Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Бір топ солдаттармен кездесу

Жақсы әдет бойынша күнде таңертең, сағат 5-те тұрып, далада серуендеймін, дене шынықтырамын.
Бұл денсаулыққа дем, сергектікке сеп.
Жексенбінің таңында, кештеу, яғни сағат 6-да оянып, сыртқа шықтым. Серуеннен үйге қайтып келе жатқанымда, 7-лер шамасында «Керуеннің» жанында бір топ солдат ұшырасты. Шығыс Қазақстанда орналасқан Қасым Қайсенов атындағы, сондай-ақ Аққолқа, Обалы, Майқапшағай, Құмбел, Қаратал шекара бөлімшелерінде Отан алдындағы әскери борышын өтеп, үйлеріне оралып бара жатқан жауынгерлеріміз екен. Қостанай облысының тұрғындары.
Олар мені танып, қол беріп, жапатармағай амандасып жатыр.
Жігіттер вокзалдан түскен бойда «Керуенге» дейін жаяу келіпті. Келесі пойыздары жеткенше, елорданы аралап, тамашалауға ұйғарған. Кейбірі астанамызды алғаш рет көріп тұр екен. Бірақ азанда, тым ерте ашылып, жұмыс істейтін жер аз. «Таңғы асты тастама» деген бар. Содан үйге келдім де, асүйдегі дайын тамақты шығартқызып, үй жанындағы дәмханалардың бірінің даладағы үстелдерін сұраттырып алып, шағын дастархан жайдым.
Ашығып татқан ас тәтті, майданда тапқан дос тәтті.
Жігіттерге көрнекті қазақ қолбасшысы, Ауған соғысының алыбы «Қара майор» Борис Керімбаев туралы қазақ және орыс тілдеріндегі кітаптарымды автографыммен бірге тарту еттім. Ұрыс жүргізудің үздік үлгілерімен таныса жүрсін деп. Бәрі қуанып жатыр.
Арасында қазаққа көзі түзу, жүзі басқа болса да, жүрегі бір, түрі басқа болса да, тілегі бір Алексей деген бауыр бар екен, оған өзім басқаратын «Әмбебап жекпе-жек» федерациясының футболкасын сыйға тарттым.
Елдің шетінде, желдің өтінде мемлекетіміздің тыныштығын қорғап қайтқан сарбаздар мерзімді әскери қызметтерін қалай өткергендерін әңгімелеп берді. Бірқатары ары қарайғы еңбек жолын әскери салада жалғастыруға белді бекем буыпты, әскери академияға, әскери оқу орындарына жолдама алған. Қалғандары ауылға оралып, сонда еңбек етпек ниетте.
Шығыс Қазақстан облысының шегіндегі бұрын қанішер В.Кондюриннің есімін ұлықтап келген застава менің бастамаммен 2019 жылғы 13 тамызда Қасым Қайсенов атымен қайта аталғанын жауынгерлер біледі екен. Бұл күрделі істі қалай ілгерілете алғанымды сұрастырды. Жағалай ризашылықтарын жеткізіп жатыр. Бұл шекара бөлімшесі мен үшін ерекше ыстық.
Әскерден қашпайтын, Отан алдындағы борышынан бас тартпайтын жастармен емін-еркін шүйіркелесіп, бір жасап қалдым. Елдің есендігі, шекарамыздың бекемдігі болашақта осындай жігіттерімізге байланысты болмақ. Ұлы миссияға лайық жігіттеріміздің өсіп келе жатқанына кезекті рет көз жеткізіп, марқайдым...
Өрендерді пойызға шығарып салдым.
Бақытбек Смағұл
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #BakhytbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҚасымҚайсенов #Застава #ШекараБөлімшелері #Аққолқа, #Обалы, #Майқапшағай, #Құмбел #Қаратал #ШекараҚызметі #ҚарулыКүштер