Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
28.09.2017 г. опубликована статья "Рух жырлары" в газете "Ана тілі" №39

 

Рух жырлары

  86 0

Бақытбек Смағұлов – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бірнеше жыр жинақтарының, «Тағдыр тозағы» атты деректі әскери прозалық туындының авторы. Ауғанстандағы соғысқа қатысқан майдангерлердің Тәуелсіз Қазастан Республикасының жаңа тарихындағы мәртебелерінің бағалануы тұрғысындағы қоғамдық-әлеуметтік мәні бар іс-шаралардың жүзеге асуында Бақытбектің азаматтық-отаншылдық, қайраткерлік ұстанымға негізделген қызметі жұртшылыққа кеңінен мәлім. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы жаңа әдебиетінің поэзия саласына қаһармандық пен отаншылдық рух қуатымен жырланған көркем туындыларымен қосылған Бақытбек ақын жырларын оқырмандар тебіренген көңіл ықыласымен оқиды. Себебі Бақытбек ақынның жырларын оқу үстінде қазіргі оқырмандардың әрқайсысының майдандарда қаза тапқан боздақтарды ойлаған жан жараларының аузы ашылып кетеді. Қарт майдангерлердің қанқұйлы жауға қайта аттанардай қаһарлана атып тұрары анық, қарт аналардың оралмай қалған асыл жарларын сағынған жүректегі мұң-шері, көз-жасы боп төгілері ақиқат. Кейінгі толқын ересектердің, жасөспірімдердің соғыс атты алапат өртін тұтатушыларға деген өшпенділік, кек оты лап етіп тұтанып лаулайтыны анық. Бұл – Бақытбектің қаһармандық пен отаншылдық рухты жырларын оқу үстінде қазіргі жас толқынының қанды майдан шайқастарында себелеп атылған оқтардан, жарылған бомбалардан, миналардан, гранаталардан, снарядтардан жасқанбай шайқасқан, ауыр жараланса да, кенет тиген оқтан тіл тартпай бірден көз жұмса да азаматтық-еркектік намысын биік ұстап сақтаған батыр жауынгерлер тағдырларынан қаһармандық рухпен қуаттана серпілетінін сезінеміз. Бұл – Тәуелсіз Қазақ Елі жаңа тарихының қазіргі және болашақтағы ұрпақтары үшін өте құнды поэзия дәстүрі.

Бақытбек ақынның поэзиясындағы жетекші саласы қаһармандық-жауынгерлік рухты, лирикалық өлеңдері: «Жасқаншақ болма!», «Жауыңның қанын төгуге», «Мұсылман батальон», «Армысың, айбынды сарбазым!», «Ұлттық ұлан», «Жеңіс күні», «Батырлық деген немене?!», «Таптатпауға ант беремін алдыңда!», «Сардар», «Хан Абылай», «Жалаңтөс», «Жанқожа», «Ер Жәнібек», «Батыр Бәукең», «Мәншүк», «Батырдың қазасы», «Қазақтың қара майоры», т.б. Бақытбек ақынның қаһармандық-жауынгерлік жырларында батыр бабаларымыздың (Абылай хан, Жалаңтөс Баһадүр, Ер Жәнібек, Бауыржан Момышұлы, т.б.) соғыс шайқастарындағы туған Отанымыздың негізгі иесі қазақ халқының атамекендерін қорғаудағы қолбасшылық-сардарлық, жауынгерлік-сарбаздық дәстүрін сақтау, нығайту екендігі дәріптеле жырланған. Қаһармандық-жауынгерлік рух иесі болудың өмір философиясына тән ұстанымдарын ақын афоризмдік мағыналы тұтастықтағы өрілімдермен өрнектеген. Мысалы, «Жан сауғалап осалсып, тығылып жүрме қуысқа», «Қорқушы болма жауыңнан, үрейден жаның қалмайды», «Намысы биік нар ұлдар Отанын оттан қорғайды», «Сужүрек деген атақты арқалап жүрме арқаңда», «Тура қара өлімге, ерегіспен ерлерше», «Аллаға салар ісіңді нақақтан-нақақ қан төкпе!!!» («Жасқаншақ болма!»); «Адамзаттың жырға айналып алабы, Жеңіс күні ән тербетті даланы», «Жеңіс-жеңіс, батырларым – байлығым, жеңіс-жеңіс, ардагерлер – айбыным», «Жазылмаған соғыс салған жаралар», «Ұрпағымен мәңгі бірге жасайды, қан майданнан қайтпай қалған бабалар», «Ер есімі ел есінде сақталар», «Бейбіт күннің бесігінде тербеліп, ардагерлер ақ арманы ақталар», «Адам өтер, ­заман өтер көнеріп, ұрпақтары өсіп-өнер көгеріп», «Жас сәбидің иісіндей әр үйдің қариясы – құт-береке, теберік», «Жеңіс күнін жетелеген төріне, арда туған, Ардагерлер айбарым!» («Жеңіс»); «Тұла бойы жаратылған намыстан. Отан үшін отқа түсіп алысқан», «Бауыр болып, дос құшағын жайғанда, ел мүддесі айналады айбарға», «Бірлік, достық, ынтымағы бар елге бақ-береке мәңгілікке қонады», «Қалғытпашы қазағымның рухын, Алашымның аяулысы көк бөрім» («Батыр Баукең»).
