Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
20.10.2017 г. Опубликовано интервью в газете "Айқын" на тему: "ЖАҢА ӘЛІПБИ – БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРШАМЫ"

 

Парламенттегі қарқынды жұмыстар сыртында еліміздің біраз өңірін аралап, рухани жаңғыру стратегиясы, соның ішінде жаңа әліпбиге көшу жайында жұртшы­лықпен тілдесіп қайтыпсыз. Халық не дейді?
– Ең бастысы, халықтың қолдауы бар, бұл қуантпай қоймайды. Өйткені Елбасы бастамасымен қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіруіміз – рухани жаңғы­рудың басты бір тетігі, болашақ ұрпақты бодандық санадан арылтудың қуатты құралы ғой.
Қазақстан халқы бүгінде өзінің жаңа болашағының бет-бейнесін айқындап, оның іргетасын құйып жатыр. Яғни, келе­шектің сәулет-архитектурасында қазіргі қазақстандықтардың қолтаңбасы қалады. Біле білсек, дәл қазір Елбасы басшылы­ғымен «болашақты басқару техноло­гияларын» түзудеміз. Әйтпесе, көптеген елдердегідей ештеңені де өзгертпей, келер ұрпаққа көнерген сүрлеулерді қалдыра салуымызға болар еді. Бірақ бұл Мәңгілік ел болам деген халықтың тірлігі емес. Өмір­дің жоғары мәнінен ада адам еште­ңеге іңкәр­ланбайды, ешқайда ұмтыл­майды, ақыры оқиғаның өрбу барысының «құрбанына» айналуы ықтимал. Сол сияқты, жоғары мұрат-мақсаттары, жасампаз әрекеттері жоқ ұлтты өмір-өзен белгісіз жағалауларға лақтырып тастайды.
Кезінде адамзат тарихын өзгерткен ұлы бабалардың қазіргі мұрагерлері – Қазақстан халқының өмір шынайы­лығын қазірден керекті арнаға бұруға мүмкіндігі бар. Бұған күш-қуатымыз да, білім-білік­тілігіміз де, әлеует-ресурс­тарымыз да жетеді. Сондықтан бағдар­лама түзіп, бола­шақты бағдарлаудамыз. Бұл – кеме­ліне келген мемлекеттің қа­дамы. Демек, бұл істе керітартпа­лықтың керегі жоқ.
Рас, сонымен бірге, бұл тұрғыда қазақстандықтарды мазалаған мәселелер де баршылық. «Жас ұрпаққа жаңа әліпбиді үйрету бірінші сыныптан емес, балабақ­шадан басталса» дейді халық. Сонда бүлдіршіндер бірден жаңа әліпбиде жазып және дыбыстап үйренеді, кейін бірінші сыныпта кирилл қарпінен латын­шаға қайта бейімделу қиыншылық­тарынан арылады.
– Қазақстан қазір латын графикасына көшуге дайын деп ойлайсыз ба?
– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің бұл мәселеге ба­йыппен келгенін және оған кірісуге тә­уелсіздік алғаннан бері мұқият дайын­далғанын атап көрсетті. Мұндай бетбұ­­рыс­­тар жоқ жерден қа­былданбайды, ел басшылығы оң және теріс сценарий­лерді тегіс таразыға тең тартып, пысық­тағанына сенімдімін. Тек елге әкелер игіліктері мол болғандықтан бастама кө­терілді. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру – праг­матикаға құрылған. Осы бастаманы қол­дау арқылы Қазақстан халқы жаңашыл­дыққа деген ұмтылысын, ұлы бет­бұ­­рыс­­тарға дайындығын көрсетуде.
Егер әлем тарихына үңілсек, халыққа жаңа әліпби жоғарыдан бекітіліп, түсіріледі. Тіпті қазіргі қолданы­сы­мыздағы кириллицаны да өткен ға­сыр­дың қыр­қыншы жылында бізге Сталин таңған болатын. Оған дейін бабаларымыз ғасырлар бойы түркілердің ру­никалық жазуын, 900 жылдай араб жа­зуын, ал ре­волюциядан кейін латыншаны қол­данғаны мәлім.
