Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының Орталық Кеңесінің отырысы аралас форматта – оффлайн және онлайн режимдерде өткізілді.

Қорғаныс министрлігі жанынан Ардагерлер ісі жөніндегі жеке комитет құрылса, құба-құп!

Бүгін Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының Төрағасы ретінде менің жетекшілігіммен Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының Орталық Кеңесінің отырысы аралас форматта – оффлайн және онлайн режимдерде өткізілді.

Отырысқа Орталық Кеңес мүшелері, Парламент және Нұр-Сұлтан қаласы маслихатының депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, «Nur Otan» партиясының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиындағы баяндамамды назарыңызға ұсынамын.

***

Сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосып, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсетіп, Отанын жан сала қорғаған, жүрегінің түгі бар жауынгер-ардагерлерді сыйлау – ежелден халқымыздың қанына сіңген ізгі қасиет. Ұлтымыз осының арқасында батырлық дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа ұластырып, шарық тастай шыр айналған дүниенің небір шырғалаңынан аман шықты, ұлан-ғайыр жердің иесі атанды.

Сондықтан ардагерлерді материалдық, әлеуметтік-экономикалық қолдау, жан-жақты қамқорлық жасау – қоғамға парыз, мемлекетке міндет.

Сонымен бірге бұл мәртебе бізге, ардагерлерге үлкен жауапкершілік жүктейді! Біз патриотизм, Отанға адалдық, еңбекқорлық жөнінен жас ұрпаққа үлгі-ұлағат көрсетуге тиіспіз.

Ендеше жалқының қамын жалпының мұратына жығып, мемлекетшіл мүддені ілгерілетейік! Қазақстанның ішкі және сыртқы мемлекеттік саясатын қызу қолдайық! Сепаратизм көріністерінен, бөле-жарылушылық көңілдерден аулақ болайық! Өз арамыздағы тентек пен телiнi өзіміз тәртiпке жүгiндіргеніміз абзал. Әлемдегі жаңа қақтығыс ошақтарына көз тікпегеніміз жөн. Ардагер атымызға дақ түсірмегеніміз, соңымыздан сөз ертпегеніміз маңызды!

Қазіргідей ауыр кезең, қиын заманда ел ұйытқысы бола білейік! Біздің оң тәжірибеміз, мол біліміміз, биік рухымыз әрдайым жас ұрпаққа шамшырақтай жол сілтесін!

***

Уәкілетті органның мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 539 Ұлы Отан соғысының ардагері, сонымен қатар 100 мыңнан астам ҰОС мүгедектері және Ұлы Жеңіске үлес қосқан басқа да азаматтар, шамамен 16 мыңнан астам Ауған ардагері, Чернобыль АЭС-тегі авария зардаптарын жоюға қатысқан 5 мыңнан астам адам, 11 мыңдай «тәжік-ауғандық», «ирактық», «ливандық» бітімгершілер өмір сүруде.

Міне осы, кең ауқымды санаттың мүддесін қорғау мақсатында 1 жыл бұрын – 2020 жылғы 6 мамырда ел тарихында тұңғыш рет «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданды. Осы кезең ішінде бұл заңның кемшін тұстары көрінді.

Ардагерге деген құрметті еселей түсуге тұсау болған түйткілдер бар. Ол мәселелерді бүгінгі отырысымызда егжей-тегжейлі талқылап, ортақ ұсыныс-ұстаным түземіз деген сенімдемін.

Ардагерлердің мемлекет пен ұлт алдында сіңірген еңбегі тиісті бағалануы, оған лайықты құрмет пен қошемет көрсетілуі маңызды. Сонымен қатар, ардагерлерге адами капиталы мен әлеуетін толық жүзеге асыруға мүмкіндік беру, олардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайына қамқорлық жасау бағытында кешенді шаралар қабылдануға тиіс.

Осы орайда Қазақстан ардагерлері ұйымдарының Орталық Кеңесінің мүшелерімен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, заңға өзгерістер енгізуге, ұрыс қимылдарына қатысушыларды әлеуметтік қорғауды жақсартуға бағытталған ұсыныстар әзірледік.

Мен «Qazaqstan Ardagerleri» Қауымдастығының төрағасы ретінде ол ұсыныстарды ел Президенті Қ.К.Тоқаевқа, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.З.Нығматулинге, Премьер-Министр А.Ұ.Маминге жолдадым. Қазіргі кезде бұл ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдар пысықтап жатыр.

Ол ұсыныстардың жай-жапсарына өзге баяндамашылар тоқтала кетер.

