Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Парламент Мәжілісі депутаттарының ауыл-аймаққа сапарлары

Парламент Мәжілісі депутаттарының ауыл-аймаққа сапарлары аясында әріптесім Ғалым Әміреев екеуіміз Қызылорда облысын аралап жүрміз. Арал ауданы тұрғындарымен кездесу өткіздік. Халықты қандай мәселелер алаңдатады? Осыған тоқтала кетсем.
1. Аманөткел ауылдық округінде біріншіден, Қаналы Жеткергенов елді мекенді жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Ол кісіге бұл мәселенің орындалып жатқанын жеткіздік. Атап айтқанда, қазіргі кезде қажетті жем-шөп қорын жасақтау жұмыстары жалғасуда. Округке 6 мың 922 тонна шөп және 65 тонна жем тасымалданып, жеткізілді.
Екіншіден, жергілікті ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мақсұт Ералиев Аманөткел елді мекеніне аяқ су құбырын жүргізу қажеттігін айтты. Жауапты тұлғаларға хабарласып, бұл проблеманың қалай шешілетінін білдік. Нақтылай кетсек, Аманөткел елді мекеніндегі саябақты көгалдандыру үшін су айдау сорғы-насосы мен электромотор алуға 2,8 млн теңге бөлінген, жабдық алыныпты.
Сонымен қатар, бұл ауылдағы аяқ су құбырын күрделі жөндеуден өткізу жөнінде облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсыныс хат жолданған. Ақшатау және Қамыстыбас көлдер жүйесін суландыру мақсатында «Мырзаш» өңіріне тоспа салу мәселесі пысықталуда.
Үшіншіден, Ақшатау ауылының тұрғыны Шанжархан Жұбатханов осы елді мекен тұсындағы «Қазыбек» каналына тоспа салуды ұсынды. Мәселе назарға алынды.
Төртіншіден, кездесуде аудандық мәслихат депутаты Батыржан Ұзақов Аққұлақ елді мекеніне кіреберіс автокөлік жолының құрылысын жүргізу мәселесін қаузады. Жауапты азаматтардан бұл мәселеге қатысты ақпарат алғызды. Тиісті жоба бар көрінеді. 8 шақырым болатын «Аққұлақ елді мекеніне кіреберіс автожолының» құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2021 жылы мемлекеттік сараптамадан өткізілген екен: жоба құны 688,5 млн теңге тұрады. Аталған жобаны қаржыландыру мақсатында облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне ұсынылды. Бұл жобаны енді орталықта ілгерілету қажет.
2. Бөген ауылдық округінде халықпен жүздестік. Ауыл тұрғыны Бақытжан Үргенішбаев «Бөген-Қарашалаң» және Бөген ауылішілік автокөлік жолдарының құрылысын жүргізу керектігін қаперге салды.
Бұл жоба да орындалуға тиіс. Анықтағанымыздай, облыстық маңызы бар «Бөген-Ақлақ» атты 20,52 шақырымдық автомобиль жолын орташа жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамасы 2018 жылы әзірленген: жоба құны сол кездің өзінде 805,5 млн теңгені құрапты. Қазіргі уақытта құрылысқа қажетті материалдардың күрт қымбаттауы салдарынан мердігер компания құрылысты жүргізе алмай, жоба құнын қайта есептеуге ұсыныс айтуда. Мәселе пысықталып жатыр.
Ал ауылішілік 2 көшенің (3,3 шақырым) автомобиль жолдарын орташа жөндеуге облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған: жоба құны – 177 млн теңге болады.
Ауыл тұрғыны Бақыт Зейнуллаев апатты жағдайдағы «Айдын» балабақшасының ғимаратын жаңадан салу қажеттігін мәселе етіп көтерді.
Жауапты тұлғалар орындалатынын айтады. Елді мекенде 90 орындық балабақша құрылысының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық Білім басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Жобаға 15,2 млн теңге сұралып отыр.
Сонымен қатар, ауылда жекеменшік балабақша ашылады: ғимарат құрылысы жүргізілуде. Ол жеке кәсіпкер Б.Әліповтің жобасы. Кәсіпкердің дерегінше, алдағы маусым-шілде айларында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда
Бұдан бөлек, Бөген дәрігерлік амбулаториясына жоғарғы санатты дәрігер бөлу қажеттігі анықталды.
Ауыл тұрғыны Жақсылық Ділжанов маңызды бір проблемаға назар аударып, балық шаруашылығы үшін қажетті су айдындарының тізіліміндегі «Қарашалаң» көлін ауылдық тұтынушылар кооперативінен алып, тұрғындарға қайтаруды ұсынды. Қарашалаң көлі «Бөген-2016» кооперативінің пайдалануына 2016 жылдан бастап, ұзақ мерзімге берілген екен. Мәселе жоғарыға жеткізіледі.
Ауыл тұрғыны Әділхан Әбдікәрімов №20 мектептің ескі ғимаратын әлеуметтік нысан ретінде қайта бейімдеуді ұсынды.
3. Қаратерең ауылдық округінде қоғамдастық төрағасы Мнәжат Биманов тұрғындардың «ауылдық округтің территориясына жақын, 1 шақырымдай жерде орналасқан «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының теңгеріміндегі Қасқақұлан жер учаскесінің (109,942 гектар) орнын ауыстыруды» өтінетінін жеткізді. Сонда ауылдықтардың төрт түлік малы үшін жайылымдылық жер кеңейер еді. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралуға тиіс.
Бақытбек Смағұл
Мәжіліс депутаты
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҚызылордаОблысы #Арал #deputatnurotan #КүшімізБірлікте #СилавЕдинстве