Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Елордадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған Орталық клиникалық госпитальде жатқан сырқаттармен кездесу

Елордадағы Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған Орталық клиникалық госпитальде (Әуезов, 11) жатқан сырқаттармен кездестім. Бұл госпитальде Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлері, сондай-ақ Семей полигонының, Чернобыль апатының зардабын тартқандар емделеді. Ай сайын осы ауруханаға келіп, емделушілермен жолығып, хал-жағдайларын білемін, Құдайы ас беріп, өмірден өткен ардагерлерге Құран оқытып тұрамын.
Бұл жолы да «сырқаттар лайықты дәрігерлік көмек ала ма?», «дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген бе?», «дұрыс тамақтандырыла ма?» деп, соның мән-жайына қанықтым. Бас дәрігері Динара Аманболқызымен сөйлестім.
Бірнеше мәселені назарға алдым.
Біріншіден, госпитальдің қарсы алдында бұрын Сыртқы істер министрлігі пайдаланған бос ғимарат бар екен, енді оны госпиталь жалға алып, әкімшілік блокты сол нысанға көшіріп жатыр.
«Барлығымыз да мемлекеттік мекемелерміз ғой, бюджет қаражатын аренда ақысына шығындамау үшін сол ғимаратты СІМ балансынан алып, бізге берсе?» – деп, бас дәрігер тілек айтты. Тиісті құжаттарын маған береді, мен жауапты меморгандарға ресми хат жолдаймын.
Екіншіден, госпитальде шағын палаталарда сырқаттар 2–3, тіпті 4 адамнан жатыр. Әкімшілік, бүкіл персонал көрші ғимаратқа көшкен соң, аурухана толығымен пациенттердің еншісіне тиеді. Соның арқасында бір палатада бір адамнан жата алады. Сонымен қатар емделуге, сауығуға ықпал ететін қосымша жайлы жағдайлар жасауға жол ашылыпты, мысалы, мұнда тұзды бөлме жабдықталуда.
Бұл госпитальдің мәселелерін көптен көтеріп жүргенмін. Кезінде депутаттық сауал да бағыттадым. Енді жағдай біраз жақсарып қалатын болды. Өзгерістердің бәрін көзіммен көріп, ағымдағы ахуалымен таныстым.
Ардагерлермен әңгімелестім. Видеода бейнеленген қария, Ақтөбе облысындағы Шалқардың тұрғыны Ырзағұл Байекешевтің жасы 98-ге толған екен. Осы аптада туған күнін атап өтіпті, шөпшегінің қызығын көріп отырған ақсақал. Тың көрінеді, саңқылдап сөйлеп отыр, оған амандық, қуат берсін! «Депутатсың деп естідім, Бақытбек Смағұл деген азаматпен жақын таныс шығарсың!» деді мені көре сала. «Ия, соның өзімін!» деймін. «Айналайын, сен екенсің ғой! Танымай қалдым, шешсейші маскаңды! Кел, әңгімелесейік!» деді ақсақал. Палаталасы 90-ға келген, атбасарлық Манат Шайкенов қария. Үлкенді сыйлап өскен ұрпақпыз, қастарына жайғаса кеттім, емен-жарқын әңгімелестік. Жаратқан Иеге тәубешілік етіп отыр. Жақсы емдеп жатқандарын айтып, алғыстарын жеткізді. Медициналық көмек деңгейіне көңілі толады.
Емделушілерді жинап, дастархан жайдым, қайтыс болған ардагерлердің аруақтарына Құран оқыттым.
Семей полигонынан зардап шеккендер, Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюға қатысқандар да өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді. Бұл проблемаларды біз біраздан көтеріп, Парламент Мәжілісі, Nur Otan фракциясы, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы арқылы істі ілгерілетуге тырысудамыз. Әңгіме үстінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязовқа тікелей хабарластым: ол семейліктер мен чернобыльдықтардың көкейіндегі сұрақтарына нақты жауабын, құнды кеңестерін берді. Азаматтар соған дән риза болды. Демек, азаматтардың ортақ қана емес, жеке мәселелері де шешілуге тиіс.
Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҰОСМүгедектерінеАрналғанОрталықКлиникалықГоспиталь #ЦентральныйКлиническийГоспитальИнвалидовВОВ #deputatnurotan