Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
20.10.2017 г. Принял участие и выступил с докладом на II республиканском форуме отцов

 

Құрметті республикалық әкелер форумына қатысушылар!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғының жолын, бүгінгінің жөнін, ертеңнің бағытын айқындап берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тартуды» ұсынғаны мәлім.

Парламент депутаты ретінде әртүрлі шараларға қатысқанда, ел аралағанда, сондай-ақ ұзақ жылдардан бері «Қазақстан ардагерлері» Қауымдастығы атынан әскери патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында бір жайтқа көз қанығып, көңіл сенді. Ол жайт – отбасыда баланың мейірім мен шуаққа бөленуінің қажеттілігі. Бұл балаға қуат береді, көңілін кеңейтеді, жанын жайсаң етеді. Оның өміріне нұр шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқайды.

Өмірде Ана алақанының қызуы мен Әкенің асыл тәрбиесін ең жеңсік ас та, аста-төк байлық та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Отбасыда мейірім көрмеген бала рухани ұстыннан ада болып өсуі, өзін ұлттан саяқ ұстап, өзге жандарға өшпенділікпен қарауы ықтимал. Мұндай азаматтар әртүрлі жат ағындар мен экстремистік топтар үшін әлеуетті күшке, дайын материалға айналып кетуі ықтимал.  

Оның үстіне рухсыздық, руханиятсыздық кемел қоғам үшін жат құбылыс, Болашағы біртұтас ұлт құру жолындағы басты бір кедергі. Бөгде біреу бөріге таланып, алдынан қым-қиғаш бөгет жасалып жатса, жанынан жайбарақат жанай өтіп, сыртынан мүсіркейтін, ішінен «шүкір» дейтін, мұндай қырсық өзіне тумастай көрінетін тасжүрек жандардың көбеюі ұлт үшін үлкен қауіп, заманауи сын-қатер.  

Батыр ата-бабамыз алпауыттар аузына жұтылып кете жаздаған алаш жұртына араша түсіп, өз ұлты үшін арпалысқанын, жұртын ақсатуды емес, асқақтатуды ойлағанын ұмытпайық, олардың үлгісін жас ұрпақ құлағына құяйық.  Мәңгілік ел боламын деген мемлекеттің әр тұрғыны жылағанды жұбатып, жығылғанды қолтығынан демеуге даяр тұратын елгезек, мейірімді, кішіпейіл, жылыжүзді болғаны абзал.

Есігіне ешқашан құлып салмаған, әр қонақты қуана қарсы алған меймандос әрі мейірбан халқымыз отарлық тұсында көрген талай қиянат пен қиямет, қуғын-сүргіндер мен қырғындар нәтижесінде бөтен жанға күдікпен қарауды үйренді, бойында бей-жайлық, селқостық сезімі бекіді.  Енді мұның барлығы өткенмен бірге қалуға тиіс. Рухани жаңғыру аясында біз әл-Фараби бабамыз аңсаған «Қайырымды қоғамды» құруға тиіспіз!

Бұл үшін Елбасының «Рухани жаңғыру» стратегиясында айтылған ұлттық ұстынды сақтау; озық дәстүрлерді ұстану; кежегені кері тартып, аяқтан шалатын жаман әдеттерден арылу; бәсекеге қабілеттілік; білімпаз болуға ұмтылу; сананың ашықтығы және басқа да қадір-қасиеттерге жас ұрпақ балабақшада үйретіле бастауы қажет деп санаймын. Сонда ұрпақ ауысып, ел жаңарып, Елбасының бағдарламалық мақаласында айтылған аңсарлы мұраттар іске асады.

***

Құрметті қатысушылар! Біздің сессиямызға арқау болған «қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызды әлеуметтік институт» болып табылатын отбасы тақырыбына да тоқтала кеткенім жөн.

Биылғы 11 қыркүйекте Алматыда тоңазытқыштың ішінен егіз баланың мүрделерінің табылуына қатысты жаншошырлық оқиға саналы адамдардың қабырғасын қайыстырып, жанын түршіктірсе керек. Ішкілікке салынған қанқұйлы әке тергеушілерге бала бағудан қажығанын, сондықтан кінәсіз сәбилерді өлтіруді ұзақ жоспарлап, іске асырғанын айтыпты. Сол сияқты өткен аптада мас күйде өзінің екі жасар қыз баласын соққылап өлтірген теміртаулық айуан әкенің қылмысы туралы естіп, жұртшылық жаға ұстады. Өкінішке қарай, рухани ұстындарды тот басып, коррозияға ұшыраған сайын мұндай санаға шаншудай қадалар оқиғалар саны көбейе беруі мүмкін.

Осы орайда маскүнемдікпен күрес аясында ел Парламенті алкоголді өнімдердің акциздік алымын өсіру, түнгі уақытта ішімдік атаулыны сатуға тыйым салу секілді шектеу шараларын қабылдады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жұртшылықтың жаппай қолдауы қажет.

Біз, Қазақстан халқы Елбасының рухани жаңғыру жалпыұлттық жобасы аясында саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылуымыз, маскүнемдік пен нашақорлыққа қарсы қоғам болып, жігі ашылмас біртұтас шеб құруымыз қажет. Әр әке, әр шеше өз балаларына арақ-шарап атаулыға жоламаудан үлгі-өнеге болуға тиіс. Әр ауылдағы елге сыйлы, сөзі өтімді ақсақалдар бөтелкеге басы байланғандармен тәрбие жұмыстарын жүргізгені абзал. 

Әлеуметтанушылардың зерттеуі көрсеткендей, азаматтардың маскүнемдікке салынуына негізгі үш фактор – «өмір сүру деңгейінің төмендігі», «бос уақытта айналысуға болатын, қызығушылық тудыратын пайдалы ермектің болмауы» және «отбасыдағы теріс тәрбие» ықпал етеді екен. Бұл алғышарттарды жою мемлекет пен қоғамның осы бағытта бірлесе жұмыс жасауын талап етеді.

Құрметті қатысушылар!

Бүгінде әлем жұртшылығы алдында адамзат үшін өмірлік маңызды 3 өзекті міндет тұр: оның біріншісі – руханиятты, екіншісі – бейбітшілікті, үшіншісі – табиғатты сақтап қалу. Бұлардың қай-қайсысы да біздің тіршілігіміздің басты бағдары. Бір-бірін толықтыратын ұғымдар. Осы үш бастауға Қазақстандағы әрбір азаматтың, әрбір отбасының болашағы байлаулы.

Ендеше Отанымыз бен отбасымыздағы бейбіт өмірді, рухани ұстындарды және табиғи тазалықты ұстап тұруға ұмтылайық, бұл міндетімізге жауапты қарайық, ағайын. 

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!