Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Қызылорда облысында «ЕЛ БІРЛІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» атты дөңгелек үстелге қатыстым

Қызылорда облысындағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі» мерекесіне арналған «ЕЛ БІРЛІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» тақырыбындағы дөңгелек үстелге онлайн қатысып, баяндама жасадым.
Сөйлеген сөзімді назарыңызға ұсынамын!

Ардақты ағайын!

Қазақтың БІРЛІК деген қасиетті сөзі ІРІЛІК деген қадірлі сөзбен қабысып жатқандай көрінеді маған!
Біздің халқымыз үшін бірлік деген не?
«Менің халқым өзге халықтардың түсіне кірсе, шошып оянатындай қорқынышты оқиғаларды бастан кешті. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды», – дейді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Бұл шындық. Егер ұлан-байтақ даламыздың табиғаты өткен тарихымыздан сыр ақтатар болса, оның тауы күрсініп, талы шулап, қайғы-мұңнан қара тасы қақ айырылуы ғажап емес.
Біздің қазақ қашан тыныш ұйықтап еді? Көк түрік Күлтегін бабамыз түнде көз іле алмағанын, күндіз байыз тауып отыра алмағанын бекер тасқа қашап кетпеген. Аз өмірі аттың жалында, майдан жолында өткен мәрт Махамбеттердің қызғыш құсқа ішкі зарын айтып, ұйқы көрмей аңсағаны азаттық пен абат күн еді. Күні кеше күркіреп өткен жаһандық сұрапыл соғыста батыр Бауыржандар қаруын алып, жауына қаһарлана ұмтылғанда, көздегені бейбіт те берекелі өмір болатын.
Күрсінумен күні өткен, қасіреттен көз ашпаған халқымыздың ең асыл арманы осыдан 30 жыл бұрын орындалды. Біз Азаттыққа қол жеткіздік!
Осы жылдар ішінде татулығы арқасында тыныштық орнатып, бейбіт пейілі арқасында берекесін бекемдеген Қазақстан халқы жасампаз жолға түсті, бақуатты болашағының іргетасын қалады.
Біз Тәуелсіздікті ұлық тұтып, тұрақтылықты дәріптеу, ынтымақтан ырыс теріп, бірлікті бекемдеу арқылы өзге елдер өнеге ететін, санасатын іргелі мемлекет құрдық.
Барды бағалай білуге тиіспіз. Әр жаққа тартып, кері кетпеуіміз керек, бірліктің бесігін тербетуіміз керек. Заманмен бірге ер жетуіміз керек. Оянуымыз керек, ой алуымыз керек.
Қазіргі жаһандану дәуірі ауызбіршілік танытып, жаһандық сын-тегеуріндерге бірлесе қарсы тұра алмаған мемлекеттерге қауіп төндіреді, тіпті оларды тарихтың күресінінде қалдырады.
Президентіміздің білікті басшылығы, халқымыздың келісімді ісі арқасында Қазақстан қаншама дағдарыстан, замана сындарынан аман өтері сөзсіз.
Бүгінде біз: «Барымыз зор, жоғымыз болса толар, ең бастысы – еңселі еліміз мынау!» деп қасқая тұрып, мақтана айтатын дәрежедеміз. Әйтпесе, жаһандану жағдайында жоқтықтың қанжығасына байланып, халқының күтімі мен жерінің бүтіндігіне жете алмай, зарланған жұрттар қаншама.
Қазақстан халқы өзінің бірлігі және мемлекетінің қуаты арқасында пандемия әкелген нәубеттерді де абыроймен еңсеруде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қойған ірі міндет-мұраттар лайықты жүзеге асуда.
Біздің алар асқар асуларымыз әлі алда.
Талай зар заман мен аласапырандарды бастан өткерген апайтөс Еуразия құрлығының дәл кіндігіндегі Ұлы Далаға иелік еткен еліміз ары қарай да әр өңіріндегі, әр саладағы табыстарымен рухтанары сөзсіз.
Ынтымағы жарасқан, татулығы бар асқан біздің мына халқымыз еңсесін тік ұстап, келер күндерге кемел қадам басарына мен шүбәланбаймын!
Әрине, салған жерден иіп қоя беретін «сауын сиыр» заман жоқ. Өз бетіңше озық жобасын тауып, жолын ашпасаң, ешкім сырттан келіп жарылқамайды. Жаңа дәуір әр істің оңтайын тауып, орайын келтіруді талап етеді. Азаттықтың ақ таңы атқалы жетістіктер рухын бойына сіңіріп үлгерген, ірі бастамаларды ұтымды іске асыруды үйренген халқымыздың кез келген сынақты еңсеру қолынан келеріне бек сенімдімін.
Мәңгілік ел құру үшін бір ұрпақтың өмірі аздық етеді. Тек көп ғасырлық бірлік пен сабақтастық, тек ұрпақтан ұрпаққа берілер ортақ мақсаттар ғана осынау ұлы міндетті шешу үшін ұлтты ұйыстыруға қабілетті.
Ендеше бірлігімізді нығайтып, тірлігімізде тың табыстарға жете берейік!

#BaqytbekSmagul #BakhytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #1мамыр #1май #БірлікКүні #ҚызылордаОблысы