Мемлекет басшысы Н

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі

Корпоративтік басқару, ашықтық және қоғам
алдында есеп беру қағидаттарының негізінде
МЕМЛЕКЕТТІК  БАСҚАРУДЫ ЖАҢАРТУ

 

І. КІРІСПЕ: ҚАЗАҚСТАН ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢДІ ТАБЫСТЫ АЯҚТАП, ӨЗ ДАМУЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ СЕНІМДІ ТҮРДЕ ҚАДАМ БАСТЫ

 

Сіздерді Парламенттің үшінші сессиясы жұмысының басталуымен құттықтай отырып,  өткен сессия барысындағы жемісті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын.


Сіздер мемлекетіміздің алдына қойылған іргелі міндеттерді шешу және Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру мақсатын іске асыратын аса маңызды заңдарды қабылдауда айтарлықтай қызмет жасадыңыздар.


Тұтастай алғанда, Парламенттің екінші сессиясының жұмыс қорытындылары айрықша бағалауға лайық.


Алайда, жеткен жетістіктерімізбен тоқтап қалуға болмайды. Алда бізді күрделі де маңызды заң шығару жұмыстары күтіп тұр.

 

ІІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕМДЕГІ БӘСЕКЕГЕ БАРЫНША ҚАБІЛЕТТІ 50 ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНА ЖЕДЕЛ КІРУІ – УАҚЫТ ҰЙҒАРЫМЫ

 

Тәуелсіздік жылдары біз мемлекеттік құрылыста, әлеуметтік-экономикалық өркендеуде, түрлі этностар мен конфессиялар арасындағы келісімде әлем жұртшылығы таныған нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық қоғамдастыққа толық хақылы мүше ретінде кірдік.


Мұның барлығы “Қазақстан-2030” Стратегиясының шеңберінде атқарылған нақты да айқын іс-әрекеттердің, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған” ұйымшыл команданың және барша азаматтарымыздың жанқиярлық еңбегі мен ауқымды қоғамдық қолдауының арқасында мүмкін болды.


Соның негізінде біз басты мақсатымыз – Қазақстанды әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына енгізуге кірісіп те кеттік. Наурыздағы Жолдауымда мен экономикамызды дамытудың басым бағыттарын баяндап берген болатынмын. Енді Үкіметтің  осы стратегиялық мақсатқа қол жеткізетін нақты іс-шаралар жоспары болуға тиісті.


Әрине, Жолдауда алға қойылған маңызды міндеттерді орындау үшін бізге іскер Үкімет қажет.


“Қазақстан-2030” Стратегиясында мен дамуымыздың негізгі басымдылықтарының бірі ретінде ықшам әрі кәсіби Үкімет жасақтауды алға қойған едім. Қазір біз өтпелі кезеңді табыспен аяқтап, дамуымыздың жаңа кезеңіне қадам басқан кезде бұл міндеттің маңызы бұрынғыдан да арта түседі.


Сол себепті мен әкімшілік реформа жасау жөнінде бастама көтердім.


Германияның канцлері Отто фон Бисмарк 19-ғасырда айтқанындай: “Қауқарсыз заңдар мен қарымды шенеуніктер арқылы елді басқару мүмкін болар-ау, алайда, қауқарсыз шенеуніктермен ешқандай заң да көмектесе алмайды”.


Осы тұрғыда біз мемлекеттік басқаруды жаңартудың нақты жолдары мен оны одан әрі дамытудың іс-шараларын жасауымыз қажет.

 

ІІІ. МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУДЫ ЖАҢАРТУ

 

Біз мемлекеттік қызметті тұтынушылардың мүдделері барынша ескерілетін мемлекеттік басқарудың сапалы жаңа моделін жасайтын боламыз. Мемлекеттік аппарат корпоративтік басқару, ашықтық және қоғам алдында есеп беру қағидаттарының негізінде ең озық халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жұмыс істеуі тиіс.


Менің наурыздағы Жолдауымнан кейін бұл бағытта маңызды құрылымдық өзгерістер жасалды.


Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап Ұлттық қор мен бюджет жаңа ереже бойынша жұмыс істеуде.


“Самұрық” қазақстандық холдингі” және “Қазына” тұрақты даму қоры” акционерлік қоғамдары құрылды. Олардың міндеті – мемлекеттік активтерді корпоративтік түрде басқарудың сапасын халықаралық деңгейге көтеру.