Батырлық – қанды майдан шайқастарынан да, бейбіт күндердегі әділетсіздік пен озбырлыққа қарсы тайсалмай қарсы сөйлеуден де, тұрмыстық ұсақ-түйектерден аулақ мінез ірілігінен де, ұлт намысын қорғайтын қайраткерліктен де танылатынын ақын «Батырлық деген немене?» өлеңінде азаматтық-қайраткерлік ұстаным қуатымен түйіндеп толғаған.
Соғыс шайқастарының қанқасап суреттері – ақын шығармаларындағы реалистік арқауы. Ақынның «Оқ пен от» кітабының «Ауған тозақтары» атты бөліміндегі «Ауғандағы ақиқат», «Ауғанда болған ардагер», «Болмасын соғыс», «Армысың Ауған аспаны», «Жасқаншақ болма», «Түңілу», «Мұсылман батальон» өлеңдерінде 1979-1986 жылдары өзі қатысқан Ауғанстандағы қанды қырғын оқиғалары психологиялық толғаныстармен, тебіреністермен жырланған.
Соғыс шайқастарының салдарынан болатын тән мен жан азабы қатар келетін қайғылы, қасіретті оқиғалар, көріністер ақынның налыс-элегия сарынды лирикалық өлеңдеріндегі бейнелі өрілімді тармақтардың поэтикалық мағыналарымен жырланған. Мысалы, «Ауғанның қанды даласы – адамзаттың наласы», «Бүк түсіп жатыр қан құсып, қаралы таулар қарашы», «Адасып барып армандар, Ауғанда күл боп қалғандар», «Жүрекке түскен бомбадай, жазылар қашан жаралар» («Ауғанда болған ардагер»); «Болмасын соғыс, болмасын, жармасын ешкім бомбасын», «От болып ұшып қорғасын, тіршілік гүлі солмасын», «Елінен босып босқындар, арқаламасын дорбасын», «Қыршынынан қиылып, оғыландарды ормасын», «Қайғыдан қара жамылып, жесір мен жетім қалмасын», «Аман қыл, Алла, әрдайым, Алаштың Ақ Ордасын» («Болмасын соғыс»); «Өртеніп кеткен өмірлер, қиылып жатқан ғұмырлар», «Есейтті мені мың жылға от пенен оқтың арасы», «Жаралы біздей қабылан», «Отан деп солай қан кешті он сегіздегі оғылан», «Он сегіздегі көк бөрі ем, көгеріп жаңа көктеген. Қынадай қырған тіріні, Сұм соғыс, сені жек көрем»; «Сендерге келдім дұға қып, көмусіз қалған қыршындар», «Жүректе ғасыр оты қап, қарт тарих өксіп отырад», «Қайтаршы-ай, қайда достарым, Ауғанның ұлы даласы-ай!!!» («Армысың, Ауған аспаны»).
Қазіргі Тәуелсіз Қазақ Елі ұрпақтарына ортақ азаматтық-перзенттік парызды сезіну толқыныстарымен өрнектелген поэтикалық-психологиялық мағыналы сырлы өрілімдерден лирикалық қаһарманның жалпыұлттық тұрпатты тұлғасын аңғарамыз. Отаншылдық-азаматтық ұстанымдағы ұрпақтардың жан ділі әлеміне ортақ көркемдік-эстетикалық дүниетаныммен ойлау болмысын көркем шындықпен өрілген афоризмдік сипаты мағыналармен жырлаған. Ақынның бабалардың қасиетті дәстүрлерін бүгінгі, болашақтағы ұрпақтардың жадқа алып ұмытпауына арналған аманат-бата тілек сарынды «Бабалар ізімен» атты өлеңінің педагогикалық-тәлімгерлік, эстетикалық-гуманистік ұлағаты айрықша әсерлі.
