Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
21.09.2017 г. Принял участие и выступил с докладом на республиканской конференции на тему: "Діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу мәселелерінде қоғамдық институттардың рөлі"

 

«Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелерінде қоғамдық институттардың рөлі» республикалық конференциясының пленарлық отырысындағы Б.Смағұлдың құттықтау сөзі

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз» деп атап өтті.

Демек, біз діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуымыз үшін қоғам арасында ұлттық құндылықтарымызды кең насихаттауымыз және әрбір азаматтың, жас ұрпақ өкілінің бойына соларды дарытуымыз қажет. Ал бұл істе үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық институттардың рөлі орасан зор. Себебі, беделді қоғамдық ұйымдардың басы-қасында қазақстандықтар жақсы білетін, құрмет тұтатын, сөзіне сенетін, соңынан еретін тұлғалар тұр және тұруға тиіс.  

Үкіметтік емес ұйымдар экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жұмыстарына тартыла отырып, ұзақ перспективаға бағытталған аса маңызды мемлекеттік істі атқарады.

Өйткені қазіргі кезде әртүрлі жат ағындар сенім мәселесінде жас ұрпаққа және діни сауаты аз қазақстандықтарға жал­ған сенім­дерін таңып, жолдан адас­­тырып жүр. Адастырғанда, ең бас­­тысы, сонау ғасырдан-ғасырға жете­ле­ген сақтан қалған салтымыз бен ғұннан қалған ғұрпымыздан, ұлттық дәстүрлерімізден бас тартуға үгіттеуде.  Бұлардың ісі жай қараң­ғы­лық, надандық емес, олар халқы­мызды дінімізден, салтымыздан ажырату қау­пін ала келеді. Ұлттық рух­тың ұстыны саналар қасиетті құндылықтарымызға нұқсан келтіреді. Бірлігімен бай, ынтыма­ғы­мен ірі, тұтастығымен табан­ды Қазақ елін де тоз-тоз еткісі келеді.

Демек, бұған мемлекет болып, қоғам болып, тосқауыл қоймасақ, мемлекеттік мүдде, жалпыұлттық идея, халықты жаңа заман талаптарына бейімдеу жайына қалуы ғажап емес. Осы жолда біз халқымыздың діни сауатын ашу ісін өрістетуіміз қажет. Біз тек біліммен шың­дал­ған, иманмен нұр­ланған халық­тың ғана болашағы жарқын болатынын ұмытпауымыз қажет.

Бұл істе мемлекет пен қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар бірлесе қимылдағаны жөн.

Бұл жайтты Қазақстан Парламентінің Мәжілісі де ұдайы басты назарда ұстап келеді. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл шаралары заң шығарушы орган қамқорлығынан бір сәт те тыс қалған емес: бұл саланы депутаттық корпус кезек күттірмей, дер уақытында заңнамалық қамтамасыз етуде. Өйткені онсыз кемел келешектің берік іргесін қалау мүмкін емес.

Сонымен қатар өзім төрағасы болып табылатын «Қазақстан ардагерлері» Қауымдастығы да жастарға – оқушыларға, студенттерге, сондай-ақ жауынгерлерге тек әскери ғана емес, сондай-ақ патриоттық, адамгершілік тәрбие беру бойынша ұзақ жылдар бойы жергілікті және республикалық деңгейде әртүрлі іс-шаралар өткізіп келе жатқанын атап айтқым келеді.

Қауымдастық жас ұрпақта өскелең өре, ұлттық сана-сезім қалыптастырып, оларды батырлыққа баулу, бойларындағы биік рухани, адамгершілік қасиеттерін ашу бағытында жұмыстар атқаруда. Бұл ретте «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы «Жас Отан» Жастар қанатымен меморандумға отырып, осы бағыттағы бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруда.

Өзім төраға болғалы бері бұл іске өткен жылдан бастап, «Әмбебап жекпе-жек федерациясы» және «Қазақстан Республикасының әскери-патриоттық спорттық клубтар Федерациясы» да тартылды.  

Біз Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, тәрбиелік маңыздағы түрлі республикалық шараларға мұрындық болып келеміз. Бұл бағыттағы жалғыз қауымдастықтың ғана емес, аталған федерациялардың да жұмысы ретке келтіріліп, іс-шаралары жүйелі жолға қойылды. Біз қазақстандықтардың, әсіресе жас ұрпақтың арасында экстремизм мен терроризмге тосқауыл болар төл құндылықтарымызды ілгерілету жұмыстарын ары қарай да өрістете бермекпіз.  

Әрине, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы қоғамдық институттардың жұмысы насихат жүргізумен, ағартушылықпен, білім берумен шектелмейді. Ел игілігіне қызмет ететін кез келген үкіметтік емес ұйым осы аңсарлы мақсатқа асарлы үлесін қоса алады деп айтуымызға болады.

Экстремизм мен терроризмге қарсы күреске мәселен, студент жастарға өмірден өз орнын табуына көмектесетін бірлестіктер де, өз ісін ашқысы келетіндерге қол ұшын созатын кәсіпкерлік қауымдастықтар да, тіпті жалғызбасты жастардың бірін-бірі табуына ықпал ететін ұйымдар да сүбелі үлесін қоса алады.     

Өйткені экстремистер мен терроршылдар жұмыс таппай, өмірлік жан серігін кездестірмей, рухани күйзеліске ұшыраған, опынысы мен өкініші бар азаматтарды басты нысанаға алатыны мәлім. Егер мұндай жағдайда мемлекет пен азаматтық сектордың бейінді, салалық құрылымдары көмекке келмесе, біз ол азаматтардан айырылып қалуымыз ықтимал. Олар онда елімізге еміне енген бөтен ағындардың тырнағына ілігуі кәдік.

Біз Мәңгілік елге айналуымыз үшін әрбір қазақстандықтың рухы берік, санасы жақсылыққа ашық, денсаулығы мықты, құқығы қорғалған, қаржылық жағдайы орнықты, өзі нарықтағы бәсекеге қабілетті болуы қажет. Бұл міндет үкіметтік емес ұйымдар алдынан ұлан-байтақ жұмыс өрісін ашады.  

Бұл ретте үкіметтік емес ұйымдар да өркенді өзгерістерге өнегелі жол көрсетіп, өздері заман талабына сай жаңғырып, жұмыс тәсілдері мен тетіктерін ұдайы жетілдіріп отырғаны маңызды. Тез құбылып жатқан заманға сай амалы болуы керек.

Сөзімді қорытындылай келе, заманауи сын-қатерлерге қарсы тұрып, тәуелсіздігіміз бен елдігімізді мәңгі ету жолындағы абыройлы жұмыста баршаңызға толайым табыстар тілеймін!