Тап осындай қағидаттар бойынша аграрлық секторда “ҚазАгро” холдинг компаниясын құру қажет.


Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) құрылуда. Жуырда Қарағанды облысында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның  ізашар жобасы ретінде “Сарыарқа” корпорациясы іске қосылды. Осы орайда биылғы жылдың соңына дейін еліміздің барлық аумақтарын қамтитын жеті Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация құрылуға тиіс.


Құрылымдық өзгерістердің мазмұны мен сапасына басты басымдылық берілуі керек.


Мемлекеттік басқаруды жаңарту мақсатында Үкіметке мынадай шараларды жүзеге асыруды тапсырамын.

 

1. Мемлекеттік органдар құрылымын жетілдіру

 

Бірінші. Бұл – мемлекеттік органдар құрылымын жетілдіру. Үкімет қайсыбір аралық буындарды алып тастау арқылы биліктің барлық деңгейіндегі лауазымдық сатыларды қысқартуы тиіс. Басқару шешімдерін қабылдаған кезде мемлекеттік органдар жұмысының кешенділігі қамтамасыз етілуі тиіс.


Саяси мемлекеттік қызметшілердің саны да қысқартылатын болады.


Орталық мемлекеттік органдар, ведомстволық бағыныстағы аймақтық бөлімшелер және жергілікті атқарушы органдар арасындағы функциялардың қайталануын болдырмау мақсатында Үкімет функцияларға талдауды оқта-текте емес, тұрақты жүргізіп отыруы тиіс. Осындай талдаудың қорытындылары бойынша мемлекеттік органдар құрылымын жетілдіру және мемлекеттік аппаратты қысқарту жөнінде тиісті шешімдер қабылдануы тиіс.


Министрліктерге саясатты әзірлеу және оның іске асырылуын бақылау, саяси шешімдер қабылдау, нормаларды жасау қызметі және қарамағындағы комитеттердің қызметін үйлестіру функциялары бекітіліп берілуі керек. Өз кезегінде министрліктердің комитеттері белгіленген саясатты іске  асырумен дербес айналысып, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға тиіс.

 

Министрліктер мен ведомстволардың, әкімдіктердің реттеуші функцияларын арттыру үшін олардың басқарушылық шешімдер қабылдаудағы өкілеттіктері мен дербестігі күшейтілуге тиіс.


Үкімет құрамына кірмейтін агенттіктердің мәртебесі мен өкілеттіктерін, олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлін айқындап алу керек.

 

2. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын еңбегінің нақты нәтижелеріне қарай ұлғайту

 

Екінші. Мемлекеттік қызметшілердің жалақысын еңбегінің нақты нәтижелеріне қарай, қазақстандық ірі жекеменшік компаниялармен салыстыруға келетін деңгейге дейін ұлғайту.


Кәсіби мемлекеттік аппаратты құру және сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында мемлекеттік органдардың бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі елеулі өзгерістерге түседі.


Мемлекеттік органдар мен әрбір қызметкердің жұмыс сапасын бағалау жүйесі енгізілуі тиіс, ал жалақы мемлекеттік қызметшінің кәсіпқойлығы мен орындайтын жұмысының тиімділігіне ғана байланысты болуы қажет.


Саяси мемлекеттік қызметшілер бойынша мемлекеттік органдар қызметін рейтингтік бағалау нәтижелерінің негізінде жылдық бонустар төлеу жүйесін дайындау қажет. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтіп, мемлекеттік органдар қызметін бағалаудың біртұтас жүйесін қалыптастырғаннан кейін Үкімет мемлекеттік аппаратты қысқартудың есебінен жалақыны жекеменшік сектормен салыстыруға келетін деңгейге дейін кезең-кезеңімен көтеру жөнінде ұсыныс енгізуі тиіс. Мемлекеттік аппаратты қысқартудан түскен барлық қаржы жалақыны көтеруге жұмсалады. Менің есебім бойынша мемлекеттік қызметшілердің 30%-ға жуығы қысқартылатын болады.

 

Еңбекақы төлеу қорының құрамында әкімшілік мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру үшін арнайы қор қалыптастырылуы мүмкін. Оны жоғары жұмыс нәтижелері үшін сыйлық беруге және келісім-шарт бойынша қосымша қызметкерлер жалдауға пайдалану қажет.

