Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
06.09.2018 г. Выступил с докладом на тему: "«Законодательное обеспечение государственной политики по поддержке и развитию семьи» на круглом столе «Роль семьи в процессе модернизации казахстанского общества»

 

Құрметті Гүлшара Наушақызы!

Құрметті Дархан Аманұлы!

Құрметті қатысушылар!

Бүгінгі дөңгелек үстелде шын мәнінде мемлекет үшін өмірлік маңызды, тіпті тағдыршешті тақырып қаралып отыр деп білемін.

Қазіргі аға буын өкілдері жаңа мемлекеттілікті қалыптастырды. Үш онжылдық ішінде үш ғасырға татитын еңбек сіңіріп, мемлекетті үш ғасырға бергісіз табысқа жеткізді. Еліміздің абыройын асырып, айдынын тасыта түсті.

Бүгінде барша қазақстандықтар тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, елдің түтінін түзу ұшыруға барын салып келеді.

Енді осы құнды қасиетті, асыл мұраттарды, Отан, ұлт және болашақ үшін жауапкершілік сезімді қазіргі жас ұрпақ, келешекте ел тізгінін ұстар азаматтар бойына дарытуымыз қажет.

Ал бұл ұлы іс әрбір отбасыдан басталатыны анық. Сондықтан бүкіл қазақстандық қоғамның жаңғыруындағы отбасының рөлі ерекше.

Әрбір отбасы татулыққа ұйыса, ырысқа бөленсе, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды түлетсе ғана Отанымыз өрге ұмтыла, өркендеуге құлаш ұра алады. Бұл еліміздің тұрақты дамуының, қоғамның жаңғыруының талассыз шарты саналады.

Сондықтан да Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында отбасын қолдау және дамыту мәселелеріне баса мән берді. Мәселен, ғасыр ортасына дейінгі осы стратегиялық даму құжатында болашақ жар, келешек ана, шаңырақтың шырақшылары саналатын қыз балалардың тәрбиесіне; анаға қапысыз құрметті қайта оралтуға; толық емес отбасыларды мемлекеттік қолдауға; бала құқықтарын қорғауға үлкен орын, баса мән берілген.

Осы орайда ел Парламенті Мемлекет басшысы қойған міндеттерді заңнамалық қамтамасыз етуді өз жұмысының басым бағыты деп таниды. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанда отбасын қолдау және дамыту бойынша кешенді әрі жүйелі жұмыстың берік заңнамалық тұғыры түзілді. 

Қазіргі кезде бұл саладағы отандық заңнама негізінде отбасылық құндылықтарды нығайту, құрсағы алтын аналарға құрмет-қошемет пен қолдау көрсету мақсатында көпбалалы аналарды «Алтын алқа» и «Күміс алқамен» марапаттау жүзеге асырылады, балаларға арналған әртүрлі жәрдемақылар беріледі. Елімізде Отбасы күні тағайындалды, жыл сайын дәстүрлі түрде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізілуде.

Әлемдегі ең үздік тәжірибелерді өмірге ендіріп, іске жарату мақсатында ел Парламенті Халықаралық еңбек ұйымының аналарды қорғау туралы конвенциясын ратификациялады. Осы арқылы Қазақстан халықаралық стандарттарды сақтауға және орындауға адалдығын растады. Жалпы, осы ұйым біздің еліміздің аналар мен балаларды әлеуметтік қолдау бойынша жоғары стандарттарға сәйкестігін танып отыр.  

Мәселен, бала сүйген әйелдердің демалу құқығы бойынша Қазақстан заңнамасы Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымынан әлдеқайда озық болып табылады. Өйткені бұл жаһандық ұйым тәуелсіз елдерге сәбилі болған аналарға 14 апта демалыс беруді ұсынады. Ал Қазақстанда заң бойынша әйелдерге жүктілік және бала туу бойынша берілетін және жалақысы сақталатын демалыстың ұзақтығы 126 күнді немесе 18 аптаны құрайды. Бұл көрсеткіштер бойынша республикамыз бірқатар дамыған елдерден де алда, олардың біразында небары 13-15 апта ғана ұсынылатыны белгілі.  

Сондай-ақ, заң бойынша Қазақстанда жұмыс берушілерге жүкті әйелмен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелмен, 14 жасқа дейігі балаларды не 18 жасқа дейінгі мүгедек баланы тәрбилеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған дәрежедегі анасыз қалған балаларды тәрбилеп отырған өзге де адамдармен еңбек шартын бұзуына тыйым салынған. Бұл да аналар мен отбасыларды қолдауға бағытталған тегеурінді құралдардың бірі.

Қолданыстағы заңнамаға енгізілген кейінгі түзетулерге сәйкес, мемлекет аналарға жұмыс жасамаса да әрбір туған баласы үшін 3 жыл, ал жалпы алғанда 12 жыл еңбек өтілін есептейді. Сонымен қатар, бес баланы өмірге әкелген және 20 жыл еңбек өтілі бар әйелдерге ерте жастан, дәлірек айтсақ, 53 жастан бастап зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік берілді.  

Қазақстанда отбасын қолдау саясаты мен тиісті заңнамалық база замана әкелген өзгерістерге сай, ұдайы жаңғыртылып отырады. Мәселен, 2016 жылы «Неке және отбасы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл түзетулердің бір тобы ана-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғауды күшейтті. Мәселен, оларды асырап алушылардың шекті жасын белгілеу тәжірибесі жойылды. «Бала қонақтайтын отбасы» ұғымы айналымға енгізіліп, жетімдерге қамқорлық жасаудың жаңа формасы өмірге жолдама алды. Жетім балалардың және оларды тәрбиелеуге алуды қалайтын отбасылардың республикалық деректер базасы құрылды.

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер», «7-20-25» секілді тұрғын үй бағдарламалары да отбасылардың баспанамен қамтамасыз етілу жағдайларын жақсартуға ықпал етуде.

Жалпы алғанда, отбасыларды мемлекеттік қолдау және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің дамытылуы еліміздегі демографиялық жағдайға оң ықпал етті. Нақтырақ айтсақ, биылғы жыл басынан бері Қазақстанда 266 мың 180 сәби туылған. Бүгінде елімізде әрбір 76 секундта бір нәресте дүние есігін ашады.

Ал ұлттық заңнамада «отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында» деп нық жазылған. Бұл заңдылық ары қарай да мүлтіксіз сақталуға тиіс деп санаймын.

Құрметті қауым!

Біздің  алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі – ұлтымыздың бойындағы барлық рухани құндылықтарды жасампаздық жолында жаратып, заманға сай жаңғыртып, жас ұрпаққа ұлағаттау, аманаттап тапсыру болса керек.

Сонда жастарымыздың өмірлік оң бағдарларын қалыптастырамыз, олардың рухани ұстындарын орнықтырамыз, ұлы мұраттарға қуаттандырамыз.  

Елбасы жариялаған Рухани жаңғырудың стратегиялық сабақтастығы да осында деп білемін.

Назарларыңызға рахмет!