***

Менің айтпағым: ең алдымен Қорғаныс министрлігі жанынан Ардагерлер ісі жөніндегі жеке комитет құрылса, құба-құп болар еді. Себебі, жаңа заңға сәйкес, ардагерлер қатары күрт өсті. Ұлы Отан соғысы және Ауған соғысы ардагерлері сыртында, біздің қатарымыз басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерімен; еңбек ардагерлерімен; тәжік-ауғандық жауынгерлермен; Чернобыль АЭС-індегі апатты жоюшылармен толықты. Біздің сапымызды Иракта, Ливанда және басқа да шиеленіс ошақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының құптауымен бітімгершілік операцияларына қатысқан және болашақта қатысатын жауынгерлер көбейте түспек. Олардың саны кейін тіпті Ауған ардагерлерінің санынан да асып кетуі ғажап емес.

Ендеше ардагерлер мәселесімен орталықтандырылған түрде айналысатын, бар жұмысты бір жерден үйлестіретін комитеттің Қорғаныс министрлігі құрамында болуы орынды деп санаймыз!

Ол комитет ардагерлерді әлеуметтік қорғаудың және қолдаудың ұйымдастырушылық-құқықтық және басқа да мәселелерімен жүйелі түрде айналыса алады. Қолданыстағы «Ардагерлер туралы» заңында ардагерлерге қатысты мемлекеттік саясатты жүргізетін уәкілетті орган туралы норма қарастырылмаған. Салдарынан, ардагерлерді әлеуметтік қорғаудың ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін қалыптастыруда ілгерілеушілік жоққа тән.

Бұған дейін ардагерлер өз мәселелерін қоғамдық бірлестіктерде немесе ардагерлер ұйымдарының әртүрлі кеңестерінде шешуге талпынып келді. Бүгінде бұл тетік өз әлеуетін сарқыды. Нәтижесінде, ардагерлер мәселелерімен енді қоғамдық белсенділер, әлдебір делдалдар, саналуан модераторлар шұғылданып, бұл тақырыпты сантүрлі ниеттеріне қалқан ете бастады.

Мұндай құбылыстар істің ілгері басуына, саланың өркениетті дамуына ықпал етпейді. Керісінше, қоғамда деструктивті көңіл-күй тудырады, ардагерлердің ар-абыройын төгеді.

Біздің пікірімізше, егер Қорғаныс министрлігі жанынан Ардагерлер ісі жөніндегі комитет құрылса, онда ардагерлер қауымдастығы мен Үкімет арасындағы қазіргі алшақтық жойылып, ардагерлер санаттарының мәселелері бірыңғай уәкілетті органның қамқорлығына айналар еді.

Аталған комитет қаптаған ардагерлік ұйымдардың бірлігі мен ауызбіршілігіне де ізгі әсер етері сөзсіз.

Оның үстіне ардагерлер және ардагерлік ұйымдар әр мәселесін жеке көтеріп, бірі Президентке, бірі Үкімет пен Парламентке, енді басқасы партия мен өзге де инстанцияларға хат жаудырып жатады. Егер ардагерлер ісімен мемлекеттік деңгейде айналысатын бір уәкілетті орган болса, онда ел басшылығына тасқындаған осы шағымдар легі де толас тауып, бір арнаға түсері даусыз.

***

Құрметті ардагерлер!

Биыл халқымыз Елбасымыз негізін қалаған Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекеттіліктің мәңгілік болуы аға ұрпақтың ұлттық мүдде тұрғысындағы зиялы істеріне және жас ұрпаққа берер патриоттық тәрбиесіне тікелей байланысты.

Бұл екеуі де біздің – ардагерлердің қолынан келеді. Бұл істі ілгерілету үшін бізге жарасым мен ауызбірлік керек. Бәріміз бірауызды болып, Болашағы біртұтас ұлт идеясына сүбелі үлес қоссақ, бейбіт замандағы орасан зор жетістігіміз де осы болмақ!

Мұндай жағдайда қоғамның ардагерлерге деген құрметі де арта беретін болады.

Жалпы, ардагерлерді әлеуметтік қорғау, мәртебесін көтеру жолында біраз жұмыс атқарылды. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстарды әзірлеуге барлық ардагерлік ұйымдар қатысуда, сол үшін Сіздерге үлкен ризашылығымды білдіремін!

Жұмыс ары қарай жалғасады, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істей береміз.

Назарларыңызға рахмет!

Бақытбек Смағұл

Nur Otan фракциясының мүшесі