Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Қорғаныс саласында мемлекеттік тілді дамытуға баса мән берілуге тиіс

Қорғаныс саласында мемлекеттік тілді дамытуға баса мән берілуге тиіс
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі ретінде Қызылорда қаласында жұмыс сапарымды жалғастырдым. Қызылорда облыстық қорғаныс істері департаменті мен Қызылорда қалалық қорғаныс істері басқармасының ұжымдарымен жеке кездестім. Мекемелердің жұмысымен таныстым.
Алдымен VII шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің екінші сессиясындағы жұмыс қорытындыларымен таныстырдым, елге, бүгініміз бен болашағымыз үшін маңызды қандай заңдар қабылданғанын әңгімеледім. Содан кейін сала мамандарының пікір-ұсыныстарын тыңдадым.
Отанды қорғау – ұлы ата-бабаларымыздан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан аманат, парыз. Осы жолда бесаспап, әмбебап жауынгер-мамандар даярлау – қазіргі аумалы-төкпелі заманда басты талаптарының бірі. Ө¬йткені соғыстың сипаты, стратегиясы, тактикасы, әскери өнер мен оның айла-шарғылары өзгеруде. Мұны әрбір жас – болашақ Отан қорғаушы жете түсініп, жан-жақты білуі шарт. Жастарды отаншыл азамат етіп тәрбиелеу үшін әскери патриоттық, ақпарттық-насихаттық жұмыстарды күшейтуіміз керек.
Кездесуде Қызылорда облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы, полковник Айдын Сағынбеков ұсыныстарын ортаға салды.
–2019 жылы Арал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әкімшілік ғимаратында өрт болды. Салдарынан, сараптамалық қорытындыға сәйкес, әкімшілік ғимарат қанағаттанарлықсыз және апатты деп танылды. Арал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әкімшілік ғимараты республикалық баланс есебінен шығарылғандықтан, республикалық баланста тұрған жер учаскесін жергілікті атқарушы органның балансына беру және осы жер учаскесінің аумағында Арал аудандық шақыру пункті мен Арал ауданының қорғаныс істері бөлімінің жеке құрамын орналастыру үшін, белгіленген нормаларға сай келетін жаңа ғимарат салып беруге немесе бос тұрған ғимарат сатып алуға ықпал етуіңізді сұраймын, – деді полковник Айдын Айтбайұлы.
Ал Тәрбие, идеологиялық және әскери патриоттық жұмыстар басқармасының бастығы–департамент бастығының орынбасары подполковник Алмат Алмасұлы Жақыпов бірнеше мәселені көтерді.
Біріншіден, әскери бөлімдерде және мекемелерде мемлекеттік тілді дамытуға баса мән берілсін. Қазіргі кезде Қазақстанда Отан қорғаушылардың 90 пайыздан астамы – қазақтар. Алайда соған қарамастан көп жерде әлі күнге мемлекеттік тілде бұйрық беруде, күнделікті әскери тіршілікте, іс-қағаздарды жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдануда олқылық бар.
Осы мақсаттарда әскери бөлімдерде және мекемелерде мемлекеттік тілді дамытумен ғана айналысатын арнайы штаттық лауазым қайта енгізілуге тиіс.
Екіншіден, мектептерде Алғашқы әскери дайындық пәнінің сағаттары көбейтілгені жөн.
Үшіншіден, жоғарғы оқу орындарында Әскери кафедрада оқыған студенттердің лейтенант шенін алғаннан кейін әскерге баруы міндетті болуға тиіс. Сорақысы сол, бұрыннан қалыптасқан тәжірибе бойынша әскери кафедраны жастар әскерге бармау мақсатында оқиды.
Төртіншіден, мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдау талаптарында ер азаматтарға әскери билетінің болуы міндеттелсе дейді. Денсаулық жағдайына байланысты әскерге бара алмаған азаматтар тиісті анықтамасын көрсетсін. Бұл тетік әскерден қашатындарды анықтауға мүмкіндік береді.
Кадрлар және саптық бөлімшесінің бөлімше бастығы Әсел Әбибуллақызы Төрежанова білім беру ұйымдарындағы жастардың рухани байлығын дамыту мақсатында теология, бастапқы дінтану пәнін мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды. Сондай-ақ каникулы кезеңінде балалардың уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізу үшін жазғы лагерлерде әскери патриоттық, ұлттық ойындар кеңінен насихатталса екен деді.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті штабының мемлекеттік қызметтер көрсету қызметінің сержанты – қызмет бастығы, аға сержант Манат Орынбекова Таулы Қарабақтағы жауынгерлік қимылдарға қатысқан азаматтар мәселесін тілге тиек етті:
«2020 жылғы 6 мамырда қабылданған «Ардагерлер туралы» заңының 5-бабы 8-тармағында: «Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСРО ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары» деп көрсетілген. Сол себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық бөлімшелері ЖӘБО берген анықтамамен бұл азаматтарды жеңілдікті санаттағылар тізіміне тіркеуден бас тартады, жәрдемақы тағайындамайды. Ал ЖӘБО жоғары тұрған басшылықтың тапсырмасында көрсетілгендей, мұрағаттық анықтамада жазылған жазбаны дәлме-дәл түсіріп, қаз-қалпында ғана жазып бере алады. Таулы Қарабақтағы жауынгерлік қимылдарға қатысқанын растауға өтініш білдірген азаматтардың мұрағаттық анықтамаларында қызметін өткерген әскери бөлімі мен әскери бөлім орналасқан жері ғана көрсетіледі», – деді ол.
Бұл мәселені шешу жолдары ізделуде: ол үшін «Ардагерлер туралы» заңына түзету енгізіп, Таулы Қарабақтағы жауынгерлік қимылдарға қатысқан әскери бөлімдерді, орналасқан жерлерін және кезеңдерін енгізу ұсынылды. М.Орынбекова Таулы Қарабақ автономиялық облысында (ТҚАО) жауынгерлік қимылдарға қатысқан әскери бөлімдердің тізімінде (ТҚАО жауынгерлік қимылдардың ардагерлерінің сайтында http://nkao.ru/plg/forum/forum_viewtopic.php?2) көрсетілген әскери бөлімдердің заңдылығын тексеріп, қолданысқа енгізілуіне де қолдау көрсетуді сұрады.
Бақытбек Смағұл
Мәжіліс депутаты,
AMANAT фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҚызылордаОблысы #Қызылорда #deputatamanat #Amanat