Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
25.12.2018 г. в газете "Айқын" опубликована статья "Болашақтың шамшырағы"

 Қазақ үшін Тәуелсіздік – қуат алар алтын тамыр, бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған бақ-береке, еліміздің еркін тынысын ашып, мемлекетімізді әлем төріне оздырған ең асыл құндылық. Тәуелсіздікті әр салада нығайта түсу – азат еліміздің тағдырын мәңгілікпен ұштастырудағы өмірлік әрі өршіл мұратымыз. Таяуда, 11 желтоқсан күні жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ батасымен «Сарыарқа» магистралды газ құбыры құрылысының басталуын биылғы жылдың басты бір оқиғасы десем, артық болмас. Қазақтың сан мың жыл бойы тас босаға, тал бесігі қал­ған, бертінде астанасы болған, менің кін­дік қаным тамған құт мекен – Қызыл­орда өңірінен бастау алып, бүгінгі бас қа­ламыз Астанаға жететін бұл газ құбыры – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың Бес әлеуметтік бастамасының бесінші бағыты. «Табиғи газдың орасан зор өндірістік қорларының болуы, оны пайдаланудың жоғарғы тиімділігі және қаржылық шы­ғынды салыстырмалы түрде алғанда аз талап етуі қысқа уақыт ішінде респуб­ликаның отын балансының құрылымын газдың пайдасына қарай өзгертуге мүм­кіндік береді. Қазақстанда газ өнеркәсібін дамыту перспективасы – мол», – деп жа­зылған 1981 жылы шыққан «Казахская Советская энциклопедияда». Жазылуын жазылды, бірақ жасалғаны шамалы болатын. Еліміз бодандықтан құтылып, бостан болған тұста КСРО-дан бар-жоғы пайдаланылғанына жарты ғасырдан асып кеткен «Орталық Азия – Орталық» транс­ұлттық магистралды құбыры ғана мұраға қалды: ол бойынша қазақстандық «көгіл­дір отын» тек Ресейге ғана кететін. Мамандардың тұжырымдауынша, ен­шімізге тиген қазақстандық құбыр желісі кемеліне келген, толыққанды жүйе емес, кеңестік газ тасымалы жүйесінің бір буыны ғана еді және ол Ресейдің солтүстік өңірлеріне, Украинаға және Кавказға табиғи газ жеткізу үшін түзілген. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның магистралды құбыр желілері техноло­гиялық тұрғыдан өзара байланысты­рылмаған күйде болды. Салдарынан бұл жүйе еліміздің батысында өндірілетін арзан газды оңтүстік және солтүстік өңірлерімізге айдауға еш ыңғай бермеді. Сондықтан мәселен, Оңтүстік Қазақстан өзіміздің «көгілдір отыннан» құны бірнеше есе қымбат өзбек газына тәуелді болып қалды. Нәтижесінде, бұл отандық газ на­рығы өрісінің тарылуына, тұтынушылар ауқымының шектелуіне соқтырып, Қа­зақстан улы түтіні қолқаны қабар, денсау­лыққа нұқсан келтірер, шығарындылары ауаны бүлдіріп, табиғатты ластар көмірге құлдық ұрды. Республиканың иелігіндегі газ тасымалдау желісі отандық осы отын түрімен негізінен тек мемлекетіміздің ба­ты­сын қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­ретін. Ал еліміздің оңтүстік-шығысындағы және солтүстігіндегі тұтынушылардың сұранысын Өзбекстан мен Ресейден миллиардтаған текше метр газ импорттап, өтеуге тура келді. Жағдайды түзеу әрі жер-жаһан «жасыл» деп таныған газ саласын дамыту үшін тек қаражат қана емес, ең бастысы, саяси ерік-жігер керек еді және ол табылды да: Елба­сының өзі бұл іске баса мән беріп, осы іске стратегиялық сипат теліп, Қазақстанның бірыңғай газ тасымалдау жүйесін құру, бұрын технологиялық тұрғыдан өзара байланысты болмаған барлық газ құбырын біріктіру бойынша міндеттер қойды. Қазіргі уақытта халқымыз бұл саладағы ұлы бетбұрыстың игілігін көруде, алғашқы жемістерін теруде. Мәселен, Қостанай об­лысы ақыры ресейлік газ жеткізілім­де­ріне тәуелділіктен құтылды. Жуырда Тал­ды­­қорғанды газдандыру тәмамдалды, «кө­гілдір отынның» желісі қаладан ары қа­рай аудандар мен ауылдарға өркен жаю­да. Болашақта қазақстандық газ Шығыс Қазақстан мен Өскеменге бет алмақ. Индустрияландырудың қарлығашы болып табылатын «Бейнеу – Бозой –Шымкент» магистралды газ құбыры тә­уелсіздігіміз тарихындағы алғашқы ең ірі құбыр жобасына айналды және елі­міздің энергетикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бойынша стратегиялық мін­детті орындауда. Ол сондай-ақ мем­ле­ке­тіміздің оңтүстігі мен шығысын төл га­зы­мызбен үздіксіз қамтуға мүмкіндік берді. Бұл өңір­лерде қазір «Бейнеу – Бозой – Шым­кент­тен» одан ары тарамдалып, әр елдімекенге жергілікті шағын газ құбыр­ла­ры таралуда. Сөйтіп, Қазақстан өзбек га­зының импор­тына тәуелді болуды қойды. Жалпы алғанда, бүгінде еліміздегі тұрғындардың 50 пайызға жуығы немесе 8,5 миллионы газбен қамтамасыз етілген. 