Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Ихсан туралы құнды кітап

Ихсан туралы құнды кітап
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚМДБ ғимаратында өткен «Ихсан – тәрбие негізі» кітабының тұсаукесеріне қатыстым. Туынды Бас мүфтиіміз Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көріп отыр.
Кітап «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» атты тараулардан тұрады, онда Рух тазалығы, Тіл тазалығы, Өмірдің қадірі, Адамдардың ақысы, Қарым-қатынас әдебі, Нәпсі тәрбиесі секілді маңызды жайттар қамтылған.
Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілген.
Игі іс-шара қасиетті Құран оқумен басталды. Бас мүфти жиынға қатысушыларға ізгі тілегі мен алғысын білдірді. Наурызбай қажы Тағанұлы ихсан – бақытын иманнан іздеген жұртымыздың жүрегіне жақын ілім екенін айтты.
«Ихсан ілімі әуелі пенденің Аллаға деген мойынсұнуымен басталады. Адам баласының Аллаға деген ихсаны: алдымен иман келтіру, бұйырған амалдарын орындау, барлық тыйым салған нәрседен аулақ болу, ізгі амалдарды арттыру. Құранда: «Негізінде Алла әділдікті, игілікті (ихсанды) және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан және зорлық-зомбылықтан тыйады. Түсінерсіңдер деп сендерге (осылайша) насихат береді», – деп баяндалған («Нахл» сүресі, 90-аят). Осы аят еліміздегі мұсылман қауымының жүрегіне жетіп, олар ғибрат алар деген үміттеміз», – деді Бас мүфти.
ҚМДБ төрағасының айтуынша, «бұл кітаптан әрбір адамға аса қажет ықылас, ниет, ыждаһат, тұрақтылық, тиянақтылық, Аллаға, Құранға, Пайғамбарға деген махаббат, нәпсімен күресу жолдары, жүрек дертінен арылу, рух тазалығы, тіл тазалығы сынды көркем мінезді қалыптастыратын сипаттарды тұлабойымызға сіңіру қажеттігін түсінеміз». Сонымен қатар, ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысы жайлы құнды насихаттар жазылып, жаман әдеттерден арылудың жолдары көрсетілді.
Былтырғы қарашада ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездескенде Бас мүфти осындай ағартушылық мәндегі кітапты шығару мәселесін көтеріпті. Нақтылай кетсек, Наурызбай қажы мүфтият алдағы уақытта «Ихсан» ілімін, Абайдың кемел адам концепциясын кеңінен дәріптеп, насихаттау жұмыстарымен айналысатынын жеткізді.
Ихсанның ұғымын қарапайым тілде түсіндірсек, адам қандай іске, амалға кіріссе де, «Алла мені көріп тұр» деп біліп, іс-амалын кемел түрде, жоғары сапада жасауын білдіреді екен. Яғни, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім бабаларымыздың насихаттағанын, уағыздағанын да осы ихсан деуге болады. Бұл – әрбір иманды адамның бойынан табылуға тиісті барлық ізгі қасиеттердің, жақсы мінез-құлықтың жиынтығы. Кімнің ихсаны болса, ол ұлтымызға, қоғамға пайдалы адам болмақ.
Бұл кітапты әзірлеуші игі-жақсылар ихсанды тәрбиеміздің рухани өзегіне айналдыруға, оқу орындарында, университеттерде оқытуға ниетті. Бұл – адамдар адаспай, өмірде жарасымын табуы, қайырымдылық, әдеп, ізет, имандылықты басшылыққа алуы үшін қажет. Сонда ұлтымыз көркейеді, мемлекетіміз өркендейді.
Бақытбек Смағұл
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakhytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҚМДБ #Ихсан