Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
06.09.2018 г. Выступил на брифинге в прямом эфире "О проведения Национального конкурса «Мерейлі отбасы».

 

Бүгін барша қазақстандықтар тәуелсіздіктің тұғырын нығайтып, елдің түтінін түзу ұшыруға барын салып келеді.

Енді осы қасиетті, асыл мұраттарды, Отан, ұлт және болашақ үшін жауапкершілік сезімді қазіргі жас ұрпақ, келешекте ел тізгінін ұстар азаматтар бойына дарытуымыз қажет.

Ал бұл ұлы іс әрбір отбасыдан басталатыны анық. Сондықтан бүкіл қазақстандық қоғамның жаңғыруындағы отбасының рөлі ерекше.

Әрбір отбасы татулыққа ұйыса, ырысқа бөленсе, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды түлетсе ғана Отанымыз өрге ұмтыла, өркендеуге құлаш ұра алады.

Бұл еліміздің тұрақты дамуының, қоғамның жаңғыруының талассыз шарты саналады.

Осы орайда бүгінгі беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, көптен ойда жүрген бір ұсынысты ортаға салғым келеді.

Қазақстанда жылда отбасылық құндылықтарды насихаттайтын Мерейлі отбасы байқауы, дәстүрлі Әкелер форумы өткізіліп тұрады. Дегенмен, Рухани жаңғыру, отбасылық тәрбие, ондағы әкелер рөлін күшейту үшін тұрақты жұмыс жасайтын «Әкелер мектебін» құру орынды болар еді.

Бұл ұйымдар желісі әсіресе, жас әкелерді бала тәрбиелеуге үйрету, оларға психологиялық қолдау көрсету үшін қажет-ақ.

Отағасы атанған ерлердің проблемаларымен айналысатын жекелеген жобаларды бірқатар өңірлерде, мәселен, Қостанайда, Петропавлда қоғам белсенділері қолға алып та көрді, бірақ ондай бастамалар жалпыреспубликалық ауқымға шыға алмады. Бұл іс мемлекеттің, соның ішінде Қоғамдық даму министрлігінің қолдауын қажет етеді.

Қазіргі кезде қоғамымызда әсіресе, әке мен балалар арасындағы қарым-қатынасқа және өзара түсіністікке қатысты қиыншылықтар жетерлік. Соның аясында шиеленістер де туындап жатады. Бұл әкенің бойында ұдайы үрей-қорқыныш, торығу, стресс, әртүрлі дерттер мен болашаққа деген сенімсіздіктің туындауына соқтырады. Сондай-ақ бұл оның балаларының да Мәңгілік ел мұраттарына жауап берер лайықты азамат болып өсуіне зардап-нұқсан келтіретіні құпия емес. Осының бәрі әрине, отбасы ішіндегі және тұтас қоғамдағы рухани жаңғыруға оң әсер етпесі, теріс құбылыстардан арылуға бастамасы анық.

Бұл ретте әкелер аталған проблемаларымен бірыңғай, ортақ орталықтарға жүгініп, кеңес алып отырса жөн болар еді. «Әкелер мектебі» сонымен қатар өзіндік бір әдістемелік-зерттеу орталығы қызметін атқарып, өздеріне келетін отағасылардың сан-салалы мәселелерін ғылыми талдау, терең сараптау негізінде мемлекеттік органдар үшін ұсыным-рекомендациялар түзіп жолдаса, ал әкелер үшін әдістемелер әзірлеп, нұсқаулық түрінде қазақстандық ер-азаматтар арасында таратып отырса деген ұсыныс бар.  

Бұл іске біздің «QAZAQSTAN ARDAGERLERI» («Қазақстан ардагерлері») қауымдастығы, «Әскери-патриоттық және спорттық клубтар Федерациясы» және осы ұйымдардың мыңдаған мүшесі үлес қосуға және қолдауға даяр. Біздің қауымдастық ұзақ жылдардан бері қазақстандық жастарды және ер-азаматтарды патриоттық өр рухта тәрбиелеумен, Елбасының «Рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасында атап өтілген ізгі қасиеттерді насихаттап, жас ұрпақты соған баулумен айналысып келеді. Осы жолда жиған тәжірибеміз де молшылық.

Құрметті қауым!

Елбасымыз айтқандай, қазіргі шақ аса күрделі заман, қайшылығы көп кезең болып табылады. Жаһандық экономикалық тайталастар, геосаяси шиеленістер, миграциялық күйзелістер, рухани дағдарыстар, қан-қасап лаңкестіктер – осының барлығы бүгінгі әлемде өмірдің шынайылығына айналуда.

Қазақстан – осынау күрделі әлемнің бір бөлшегі. Демек, құр қол қарап отырмай, қапы қалмай, қайталанбас дара қалпымызды, сарабдал сара салтымызды сақтаудың қамын бүгіннен ойластырғанымыз абзал. Бұл ретте барлығы ең алдымен әрбір отбасыдағы отағасына, ер-азаматтардың жауапкершілігіне, қажыр-қайратына, батылдығы мен белсенділігіне байланысты болады.

Біздің  басты бір парызымыз – ұлтымыздың бойындағы барлық рухани құндылықтарды жасампаздық жолында жаратып, заманға сай жаңғыртып, жас ұрпаққа ұлағаттау, аманаттап тапсыру болса керек.

Сонда жастарымыздың өмірлік оң бағдарларын қалыптастырамыз, олардың рухани ұстындарын орнықтырамыз, ұлы мұраттарға қуаттандырамыз.  

Елбасы жариялаған Рухани жаңғырудың стратегиялық сабақтастығы да осында деп білемін.

Назарларыңызға рахмет!