 

3. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары сапасына қол жеткізу

 

Үшінші. Мемлекеттік қызмет көрсетудің жоғары сапасына қол жеткізу.


Барлық мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет көрсетудің салалық стандарттары әзірленуге және енгізілуге тиіс.


ИСО халықаралық сапа стандарттары, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығы және олардың қоғам алдында есеп беру қағидаты кезең-кезеңімен енгізілетін болады.


Әрбір мемлекеттік органның өз даму стратегиялық жоспары болуға тиіс, онда нақты мақсаттар мен міндеттер, соларға қол жеткізудің жолдары, сондай-ақ даму мүмкіндіктері көрсетіледі.


Мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын сақтауды бақылау мақсатында, қарапайым халық пен кәсіпкерлер арасында жүйелі әлеуметтік сауалдама жүргізу жолымен де жүргізілетін ішкі және сыртқы аудит жүйесі құрылатын болады.


Барлық жерде “электронды үкіметті” енгізу азаматтар мен ұйымдарға сапалы мемлекеттік қызметке жедел қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

4. Рейтингті және бюджеттік үдерісте жаңа ұстанымдарды енгізу

 

Төртінші. Мемлекеттік органдар қызметінің рейтингін және бюджеттік үдерісте жаңа ұстанымдарды енгізу.


2007 жылы орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері қызметін тұрақты негізде рейтингілік бағалау жүйесі енгізілетін болады. Бұл жұмыс үдерісін ішкі әкімшіліктендіруді жақсарту, бюджет қаржысын жұмсау тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету мақсатында жасалады. Аталған шара мемлекеттік органдарды өз қызметінің тиімділігін арттыруға ынталандыруды көздейді.


Бюджеттік жоспарлауда қатаң бюджеттік шектеулерге барудан гөрі нақты түпкі нәтижелерге бағдарланған қаржыландыру жүйесіне көшуге баса мән беріледі. Мемлекеттік, салалық, өңірлік және бюджеттік бағдарламалардың нақты мақсаты мен индикаторлары болуға тиіс. Бюджеттік қаржыны жұмсау мен тиісті бағдарламаларды іске асыруға бірінші басшылардың жауапкершілігі күшейтіліп, пәрменді бақылау жүйесі құрылуы керек. Мұнан басқа, әрбір мемлекеттік орган өз қызметінің өнімділігін арттыру есебінен әкімшілік шығындарды қысқартуға міндетті болады.

 

5. Мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын, тұрлаулылығын және басқарымдылығын  арттыру

 

Бесінші. Мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын, тұрлаулылығын және басқарымдылығын арттыру.


Орталық мемлекеттік органдарда Мемлекет басшысы тағайындайтын, олардың аппараттарындағы жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз ететін Статс-хатшы жоғары әкімшілік лауазымы енгізілуі қажет.


Статс-хатшы мемлекеттік органның барлық ішкі істеріне жетекшілік жасайтын болады, бұл жоғары басшылықтың саясатты әзірлеумен және стратегиялық мәселелермен айналысуына мүмкіндік береді.


Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың тетіктері енгізіледі, сондай-ақ олардың орталық пен аймақтық құрылымдар арасында алмасып отыру тетігі әзірленетін болады.

 

6. Сыбайлас жемқорлықты азайту

 

Алтыншы. Сыбайлас жемқорлықты азайту. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы және әкімшілік реформалар қисынының өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған.


Біз  әкімшілік кедергілерді, бюрократиялық “созбұйда” мен шектен тыс тексерулерді қысқарту жөніндегі жұмысты  жалғастыратын боламыз.


Шағын және орта бизнес мүдделерін қорғау мемлекеттік реттеу нормаларын енгізу кезінде де, сонымен бірге оларды жүзеге асыру кезінде де күшейтілетін болады.


Бейіндік емес активтер мен мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру жөніндегі жұмыс 2006 жылдың соңына дейін аяқталуға тиіс.


Көлеңкелі экономиканы қысқарту үшін біз “Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы” Заң қабылдадық. Адамдар құпиялылықтың қатаң сақталатынына сенімді болуы керек. Өз басым  Мемлекет басшысы ретінде бұған кепілдік беремін. Осының алдында жүзеге асырылған қаржыны жария ету тәжірибесі мұны қуаттай алады. Құпиялылықты сақтау мәселесін күшейту және мүлікті жария ету акциясының мерзімін 2007 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту үшін Парламенттен “Мүлікті жария етуге  байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңға тиісті өзгерістер енгізуді сұраймын.