Жаңа әліпби нұсқасын да Қазақстан Президенті әлемдік тәжірибе бойынша өз Жарлығымен бекіте салуына болар еді. Бірақ Елбасы олай еткен жоқ, жұртшылық пікірімен санасатын көшбасшы екенін көрсетіп, ақ батасын алуы үшін әліпбидің латынша дұрыс нұсқасын таңдауды халқымыздың еншісіне берді. Негізі, талай маңызды шешімдерді қабылдауда табысты қолданылған ел мен Елбасы арасындағы диалог пен келісімнің бұл дәстүрлі форматы әр алуан ойларды қо­рытып, кереғарлықтарды еңсеріп, сараб­дал шешімнің сомдалуына жол ашуымен құнды, қуатты.
Осылайша, бұқаралық талқылау ба­рысында бұл бастама да өмір шынайы­лы­ғының сынағынан өтті, лайықты бағалар алды.
– Бұл бастаманың қандай маңызы бар?
– Қазіргі жаңа өмір шынайылығы мемлекеттерден бар салада бәсекеге қабілеттілігін арттыруды талап етеді. Сонда ғана ол елдер жаңа сын-тегеу­ріндерге шыдас беріп, орнықтылығын сақтай алмақ.
Латын жазуын қабылдауымыздың экономикалық негіздері де жеткілікті. Мәселен, шетелдік инвесторлар өздеріне жақсы таныс латын әріптерімен істес болғанды қалайды және соны қолданатын елдерге көп тартылады. Мұның психоло­гиялық қыры да бар: дамыған елдер аза­маттары тіпті түсінбесе де, латын графи­касын қолданатын тілдерге жылыұшырай қарайды, өйткені ол тіл солар үшін үйреншікті кеңістікке кіреді. Дүниежүзілік банктің Doing Business әлемдік рейтин­гінде бизнес жүргізу үшін ең тартымды отыз елдің 25-і тек латын негізіндегі әліпбиді пайдаланатыны осының айғағы болса керек. Демек, латын графикасына өтуіміз Қазақстанға келетін туристерді айтпағанда, ин­весторлар санын да арт­тыруға ықпал етпек.
Дәл сол сияқты қазақ тілінің жаңа әліпбиі Қазақстан халқының, әсіресе, жастарымыздың әлемдік заманауи техно­логиялық ортаға, коммуникацияға, сон­дай-ақ ғылыми және білім беру процесіне тереңірек кірігуіне жол ашады.
Латын жазуына көшуіміз мемлекеттік тілдің өз еліміздегі өрісін кеңейтпек. Себебі, халықты жаңа әліпбиге үйрету бо­йынша кең ауқымды бұқаралық курстар ұйымдастыра отырып, сонымен бірге, қа­зақстандықтарды мемлекеттік тілді үйренуге тартудың маңызды мүм­кіндігіне ие боламыз.
Бұл қазақ тілінің халықаралық дең­гейде өркен жаюына жол ашады. Әйтпесе, қазір шетелдіктерден, мәселен, шет мемлекеттердің еліміздегі елшілерінен қазақша үйрену үшін алдымен кирил­лицаны меңгеру талап етіледі.
Латын графикасына көшуіміз Елбасының интеграциялық идеяларымен тығыз ұштасып жатыр: еліміз осы арқылы жазуымен де дамыған елдерге жақындап, ықпалдасады, сондай-ақ біз ақпараттық әлемге де кірігеміз.
Жалпы, қазақ тілін латын жазуына көшіру де – «цифрлық дәуір» талапта­рынан туындап отыр. Яғни, мемлекеттік тілдің дамуы енді цифрландырумен қатар жүргізілетін болады.
Егер Қазақ елі әлемдегі ең озық мемле­кеттер лигасына кіріп, жаһандық көш­басшылар қатарында болуды қаласа, күрделі әрі батыл шешімдерге баруы шарт. Бұл бізден жүйелі жұмыс пен жауап­кершілікті талап етеді. Халық пен билік бір ұстаным түзіп, жұмыла ілгерілегені жөн. Бұл Мәңгілік ел ретінде өркенде­уімізге қызмет етеді. Сондықтан жаңа әліпбиді қабылдап, бастапқы байыпты шешімді кейінгі нақты істерге айналдыру – алдағы уақыттың басты міндеті болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Айхан ШӘРІП