Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Спортшы жастармен кездестім

Спортшы жастармен кездестім

Жауырыны жерге тимеген,
Жауына басын имеген.
Қазағым, Елім, Жұртым деп,
Намысын өрге сүйреген.
Жекпе-жекте кілемде,
Басына қадап түйреген.
Көбейе берсін Қазақта,
Сендердей елін сүйген Ер!
Спорттың ұлт өмірінде алатын орны ерекше. Бала тəрбиесіне ерте жастан көңіл бөлген қазақ халқы саламатты өмір салтын ұстануға, дене тəрбиесіне баса мән берді. Қазақтың барлық ойыны денені шымыр етуге, сом білекті қалыптастыруға, сұрмергендерді баулуға бағытталған. Ата-бабаларымыз «тəні саудың жаны сау» деп бекер айтпаған.
Осы орайда «Qazaqstan Ardagerleri» Қауымдастығының төрағасы, «Әмбебап жекпе-жек федерациясының» президенті ретінде Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr–QTT» спорт клубының жас спортшыларымен кездесіп қайттым. Оның бөлімшелері Алматы қаласының Бостандық ауданында және Алматы облысының Іле ауданында орналасқан.
Бұл спорт клубында қазіргі кезде 200-ге жуық жас тəрбиеленеді. Оның өкілдері көптеген халықаралық жарыста жетістіктерге жетіп, жеңіс тұғырына табан тіреді, ел намысын асқақтата көтерді.
Жас спортшылар Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Дабиінде өткен Әлем чемпионаттарында, Ресейдің Петерборында, Қырғызстанның Бішкек, Ош қалаларында, Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен халықаралық жарыстарда чемпион атанды, жүлде алды. Олардың қатарында Самат Айтпанбет, Елжан Жұмәділ, Нұртуған Бекмұратов, Диас Қанайбеков, Азамат Абдиев, Мақсат Мұратұлы, екі дүркін әлем чемпионы атанған қарындасымыз Жібек Құлымбетова және басқалары бар.
Жеткіншектеріміз халқымыздың адал перзенті, батырымыз Сағадат Нұрмағамбетов есімін лайықты насихаттап жүр.
Ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Sagadat Batyr–QTT» спорт клубына қазақ спортын дамытуға қосып жүрген үлесі үшін «Qazaqstan Ardagerleri» Қауымдастығы атынан Алғыс хат табыстадым. Бұл спортшыларымызды жігерлендіру, жаңа жетістіктер мен табыстарға жетелеу үшін маңызды.
Командалық рух, белсенді еңбек сыртында білікті бапкер болмаса, үлкен жетістікке жету мүмкін емес. Осы орайда, ұстаз еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Кездесу барысында «Sagadat Batyr–QTT» спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсудан халықаралық жарыстардың жеңімпазы Нұрсұлтан Орынбасаровты Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісімен марапаттадым.
Жас спортшыларымызға алдағы үлкен жарыстардан тек жеңіспен оралады деп үлкен үміт артамын.
Дені сау, білімді, білікті жастарымыз көп болсын!
Бақытбек Смағұл
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakhytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #SagadatBatyrQTT