Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Ардақты ардагердің шаңырағында болдық

Ардақты ардагердің шаңырағында болдық

Парламент депутаттарының ауыл-аймаққа іссапарлары үй-үйді аралауды қарастырмайды. Дегенмен, Қызылорда өңіріне сапарым аясында облыстағы қоғам белсенділерінен, халық алдында тындырымды тірлік атқарып жүрген ел азаматтарынан шаңыраққа бас сұғып, емін-еркін жағдайда әңгіме-дүкен құру, қазіргі саясаттану тілімен айтқанда, «канвассинг кездесу» өткізу туралы ұсыныс түсті.
Ел тілегін қабыл алып, Қызылорда қалалық білім саласы ардагерлері Кеңесінің төрағасы Мылтықбай Байымбетовтің отбасында болдық. Бәйтеректің қуаты тамырында, дарияның қуаты ағынында, шәкірттің қуаты қалыбында десек, Мылтықбай аға – қазақтар ақылдың кені дейтін, жан-жақты білімі бар, терең ойлы, тағылымды тұлға.
Мылтықбай ақсақал басқаратын кеңес білім беру ісіне сүбелі еңбек сіңірген 1 870 ұстаз-ардагердің басын біріктіреді екен. 54 бастауыш ұйымы бар. Педагог ардагерлер қол қусырып қарап отырмай, жиналып, бір автобуспен барып, орақ науқанына, пішен шабуға атсалыспақ. Сол арқылы Арал ауданында талғар шөп таппай тарыққан төрт түлікті жемазықпен қамтуға өзіндік үлес қоспақ ниетте. Осылайша жастарға үлгі көрсетуге ұйғарған.
Мылтықбай Мұстафаұлының дастархан басында айтқан ұсыныстарын, байлам-пікірлерін көңілге тоқып қайттық. Мысалы, ардагер Қызылорда қаласының көрікті жерінде «Ұстаздар аллеясын» ашуды ұсынды:
«Дәрігерлерге арналған аллеялар ашылып жатыр, құптаймыз! Бірақ дәрігердің де ұстазы барын ұмытпағанымыз абзал. «Ұстаздар аллеясы» әрбір өңірде болса, сол арқылы жас ұрпаққа ұлағатты үлгі болатын ұстаздарды ұлықтауға, педагогтердің мәртебесін көтеруге ықпал етуге болады», – дейді Мылтықбай ақсақал.
Екіншіден, ол өңірде жұмыссыздықты жою, жаңа жұмыс орындарын ашу жолдарын, жөн-жобасын көрсетті. Ардагер айтқан ұсыныстар қатарында кішігірім зауыттар құрылысын дамыту және демеу, күнбағыс майын шығаратын, жемазық дайындайтын орындарды көптеп ашуға мүмкіндік беру, мемлекеттік қолдау көрсету тәсілдері бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шикізат күйінде шетелге арзанға сатпай, терең өңдейтін шаруашылық түрлерін көбейту керектігін қаперге салды.
Үшіншіден, суды көп шығындайтын дақылдарды қысқартып, орнына күнбағыс, мақсары дақылдары, жүгері, арпа, сұлы және тағы басқасы егілсе жөн деген байламын жеткізді.
«1994–1995 жылдары №101 мектеп жанынан қосалқы шаруашылық аштық. Тоғандап балық өсіру шаруашылығы жолға қойылды. Сонда бірнеше мекеме біріге отырып, 100 гектар жерге бидай еккеніміз есімде. Әр гектарынан 28 центнерден өнім жинадық. Басқа шығын болған жоқ. Пайдаға кенелтеді. Осындай суды, артық шығынды қажет етпейтін дақыл түрлерін көптеп егуді және қалдықсыз өңдеуді жолға қою керек», – деді Мылтықбай Мұстафаұлы.
Ардагердің байламынша, қазіргі кезде Арал, Қазалы аудандарын жайлаған қуаңшылықтан шығу жолы – Сырдария өзеніне су тастау. Көрші республикалармен (Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанмен) арадағы мемлекетаралық келісім аясында Сырдарияға 12,5 миллиард текше метр су алыппыз. Оның бір бөлігін өз жерімізде тұрақты сақтап қалуға болатын еді. Осы мәселе тек мемлекет басшыларының араласуымен шешіле алады. Әйтпесе, қазіргі қуаңшылық жайлаған өңірлерге сырттан шөп тасу, не болмаса сорғы-насос арқылы көлдерді толтыру – уақытша дүние. «Түбі дарияда су тартылса, нені айдайсың?!»...
Мылтықбай ардагердің шаңырағынан рухтанып, рухани қуаттанып шықтық. Құбылаға қарап қартаятын парасатты, ақылды, саналы ақсақалдарымызды көрген сайын марқаямын.

Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #BakhytbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #NurOtan #Мәжіліс #Qyzylorda

#deputatnurotan