Қазақ Елінің Тәуелсіздігі – Бақытбек ақын поэзиясының басты тұғырнамасы. Ақынның Тәуелсіздік туралы жырларында Қазақтың ұлттық атауымен әлемдегі барлық дербес мемлекеттермен өркениет кеңістігінде мәртебелі деңгейлес қалпымен өмір сүре бастағанына жүрегі жарыла қуанғаны – халқымыздың жан ділі әлемінің тебіренісі. «Мәңгі Ел», «Орал, қазақ, Отаныңа!», «Жігіт сұлтаны», «Ұлы сын», «Тәуелсіздік», «Ұлы Дала», «Тәуелсіздіктің қарлығашы», «Ар-ожданым, намысым!», «Ұлттық ұлан», «Қазақ», «Тәуелсіздік нұры», «Атадан туған ұл едім», т.б. өлеңдерде лирикалық қаһарманның толғаныстары мен бабаларымыздың халық бостандығы үшін ғасырлар бойы қаны мен тері төгілген, армандаған ұлттық-азаттықтың, мемлекеттік Тәуелсіздіктің айбынды-асқар биіктік құдіретін тебірене жырлауы оқырманның санасын да сілкінтеді, серпілтеді, жігерлендіреді. Ақынның Тәуелсіздікке арналған жырлары оқырман ұрпақтың ұлттық намыс отын лаулатады, қазаққа қастық-жаулық істеген басқыншыларға, шапқыншыларға, елішілік сатқындарға – опасыздарға, көзқамандарға кек, өшпенділік отын өршітеді.
Тәуелсіздікке арналған өлеңдердегі афоризмдік сипатты бейнелі өрілімдерден де көркемдік ойлау аясындағы ата-бабалық рух қуатының лебі еседі. Мысалы, «Ұлы Дала – ар-ожданым, намысым, жұмыр жерді тітіреткен дабысың», «Ұлы Дала – ерліктердің куәсі, Ұлы Дала – ата-баба мұрасы», («Ұлы дала»); «Ұлан ғайыр Ұлы Далам, ұлығым, мен кешегі Мағжандардың жырымын», «Ту көтерген Тәуелсіздік намысын, егемен ел – еркіндігім Барысым» («Тәуелсіздік нұры»); «Тәуелсіздік – Мәңгілік Ел ұраны, Ар-намыстың арқалаған жеңісін», «Егемен Ел, Ертүріктің ерлері, қазағымның сертке ұстаған семсері», «Теріңді төк, жаныңды да аяма, Мәңгілікке, Мәңгі Елдің жолында», «Жаса-жаса бабалардың арманы, жаса-жаса Тәуелсіздік әр таңы» («Сардар»), т.б.
Лирикалық қаһарманның өткені мен бүгінін және болашағын жалғастыратын Тәуелсіздік алған күн қуанышы аясындағы азаматтық мұң мен парыз тұтастығын жырлауы – ұрпақтарға ортақ көңіл-күй сарыны:
…Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күрең мінген ерлердің.
Құзғын шұқып көздерін,
Басы қалған бұл күнде.
…О, алты Алаш арысым!
Тәуелсіздік таңы үшін.
Өзегіңді күйдіріп,
Серт қылатын осы күн.
Өткеніңді саралап,
Бағалайтын осы күн.
Тұлпарыңды топқа сап,
Тағалайтын осы күн.
…Ата дәстүр, ата салт,
Ана тілім сол үшін.
Жаным құрбан алдыңда,
Атамекен, қонысым.
(Смағұл Б. Оқ пен Отан, 61-62 бб.).