17 өңірінің 11-іне газ тартылды. Энергетика министрлігінің статистикасына жүгінсек, газбен қамтамасыз етілу деңгейі Маңғыс­тау облысында – 99,86%, Атырау облысын­да – 97,8%, Алматы қаласында – 97%, Ба­тыс Қазақстан облысында – 93,98%, Ақ­төбе облысында – 88%, Қызылорда облы­сын­да – 64,19%, Шымкент қаласында – 90%, Түркістан облысында – 40%, Жамбыл об­лы­сында – 64,61%, Қостанай облысында – 54,48%, Алматы облысында – 35,69%. Енді мемлекетіміз орталық және сол­түс­тік өңірлерді де тұрақты газдандыруға қол жеткізбек. Бұл ретте осы ғаламат жо­баның бірінші кезекте әлеуметтік бағ­дарланушылығын атап өткен жөн. Өйткені қысы ұзақ, алты ай бойы үскірік аяз бен алай-дүлей боран қамауында қалатын солтүстік өңірлеріміз, соның ішінде елордамыз осы уақыт бойы көмір жағып, оның қап-қара түтінін қауып, тұншығады. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында құрылысы бастау алған «Сары­арқа» магистралды газ құбыры осы және басқа да түйткілді проблемалардың түйі­нін тарқатпақ. Оның бойындағы Жез­қаз­ған, Қарағанды, Теміртау, Астана қа­лаларының және басқа да елдімекендердің көмірден газға көшуі арқылы экологиялық жағдай жақсарады. Алдын ала бағалауға сәйкес, 2030 жылға қарай атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының деңгейі жылына 60-70 мың тоннаға төмендейді. Сондай-ақ тағы 2,7 миллион адам газбен жабдықталады. Экономистердің байламынша, газдан­дыру миллиондаған қазақстандықтардың өмірін жақсартып қана қоймай, сонымен қатар қарқынды өнеркәсіптік дамуға ықпал етеді: арзандау отын арқасында орталық және солтүстік өңірлердегі қап­таған алып кәсіпорындардың өндірістері серпін алады, қуаттылықтарын толығырақ іске қосып, өркендеудің жаңа белесіне көтеріледі. Олар айналасында шағын және орта бизнес те түлері сөзсіз. «Сарыарқа» магистралды газ құбыры кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Энер­гетика министрлігінің дерегінше, бірінші кезеңде бір-бір жарым жыл ішінде ол «Қы­зылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау» бағдарымен 1061,3 шақырымды басып өтіп, Астанаға дейін жетпек. Осы­ның арқасында елорда ғана емес, сондай-ақ газ құбыры бойындағы Қарағанды, Теміртау, Жезқазған және көптеген елдімекендер газдандырылады. Атап айтқанда, «Сарыарқа» бойын­дағы 171 елдімекен, оның ішінде Астана және қа­ла маңы аумағы, Қарағанды об­лысында – 119 елдімекен, Ақмола об­лы­сында 51 ел­дімекен табиғи газбен кезең-кезеңмен қамтамасыз етіледі. Кейінгі кезеңдерде табиғи газ «Сары­арқа» арқылы Ақмола облысына, Көк­шетауға, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына, Солтүстік Қазақстан облысына және Петропавл қаласына келеді деп күтілуде. Жоба аясында Қызылорда облысын­дағы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырына қосылу жо­лымен, Қазақстанның батысындағы кен орындары тобынан, атап айтқанда Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Ұрықтау (Рухтау) кен орындарынан да еліміздің орталығы мен солтүстігіне газ жеткізу жоспарлануда. Айта кету керек, бұдан бұрындары еліміздің орталық-солтүстік өңірлері үшін Ресей газын тасу көзделгені есте. Челя­бідегі «Қарталы» компрессорлық станса­сынан Тобыл мен Қостанайға баяғыдан «көгілдір отын» тасымал­да­на­тын. Содан бастап «Батыс – Солтүстік – Орталық» магистралды құбыры бағытын Астана мен Көкшетауға дейін жеткізу қарас­ты­рылған. Ал оны ары ысырып тастап отыр­ған «Сарыарқа» жобасы төл табиғи бай­лы­ғымызға сүйенуі сыртында, тұрғын­да­рымызды әлдеқайда көп – бір миллионға артық қамтуымен құнды болып отыр. Сыр­дан Сарыарқаға бағыт алған бұл жоба – мемлекеттілігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтып, елі­мізді бақуатты болашаққа бастар шам­шырақ іспеттес. Бақытбек СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі

Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/12/25/76366.html
Материалды көшіріп басқанда www.aikyn.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.