Базарбек
Бақытжан
Жұмабекұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Жалпы отырыс

  Депутат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің  Бірінші орынбасары Р. В. Склярға және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б. Н. Асыловқа сауаол жолдады:

  "Өкінішке орай, құрылыс саласына шағын және орта бизнес ретінде қолдау көрсетіп, әкімшілік рұқсат беру рәсімдерін оңайлатамыз деп құрылысты жобалау саласына бақылау жүргізуді ұмытып кеттік.

  Әрине, Президенттің тапсырмасын орындау керек, бірақ та бақылау тетігін жіберіп койсақ, Түркиядағы сапасыз құрылыстың кебін киеміз!

 Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысын бақылау саласында жүздеген өзекті мәселелер орын алып отыр. Солардың катарында құрылыс жобалары мен оған жасалған сараптаманың сапасыздығы, өткізілетін қоғамдық тыңдаулардың және құрылыс жобалары аясындағы келісімдердің үстірт жасалуы және ең бастысы әкімдіктердегі "құрылыс лоббиі" өзекті болып отыр. Құрылыс жобаларын әзірлейтін компаниялар сол құрылысты көтеріп жатқан құрылыс компаниясының заңды үлестес тұлғасы болып шығады.

  Бұл жағдайдың сорақысы – құрылыс жобаларын әзірлейтін жобалау ұйымдарының иелері болып келісім жасайтын уәкілетті органның не құрылысты бақылайтын ГАСК-тің немесе әкімдіктің лауазымды тұлғасы және жақын туған-туыстары болып шығады. Сондыктан да, құрылысты жобалау ұйымдары шенеуніктермен не болмаса құрылыс компаниясымен ауыз жаласқан сыбайлас болса,  онда жобаға сараптаманың берілген оң қорытындысы мен мемлекеттік органдардың берген келісулерін жарамсыз деп танудың заңды мүмкіндігін күшейту қажет!

  Одан бөлек, құрылыс жобаларына қоса тіркелетін қоршаған ортаға кері ықпалды дайындау және қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру барысында (ОВОС жобасы) құрылыс компаниялары әкімдікпен сыбайластықтың нәтижесінде ОВОС жобалары үстірт әзірленеді, тыңдаулар формальды өтеді, тыңдауларға халық формальды шақырылады. Екі ортада, халықтың келісімінсіз, ОВОС жобасынсыз заң бойынша жол берілмейтін жерлерде ірі құрылысқа рұқсат беріліп кетеді.

  Алдағы уақытта, құрылыс жобаларына сапасы мен заңға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тыңдаулардың орнына қоғамдық сараптама енгізуді ұсынып отырмын. Қоғамдық сараптаманың оң қорытындысыз құрылыс жобасына сараптаманың оң қорытындысы мен құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеуі қажет. Осындай қатаң шараға баруға тура келіп отыр.

   Сонымен қатар, ОВОС жобаларын әзірлеу шарттарын күшейту қажет. Құрылыс жобаларына жасалатын сараптамаға да көптеген сұрақтар туындайды. Қазір жеке сараптаманы жүргізетін мекемелерді мемлекеттік сараптамаға қосу туралы мәселе қоғамда көтеріліп жатыр, бұған біз тосқауыл қоюымыз қажет. Бұл сараптама субьектілері арасына бәсекелестікті жоққа шығарып, мемлекеттік сараптама монополиясын қалыптастырады. Ал бұл жемқорлықты күшейтетіні анық.

  Мемлекеттік және жеке сараптама ұйымдарының қызметін қадағалауды едәуір күшейту қажет. Іс жүзінде Сарапшылар ұйымының палатасына мүше болмайтын жеке сараптама ұйымдары құрылыс жобаларына оң қорытынды беріп жүргені анықталып отыр. Сондықтан да жобалау құжаттамасына сараптаманы тек Сарапшылар ұйымдарының палатасына мүше ұйым ғана беруі тиіс және тиісті заңнамалық шектеулерді тез арада  заңнамаға енгізу керек.

 Бүгінде құрылыс жобасы аясында әзірленетін авторлық және техникалық қадағалау қорытындылары сын көтермейді. Көбінесе, құрылыс компаниялары өзіне үлестес авторлық және техникалық қадағалау ұйымдарын ашып, өзінің обьектісіне тиісті қорытындыларын оны ақиқаттылығы мен шынайылығының бар-жоғына қарамастан алып отырады. Соның нәтижесінде авторлық жобадан едәуір ауытқу жасайды: заңсыз, рұқсатсыз және жобаға қарама-қайшы қосымша қабаттарды көтеріп тастайды, құрылыстың параметрлері жобаға сәйкес болмай шығады, болмаса, жобада көрсетілмеген құрылыс материалдары қолданылады. Осындай құрылыстың қауіпсіздігіне кім кепілдік береді? Бұл авторлық және техникалық қадағалау саласындағы мемлекеттік бақылаудың жоқтығын айқындайды.

  Бір ғана мысал, 2022 жылы жеке тұргын үй құрылысы үшін 10 сотык жерді беру үшін инженерлік инфрақұрылымды әзірлеуге бюджеттен
51 миллиард 782 миллион 141 мың теңге бөлінген. Оның 48 миллиарды ресми игерілген болса және 2022 жылы мемлекет 49 591 инженерлік әзірленген жер учаскесін дайындау жоспарланса, іс жүзінде әзірленген жер саны 24 968 жер учаскесі. Сонда 25 мың жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылымды әзірлеуге, жобалық құжаттамаларды дайындауға кеткен 26 миллиард теңге кайда?! Жер кайда?! Тізімде тұрған халық өзінің тиесілі жерін күтіп отыр!

 Оның ішінде  жоспар бойынша жеке тұрғын үй салуға бөлінген Акмола облысының  203 учаскесінде, ал Қостанай облысының 3 319 және Солтүстік Қазақстан облысының 219 жер телімдерінде инженерлік-коммуникациялық  инфрақұрылым  жүргізу  қарастырылған болса, іс жүзінде бұл облыстарда жұмыс мүлдем жасалмаған.  Жер де жоқ, ақша да жоқ!

  Сол сияқты Батыс Қазақстан облысында 1 906 жер телімінің
688-інде, Қызылорда облысының 5 668 учаскесінің 886-нда, Маңғыстау облысының 6 930 жер телімінің 50-нде, Түркістан облысының 11 610 жер телімінің 4 438 учаскесінде ғана инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізілген.

  Батыс Қазақстан облысының 1 289, Қызылорда  облысының 4 782, Маңғыстау облысының 6 880, Түркістан облысында 7 200 жер   телімдерінде инженерлік инфрақұрылым әзірленбеген.

  Онсыз да үйсіз, күйсіз, сан жылдар бойы жер алуға үміттеніп отырған   халыққа әкімдіктердің бұл қылығын қалай түсіндіреміз?! Мұны тексеріп жатқан Прокуратура да жоқ, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін мемлекеттік орган да жоқ, Ревизиялық комиссия да тексеріп жатқан жоқ!

  Жоғарыдағыны баяндай келіп, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарына прокурорлық тексеруді бастауды сұраймыз.

  Сауалға депутаттар  Е. Әбдиев, Е. А. Бейсенбаев, Қ. Иса, С. Пономарев, Е. Саурықов қосылды.