Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Бүгін 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні.

Сыр бар айтатын: Шәкен Ниязбеков шынында 1933 жылы туған!

Бүгін 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Барша қазақстандықты шын жүректен құттықтаймын! Азаттығымызды айшықтаған, мемлекеттілігімізді төрткүл дүниеге паш еткен ұлық нышандарымызға құрметпен қарау, әрдайым қошемет көрсету – бізге парыз!
Осы орайда бір естелікті сізбермен бөлісе отырайын.
2008 жылғы 11 желтоқсанда Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы, қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі Шәкен Оңласынұлы Ниязбековтың 70 жылдығына арналған республикалық салтанатты жиын өтті. Соның шақыру билетіне Елбасының, өзге де ірі қайраткерлердің Шәкен аға туралы пікірлері түсірілді. Соған менің пікірімді де қосқанын көріп, кәдімгідей марқайып қалдым. Тарихта аты қалған тұлға ғой, оның көлеңкесінде жүргеннің өзі мәртебе!
Жоғарыдан салтанатты кешті Тұңғышбай аға Жаманқұлов басқарады деп белгілепті. Алайда ізінше ұйымдастырушылар маған хабарласып: «Сіз басқаратын болдыңыз! Сіздің пікіріңізге сүйсініп, Шәкен ағаның өзі «Бақытбек басқарсын!» деп табандады» деді.
Пойыздан Таразға түнгі сағат 3-те түскенмін. Ұйқыны ұмытып, сценарийді қайта жасауға кірістім. Республиканың барлық өңірінен делегаттар жиналған. Зал лық толды. Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков ағамыз бар, кешті абыройлы атқарып шықтық.
Салтанатты кеш жоғары деңгейде өтті. Жиналған дүйім жұрт Шәкен ағаға құрмет көрсетіп, дән риза болып тарасты. Шәкен ағаға Бауыржан атындағы «Батыр шапағаты» медалін табыстадым. Қатты қуанды.
Ертесіне жергілікті мейрамханада дастархан жайылды (содан түскен суреттерді назарларыңызға ұсынып отырмын).
Шәкен Ниязбеков тарихтағы дара орнына қарамастан, көңілі дархан, кеңпейіл, аса қарапайым тұлға еді. Дүниеден өткеніне де жеті жылдай уақыт болып қалыпты. Энциклопедиялар, ақпарат құралдары ол кісіні 1938 жылы дүниеге келген деп жазып жүр. Шынында, өзі 1933 жылы өмірге келдім дейді.
–Ашаршылық қысып, халық қынадай қырылып жатқан жылдар болатын. Жүкті аналар да қатты ашыққандықтан, балалар уақытынан әлдеқайда ерте туылатын. Дүние есегін аша алмай, шешесімен бірге, жатырында өлген сәбилер қаншама... Ағайындарым шала туған құйтақандай қызылшақаның адам болып кетеріне сенбеген, бірақ күдер үзбеген. Содан 5 жыл бойы тымақтың ішінде жатыппын. «Әне өледі, міне өледі» деп жүргенде, күндердің бір күнінде мен алғаш рет аяғыма тұрыппын. Осы ғажайыпқа куә болған туған-туыс жиналып, атымды «Шәтен» қояды. Шетінеп кетпеді дегенді білдіріп. Бірақ құжаттарда мені 1938 жылы дүниеге келді деп жазды. Шын мәнінде мен 1933 жылы туғанмын! – деп сырын айтты Шәкен Ниязбеков.
Текті адам ғой. Бұл кісі ұлы қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туысы: батырдың апасынан туған.
Тараздағы сол тойдан кейін Шәкен ағамен көп кездесіп, бірге жүрдік, жақсы араластық.
2006 жылы Әзілхан Нұршайықов ағамызбен бірге біздің үйде қонақта отырғанда тағы бір сырын әңгімеледі:
«Шамамен 80-ші жылдары ғой деймін, Волоколам тас жолындағы ерлігін сипаттап, Бауыржан Момышұлының портретін салмақ болғанмын. Сонда Әзілхан аға, есіңізде ме, сіз маған: «Ұлы туынды тудырғың келсе, Бауыржанның суретін салғың келсе, онда образға кіруің керек!» дедіңіз. Осы мақсатта сұрапыл соғыстар жүрген Волоколам тас жолы ауданына барып, бұрынғы қан майдан даласын аралап, Баукеңнің ақбоз ат үстіндегі үлкен суретін сол жерде салдым. Қазір ол сурет үйімнің төрінде тұр», – деді Шәкен аға.
Өзге адам болса, не мақсатпен бара жатқанын сол кезде-ақ жұртқа жария етіп, журналистерге сұхбат беріп, әйгілеп жатады. Ал қарапайымдылығы сонша, Шәкен аға бір сурет сырын қаншама жыл өткенде ғана әңгімеледі.
Осы ұлы тұлғаның қадіріне жете алдық па? Жете алмадық-ау деген қынжылыс бар. Шәкен аға қатты ауырғанда, «Совминнің» ауруханасына бағыттама да бермей қойыпты. Мен өзім араласып, әзер деп жатқыздық. Қымыз апарып беріп, таза ауада бірге серуендегенде, балаша қуанушы еді. Қасында қамқорлық жасағаны – әйелі болды.
Адамдардың қасымызда жүрген тарихи тұлғаларды ардақтай бермейтіні көңілге ауыр тиеді екен. Тіпті Жапония Үкіметі кезінде осы кісіге өнертапқыш ретінде ақша аударыпты. Себебі, заманауи теледидар экранының ең дұрыс диагоналын Шәкен аға сызған! Оны да екінің бірі біле бермейді.
Ресей Кеңес Одағының ең қымбат көлігі – «Волганың» эскизін де Шәкен аға сызғанын айтпай жүр. Оның авторлық құқықтары сақталған.
2014 жылғы 16 тамызда Шәкен Ниязбеков дүние салғанда, Алматыға ұлы тұлғаны шығарып салуға бардым. Өкінішке қарай, адам аз келді. Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімов, мен, қалалық мәслихат хатшысы секілді аз шоғыр ғана адам болды.
Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі

#ШәкенНиязбеков #ШакенНиязбеков #МемлекеттікРәміздер #ГосСимволы #BaqytbekSmagul #BakhytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул