Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
15 ақпан - кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні

Қазақстанның Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы Руслан Фатихұлы Жақсылықовтың шақыруымен Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің жауынгерлерімен кездестім.
Әскери қалашық елорданың жанында, Үркер (бұрынғы Ильинка) кентінде орналасқан. Қаладан 15 шақырымдай жерде.
Кездесудің мақсаты анық. Соғыс көрген азаматтардың жауынгерлермен тәжірибе бөліскені керек. Жас сарбаздардың рухын көтеру, отаншылдыққа тәрбиелеу, таудай талап қойып, таңдап тактикалық тәсілдерге үйрету маңызды.
Әйтпесе, Ұлы Отан соғысына да, Ауған соғысына да бұған дейін оқ-дәрінің иісі мұрнына бармаған балаң жігіттер көп алынғаны мәлім. Автоматтарын тазалап отырып, бірін-бірі атып алған жағдайлар да кездесті. Кейінірек олардың бәрінен білікті командирлер «атсаң – оқ, шапсаң – қылыш өтпейтін» нағыз жауынгер шығарды. Күні-түні жаттықтырды, ащы терін алды.
Жаратқан Ие қазақ елін бейбіт күннен айырмасын! Бірақ күрделі заманда бәріне сақадай-сай отырған жөн. Демек, майдан даласында жасындай жарқылдайтын, ештеңеден тайсалмайтын, жауынан айласын асыратын, күші басым түсетін жауынгерлер даярлау миссиясы қазір де өзекті.
Әскери қалашықты аралау кезінде бір сүйсінткені: кеңес заманында репрессияланып кеткен арыстарымыздың суреттерін қабырғаларға іліп қойыпты. Әңгімелесу кезінде осыған назар аудардым, жастардың сол ұлтжанды тұлғаларымыздың өсиеттеріне, асыл сөздеріне қанығып, рухтануы керектігін баса айттым. Олар біздің болашағымыз үшін басын бәйгеге тікті, өмірін қиды. Олар аңсаған азаттық – біздің қолымызда. Сол бақытты баянды ету, тәуелсіздігімізді, мемлекеттілігімізді ұлықтап, сақтау – әрбір сарбаздың парызы.
Мемлекет басшысының бастамасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссиясы құрылды. Оған мен мүшемін. Осы комиссияның жұмысы аясында кезінде жала жабылып, нақақтан атылып-асылған қаншама ұлтжанды азаматымыз ақталатын болады. Ұлттық тарихымызды тану арқылы жігерімізді жанимыз. Құлдық санадан арылуға ден қоямыз.
Жүздесу соңында гвардияшылдар өздері шығарған, Тұңғыш Президентіміздің Қазақстанның құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасуы мен дамуына қосқан ерекше рөліне арналған «Елбасы және Ұлттық ұлан» кітабын маған сыйға тартты. Бұл туындының тұсаукесері 2020 жылғы 3 шілдеде онлайн өткен.
Айта кетейін, Ұлттық ұлан жауынгерлерімен Қордай қақтығысы кезінде бірге болдық. Пандемия кезінде еріктілермен бірге жұмыс істегенімде де, осы Ұлттық ұлан жігіттерімен тізе қоса қимылдадық. «Қазақ болып тумағанда нетер ем? Бұл жалғаннан бақыт таппай өтер ем?» деп елді жігерлендіруді мақсат еткен әлеуметтік бейнероликтер түсірдік.
Елдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен тәртіптің сақталуы жолында ардагерлер мен жауынгерлердің ынтымақтастығы жалғаса бермек.

#BaqytbekSmagul #BakhytbekSmagul #BakitbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҰлттықҰлан #НацГвардия