Бақытбек – ойшыл ақын. Оның поэзиясындағы өлеңдердің бәрі де көркемдік-эстетикалық дүниетаным тереңдіктерімен, кеңдігімен оқырманды да ойлау әлемінің психологиялық ықпалымен баурайды. Өлеңдеріндегі лирикалық қаһарманның поэтикалық-психологиялық тұлғалық болмысынан ғарыштық-ғаламдық кеңістікті қамтыған ақын жан жүйесінің сезім, түйсік, таным тоғысуындағы күрделі құбылыстарға толы таным табиғаты сезіледі. Ақынның философиялық лирика сарынындағы өлеңдері («Толғаныс», «Әділеттен қымбат не бар адамға», «Несібе», «Өмір жолы», «Қайран, уақыт», т.б.) тіршілік қозғалысындағы құбылыстардың, қасиеттердің, қарама-қайшылықтардың күресі мен бірлігіне құрылған табиғи болмысын сыншылдық ұстаныммен бағалауды танытады. Философиялық лирикалық бейнелі өрілімді өрнектер ақынның дәстүрлі би-шешендер толғаныстарымен үндестігін де аңғартады. Мысалы, «Бүгін бар, ертең жоқ болар, дүние-мүлкің боқ болар», «Тіріде сыйлай білмесең, өлген соң жылап, жоқтама», «Жалғаншы мынау дүниеде тал бесіктен тіршілік табытқа барып тоқтаған», «Кеудесіне нан піссін, жақсыға жаман теңелмес», «Заманамен жаңғырар, ел үшін туған ер өлмес», «Жақсыны жүрміз жат қылып, есекті мініп ат қылып», «Заманға енген қатқылдық – адамнан келген сатқындық», «Қазақты қазақ сатпайық, қазақты қазақ атпайық!», «Бит болып кіріп балақтан, ит болып үріп қаппайық», т.б. («Толғаныс»); «Қара қылды қақ жаратын көшелі, ер елінің батасымен өседі», «Әділдіктің аппақ туын көтеріп, туған елдің ары тұрар санаңда», «Қыран құсап, мекен еткен көкті кең, Алашым, деп аласұрған тектілер», «Шындық қымбат ғаріп түгіл патшаға, Шымырлатып жүрегіне батса да», «Елдің ұлы, ардың құлы болайық, Момышұлы Бауыржандай мәңгілік!» («Әділеттен қымбат не бар адамға»); «Елдің жүгі, ердің жүгі боп келер, қара нардай қара жолда шөкпеген», «Ұлылардың ұрпағымын өшпеген» («Несібе»); «Өмір қызық мақсатты күресіңмен», «Армандарым – алдымда асқақ төбем», «Орта жолда тоқтамай ой талабым», «Жата берсең ішіңде үй-құлыптың, талапсызға береді сый қылып кім!» («Өмір жолы»).
Ақын Бақытбектің «Оқ пен Отан» атты үш бөлімді («Оқ», «Отан», «Түйін») публицистикалық поэмасындағы лирикалық қаһарманның түптұлғалық негізі – Ауған соғысына қатысқан ақынның өзі және оның майдандас достары.Қанды қырғынға толы майдандардың ортасындағы өмір мен өлім белдескен қасіретті оқиғалардың реалистік суреттері «Оқ» бөліміндегі поэтикалық мағыналы өрілімдермен өрнектелген:
Жастық деген жалындаған от ол да,
Елдің ары, ел намысы жотамда.
Мен де кеше Отан үшін оқ аттым,
Оқтың даусын естіртпеуге Отанға.
…Мына өмірге менің-дағы датым бар,
Отанымды сатып кетсем, атыңдар.
Көзімді ілсем түсіме ылғи енеді,
Омырауын оққа тосқан батырлар.
Өзім көрген қасіретті шертем мен,
Оқ пен оттың ортасында дерт емген.
Сонау жылы, сонау Ауған жерінде,
Жас ғұмырлар жауқазындай өртенген.
Туған жердің қызғалдағын тере алмай,
Сұм ажалға жанын қиып бере алмай.
Үзілгенін көрдім талай сарбаздың,
Туған жердің жарық таңын көре алмай.
Өтті дәурен бағасы жоқ, байқалмай,
О, сұм өмір, саудасы жоқ сайқалдай.
«Алла» деген ақтық сөзге дем жетпей,
«Апа» деген соңғы сөзін айта алмай.
Әр адамға бұ фәниде бір сын бар,
Бүгін менің көз алдымда тұрсыңдар.
Жалғыз оққа тағдырлары байланып,
Мұратына жетпей кеткен қыршындар
(Смағұл Б. «Оқ пен Отан», 22-24 бб.).
Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа әдебиетіндегі өзіндік азаматтық-қайраткерлік тұлғасын қаһармандық пен отаншылдық рухты жырларымен, қоғамдық-әлеуметтік қызметімен танытып келе жатқан Бақытбек ақынның шығармашылығы ұлттық рухани құндылықтар құрамын толықтыра түседі. Бұл – біздің ұлттық сөз өнерінің үздіксіз жалғасып келе жатқан көркемдік даму жолы.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымының 
докторы, профессор