Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрдің орынбасары
Т.Б. Дүйсеноваға
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Тамара Босымбекқызы!
Президент Атыраудағы Ұлттық Құрылтайда ұлтымызға қауіп төндіретін, жастарымызды құрдымға апаратын бірнеше қоғамдық кеселге тоқталды. Оның ішінде өзекті мәселелерінің бірі – лудомания мен синтетикалық наркотик. Мемлекет басшысы бұл жайында: «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет», – деп нақты тапсырма берді.
Былтыр Президент Қауіпсіздік кеңесінің жиынында да лудоманияның қарқынын тежеуді тапсырған еді.
Шынында бұл қоғамдық дерт қаншама жанды қиын жағдайға душар етіп, шаңырағын шайқалтты. Құмар ойынға адасқан талай азамат қарызға батты, заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Тығырыққа тіреліп, өзіне өзі қол жұмсағандар саны да, өкінішке қарай, өршіп барады.
Осыны ескеріп, әріптестеріміз бұл мәселеге заң жүзінде тосқауыл қою туралы айтып келе жатқанына біраз болды.
Заң жобасында құмар ойын ойнайтындарды 25 жасқа дейін шектеуді, шетелдік ұйымдастырушылардың заңсыз қызметінде қаржы операцияларына тыйым салуды, бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына тыйым салуды және тағы басқа түзетулер енгізуді жоспарладық.
Өкінішке орай, қазір лотерея терминалдары OLX және басқа да маркетплейстерде еркін сатылып жатыр. Осы аппараттарды сатып алып, тұрғын үйлердің астындағы дүкендерде заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастырып, сотталып жатқан азаматтар да жетерлік.
Яғни біз бюрократиямен айналысып, жоспар құрып, оны орындауға кіріскенше, бұл қоғамдық дерт өршіп жатыр. Бұған қоғам болып тосқауыл қоятын уақыт келді. Бұл дертпен барлық қоғамдық, саяси, креативті индустрия, басқа да күштерімізді жұмылдыра отырып, салауатты өмір салтын «мейнстримге» айналдыруымыз қажет.
Ел азаматтарының зиянды әдетке бой алдыруының алдын алып, қоғамды қатерлі дерттен айықтыру үшін жан-жақты шаралар тез арада қабылдануы қажет.
Бұнымен қоса тағы бір алаңдатарлық мәселе – өршіп кеткен есірткі өндірісі мен саудасы.
Елімізде тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Бұл – дабыл қағарлық жағдай!
Сондықтан да Президент: «есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», – деді.
Бұл індет бізге сырттан келгені анық. Халықаралық тәжірибені пысықтап, ең үздік жолдарын қолдануымыз қажет. Құқық қорғау органдары бұл үрдісті қатаң бақылап, тек жаза қолданып қана емес, профилактилық шараларды көптеп енгізуі қажет деп санаймыз.
Қазіргі уақытта есірткі бизнесінің жаңа көріністеріне қарсы күресті күшейтуге Мәжіліс есірткі жасау үшін пайдаланылатын заттар мен жабдықтардың елдегі заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін заң жобасын қабылдауға дайын екенін мәлімдейміз.
Президентіміздің аталған қоғамды улайтын кеселдермен күресу бойынша бастамасын барлық әріптестерімді қолдауға шақырамын. Өйткені мен сот саласындағы жұмыс тәжірибемде осындай індеттерге душар болған отбасылардың зарын өз көзіммен көрдім.
Бірінші кезекте жас отбасылардың ажырасуына, кішкентай сәбилердің тірі жетім болып қалуына, жас лудамандардың ата-аналарын белшеден қарызға батыруына, суицидке баруына негізгі себептерінің бірі – осы проблемалар.
Осы айтылғанды ескере отырып Үкіметке аталған мәселелер бойынша Президенттің бір емес, бірнеше рет Ұлттық Құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесте, ресми жиындарда берген тапсырмаларын бірігіп шұғыл іске асыру қажеттілігіне назарыңызды аударамыз.
Құрметпен,
Депутат Н. Байтілесов
және «AMANAT» партиясы
Фракциясының депутаттары