 

7. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру және нығайту

 

 Шенеуніктікті асқақтата көтеру немесе келемеж ету жақсы мінездің кейпіндей көрінетін әсер аз кездеспейді. Солай болса-дағы Қазақстан бүгінде мақтаныш тұтатын нәтижелерге сол мемлекеттік қызметшілердің де еңбегінің арқасында қол жетті. Ондаған мың мемлекеттік қызметшілер барлық деңгейде өз парызын адал атқарып жүр, алайда, БАҚ-тың, жұртшылықтың назарына негізінен мүлдем басқа тұрғыдағы мысалдар түсіп жатады.


Егер мемлекетке үлкен корпорация ретінде қарайтын болсақ, онда оның менеджерлерінің іскерлік беделі – аса маңызды капитал екені айдан анық. Біз мемлекеттік қызметшілер корпусын ортаңғы, төменгі деңгейлерде өзінің  мемлекеттік қызметін жоғары кәсібилікпен, патриоттықпен, адал атқарудың үздік өнегелерінде тәрбиелеп, оларды жұртшылыққа кеңінен танымал етуге тиіспіз. Үкімет осы бағытта да тиісті шаралар қабылдауы қажет деп білемін.


Бұл айтылғандар – әкімшілік реформаның негізгі бағыттары. Таяу арада мен оны жүзеге асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Өкімге қол қоямын, ол заңнамада айтарлықтай өзгерістер жасауды талап етеді.


Бұған қоса, әкімшілік реформа жөніндегі жұмыс тобына үстіміздегі жылдың соңына дейін әкімшілік жүйені жаңартудың осы қағидаттары бойынша құқық қорғау жүйесі мен бюджеттік саланы – бірінші кезекте, білім беру мен денсаулық сақтауды реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеп, енгізуді тапсырамын.


Әкімшілік реформаны жүзеге асырудағы табыс барлық билік тармақтарының қызметіндегі ретке келтірушілікке байланысты болады.


Мен сіздерді әкімшілік реформаның заңнамалық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыста белсенділік танытуға шақырамын. 

 

V. ҚОРЫТЫНДЫ

 

Қазақстанның өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басу қисыны мемлекеттік басқаруды, саяси жүйені, бәлкім, елдің Конституциясын мұқият зерделеуді және тиісті реформалар жүргізуді талап етеді.


Түптеп келгенде, біз еліміздің саяси және мемлекеттік құрылымының ұтымды моделін жүзеге асыруға тиіспіз.


Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу мен нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметі де нақ осыған бағытталған.


Мемлекеттік басқаруды жаңарту, саяси реформаларды жүргізу біздің қоғамымыздың топтасуына, Қазақстанның әлемдік қауымдастық алдындағы беделі мен абыройын өсіре түсуге жәрдемдесетіні сөзсіз.


Бұл Қазақстанның халықаралық саясаттың, өркениеттер арасындағы диалогтың, Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылық пен ықпалдастықтың бірден бір орталығына айналуына мүмкіндік береді.


Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының төрағасы ретінде сайлануы  бұл беделді ұйымның  қазіргі заманның басты қатерлері мен уақыт сынына қарсы әлдеқайда серпінді де сенімді жауап қатуына мүмкіндік беретініне кәміл сенемін.


Сонымен қатар, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы тұрудың басты құралдары ретінде толеранттылық, конфессияаралық және ұлтаралық келісім проблемаларын барынша терең зерделеудің де маңызы арта түспек.

 

Құрметті депутаттар!

 

Сіздердің құзырларыңызға елімізді одан әрі дамытуға қажетті заң жобалары ұсынылып отыр. Әлемдік қоғамдастықтан өзіміздің лайықты орнымызды алу үшін біз әрдайым ілгері басып, ілкімді жұмыс істеуге тиістіміз. Сіздерге жүктеліп отырған жауапкершіліктің жүгі де аз емес, құрметті депутаттар.


Осы орайда мен сіздерді алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізуіміз үшін және Қазақстанның одан әрі өркендеуі жолында жауапкершілікпен жемісті жұмыс істеуге шақырамын.

 

 

Астана қ., 2006 жылғы 1 қыркүйек