығын, судьялардың әділдігі мен турашылдығын қамтамасыз ету, судья кадрларын іріктеу рәсімдерін демократияландыру қажет.

Бұл ретте алқа билер сотын енгізу мәселесі ерекше көзге түседі.

 Шығарылатын сот шешімдерінің, әсіресе, қылмыстың аса кауіпті түрлері бойынша шығарылатын шешімдердің дұрыстығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін осы маңызды институтты енгізу жөнінде тиісті шешімдер қабылдау керек.

Адам құқығы жөніндегі уәкілдің беделі мен құқық қорғау мүмкіндіктерін де көтеру керек.

 Қазақстандағы қызметінің қысқа мерзімінің ішінде омбудсмен институты өзінің құқықтар мен бостандықтарды қорғаудың айтарлықтай тиімді әрі келешегі мол құралы екенін көрсетті. Оның өзіндік құқық қорғаушылық әлеуетін одан әрі барынша аша түсуіне заңнамалық мүмкіндіктер туғызу керек.

Адвокатура маңызды құқық қорғау институты болып табылады. Тәжірибе оның қылмыстық және азаматтық іс жүргізудің барлық кезеңдеріндегі рөлін көтеру керектігін көрсетіп отыр. Сайып келгенде, адвокат әрбір азаматтың  басына іс түскен кезде ғана емес,  күнбе күнгі тіршілігінде   ең басты заңдық кеңес беретін сабағатшысына айналуы керек.

Қазақстанның сыртқы саясатына келетін болсақ, оның негізгі тартар қағидаттары өзгеріссіз қалады.

Сан бағыттылық, екшенділік, сындарлылық, үндесу мен ынтымақтастық – дамудың ішкі мүддесіне бағындырылып, сонымен қатар біздің мемлекетіміздің әлемдік қоғамдастықтағы жауапкершілігі жоғары әріптес ретіндегі беделін бекемдеген негізгі жәйттер.

Таңдап алған бағытымыздың дұрыстығы жаһандану заманының өсе түскен түйінді мәселелері мен ығытының ыңғайында ерекше бедерлене көрінеді. Сіздер мен біздер дүниенің ХХІ ғасырда қаншалықты өзгергенін айрықша сезініп отырмыз.

Бүгінде күн тәртібіне әлемдік державалардың бірлескен күш-жігері және басқа мемлекеттермен әріптестігі арқылы қамтамасыз етілетін қауіпсіздік мәселелері қойылып отыр.     Мұндай үндесу әсіресе біздің алдымызда екі аса күрделі проблеманы шешу   - халықаралық терроризмге қарсы күрес пен өңірлік немесе оқшау қақтығыстарды реттеу қажеттігі туған нақ қазіргі сәтте өте-мөте маңызды.

Сыртқы саяси ахуалдың тұрлаусыздығы жағдайында ұлттық қауіпсіздікті, экстремизм мен терроризмге қарсы күресті, заңдылық пен құқық тәртібін қаматамасыз етудің заңнамалық мәселелеріне назарды ешбір бәсеңсітуге болмайды.

Біз заңдарымыздың сапасын арттыруға тиіспіз. Сонда ғана заңнамамыздың тұрақтылығы камтамасыз етіледі. Біздің талай мәрте «әлі сиясы кеуіп үлгермеді» дейтін  заңдарға толып жатқан түзетулер енгізілгеніне куә болғанымыз бар. Бұл заңнамашылық «дертімізден» әлі де айыға алмай келеміз.

Тікелей ықпал ететін заңдардың жетімсіздігі де сезіледі, олардың орнына заңнамашының еркін бұрмалайтын немесе оған үйлеспейтін толып жатқан заңға тәуелді актілер қабылданады.  Сондықтан да Парламенттің Үкіметпен бірлесіп бұл міндетті де шешуі керек.

Парламент пен Үкіметтің арасында өзара түсіністікке қол жеткізу, бұрынғысынша, заңнамалық қызметтің тиімділігін қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады. Нақ осы фактор заңнамалық процестің теңдестірілген реттеуіштерін жасаудың  негізі болып келеді.

Мұндай түсіністікке Парламенттің бұрынғы құрамымен, негізінен алғанда, қол жетіп келген еді. Ендігі жерде Сіздердің де Үкіметпен сындарлы жұмыс істей алатындарыңызға сенімім мол. Билік тармақтарының арасындағы ерегестің реформаларды тежеп қана қоймай, елімізді өркендетуге кесірін тигізетіні маған аян.

Министрлер енгізілетін заң жобаларының сапасы үшін жеке дара жауап беруге, қажет болған жағдайда, оларды Парламенттің қабырғасында өздері қорғауға тиіс. Өйткені қазіргі әкімшілік реформалары қағидаларының  бірінің өзі де министрліктерді бақылау-қадағалау функциялары мен мемлекеттік қызмет көрсету міндеттерінен босату болып отыр емес пе.

Ендігі жерде министрліктердің міндеті біреу – бұл мемлекеттік саясатты қалыптастыратын стратегиялық функцияларды орындау, мұның өзі, сайып келгенде, нақ сол мемлекеттік саясат бейнеленетін заң жобаларын түзу жұмысына бірінші кезекте мән беру деген сөз.

Құрметті депутаттар!

Өзімнің сөзімде мен Сіздер Парламенттегі қызметтеріңіздің барысында атқаруға тиіс орасан зор жұмыстың ауқымын анықтап беруге тырыстым.

Менің айтқан сөздерімнің бәрі де аса ауқымды  міндеттерді жүзеге асыруды меңзейді, демек, соларға сәйкес тиісті заңдар және Үкіметтің оңтайлы шешімдері қабылдануы керек. Мен енді бес жылдан кейін біз бір-бірімізге ойға алған жоспарымыздың бәрін орындадық, Қазақстан жұртының өмірі ауқатты, әрі қауіпсіз бола түсті деп ағымыздан жарылып айта алатынымызға сенемін.

 Осы міндетті орындау арқылы  біз дамуымыздың келесі кезеңінің іргетасын қалаймыз. Мен алдағы он жылда Қазақстан өз азаматтары әрдайым ардақ тұтатын асқаралы елге айналады  деп үлкен үміт-сеніміммен мәлімдей аламын.

Бұл үшін біздің әлі де талай көлемді істер тындыруымыз керек.

Біздің реформаларды жүргізу тактикасына, оны жүзеге асырудың мерзімдері мен тетіктеріне байланысты түрлі қөзқарастарымыз болуы мүмкін. Дегенмен, ортақ мақсат, туған еліміздің ертеңі турасында біздің топтаса, күш біріктіре білуіміз керек.

Біздің ұрпақтың қолына дамудың ең дұрыс даңғылын таңдап алып, Қазақстанды әлемнің дамыған, гүлденіп көркейген елдерінің қатарына қосу үшін ерен мүмкіндік беріліп отыр. Сол үшін де бізге ауызбірлік пен топтасқандық, тұрақтылық пен тыныштық керек.   

Мен Қазақстан халқы біздің осындай бастамаларымызды қолдайды, көрегендік танытып, осы жоспарларды іске асыруға тілеулестік білдіреді деген ойдамын.

Сіздерге табыс тілеймін!

Үшінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясын ашық  деп жариялаймын.

 

Астана, 2004 жылғы 3 қараша