Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ – МЕНІҢ ТАРИХЫМ

ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ – МЕНІҢ ТАРИХЫМ

«Менің халқым өзге халықтардың түсіне кірсе, шошып оянатындай қорқынышты оқиғаларды бастан кешті. Қазақтар талай жерде тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды», – дейді Елбасы «Ғасырлар тоғысында» кітабында.
Расы сол. Егер табиғаты өткен тарихтан сыр ақтатар болса, ұлан-байтақ бұл даланың тауы күрсініп, талы шулап, қайғы-мұңнан қара тасы қақ айырылар еді!
Біздің қазақ қашан тыныш ұйықтап еді? Көк түрік Күлтегін бабамыз түнде көз іле алмағанын, күндіз байыз тауып отыра алмағанын бекер тасқа қашап кетпеген. Ұлы хандарымыздың қаншамасы жан-жақтан анталаған жаулармен қасық қаны қалғанша соғысып, майдан даласында шейіт болып кетті. Ресей патшасының отаршылдығы кезінде аз өмірі аттың жалында, күрес жолында өткен бертіндегі батырларымыздың қызғыш құсқа ішкі зарын айтып, ұйқы көрмей аңсағаны азаттық пен абат күн еді. Алаш арыстары ұлтымызды бодандық қамытынан арылтып, бостандыққа жеткізу үшін басын бәйгеге тікті. Күркіреп өткен ІІ дүниежүзілік сұрапыл соғыста қазақстандық батырлар қару алып, дұшпанына қаһарлана ұмтылғанда, көздегені бейбіт өмір болатын.
Күрсінумен күні өткен, қасіреттен көз ашпаған халқымыздың ең асыл арманы Елбасы негізін қалаған заманауи мемлекеттілігіміздің, Тәуелсіздігіміздің 30 жылы ішінде ақиқатқа айналды. Татулығы арқылы тыныштық орнатып, бейбіт пейілі арқасында берекесін бекемдеген Қазақстан жасампаз жолға түсті. Бақуатты болашағының іргетасын қалады. Тәуелсіздікті ұлық тұтып, тұрақтылықты дәріптейтін, өзге елдер өнеге етіп, санасатын іргелі, дамыған мемлекет құрудамыз.
Қазақстанның Тұңғыш Президентінің елге сіңірген еңбегі, атқарған қызметі – феноменалды. Мұндай үлгі қазақтың тарихында да, бүкіл дүниежүзілік тарихында да ешқашан болған емес.
1) Экономикасы арттап қалған,
2) Экологиясы, ауасы және жері әбден ластанған;
3) Ұлты тоталитарлық заманда тәуелсіз сананың не екенін мүлдем ұмыта жаздаған;
4) Қоғамы әртүрлі әлеуметтік-этностық сынақтар жасалатын «ұлттар лабораториясына» айналған отарлы елдің басшылық тізгінін батыл қолға алу;
5) Посткеңестік кеңістіктегі барлық елдер бастан кешкен азаматтық соғыс пен қарулы қақтығысты болғызбастан елді бейбіт өркендеген тәуелсіз мемлекетке айналдыру;
6) Жаңа астананы орнату әрі жайнату;
7) Дүниежүзінде бірінші болып, «ақырзаман қаруына» тыйым салу, полигонды жабу, төртінші алапат арсеналдан бас тарту, адамзатқа өнеге көрсетіп, жаһандық антиядролық қозғалысқа көшбасшы болу;
8) Әлемдік бастамалары мен жобаларын төрткүл дүние жұртшылығына және ең жоғарғы халықаралық инстанция саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымына мойындату;
9) Қаншама араз елді татуластыру, бітімгер болу;
10) Елді дамыған елдердің «отыздығына» бастау;
11) мемлекеттік тілді жаңа әліпбиге көшіру – біле білсеңіз, Жер планетасындағы бір де бір елдің кез келген көшбасшысының өмірбаяны мен мансап-карьерасында бұған ұқсас ештеңе де жоқ! Бұлардың барлығы – жалғыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевта ғана бар.
Сондықтан да Елбасының өмірі мен еңбек жолы жай ғана табысты емес, феноменалды, қайталанбас, таңғажайып! Сондықтан да бұл мүмкін еместей, тосын құбылыстай көрінеді.
****
Қазіргі әр қазақтың өміріне Тұңғыш Президентіміздің шапағаты тигені сөзсіз. Менің де тұлға ретінде қалыптасуыма Нұрсұлтан Әбішұлының үлкен ықпалы болды. Сол жайында әңгімелеп бермекпін.
1984 жыл. Ауған соғысынан жаралы оралып, бейбіт өмірдегі орнымды іздеп жүрген кезім. Әке-шешем өмірден ерте өткендіктен, ауылда тұл жетім қалған бауырларымды асырау үшін амалсыз сырттай оқуға ауысып, еңбек жолымды көше сыпырушы-қар тазалаушы болып бастадым. Өйткені менің жұмыс берушім – «домоуправлениенің» қызметтік баспана ұсынуға мүмкіндігі бар-тын. Алматыдағы қазіргі Төле би көшесінің бойында бұрын «Стрела» деген гастроном болды, күн сайын содан бастап, Байзақов, Әуезов көшелерінің бойын, сондағы үйлердің ар жақ-бер жағын бозала таңда және кешкі уақытта екі рет айнадай етіп сыпырып шығамын. Қар түскенде, қардан аршимын.
Әсіресе, баспанасыздық мәселесі қатты батты. Кеңес заманында соғыстан оралған майдангерлерді үймен қамтамасыз ете бермейтін. Қаладағы «Комсомольский, 150» (қазіргі Төле би көшесі) мекенжайындағы үйдің сыртқы бір бұрышында, ішінен құбыр өтетін кішкентай ғана панажай болды, амалсыз сонды тұрдым. Оның ішінде келіп тұрған суынан басқа ешқандай тұрмыстық жағдай жасалмаған. Есігін ашсаң, бірден дала басталады. Қара суық желден қалтырайсың.
Қыс кезі. Таныстардың кеңесімен баспанасыздық мәселесін шешуде көмек сұрап, жоғарыға хат жаздым. Оны тікелей Нұрсұлтан Әбішұлы қарайды деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Бірақ ізінше «предсовминнің» өзі қабылдайды деген хабар келді.
1984 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып сайланған.
Содан жолдастарым әр жақтан ақыл айта бастады: «Сен соғыс ардагері әрі жаралы екеніңді білдіру үшін бір аяғыңды сүйретіп, ақсап кір!» дейді олар. Үй кезегінде тұрған адамдардың бірі: «Қарағым, ол кісінің алдына кіре алсаң, жыла, сонда үй аласың!» деп ақыл қосты. Маған бұл әбес көрінді. «Өз обалың өзіңе! Онда үйден айырылып қаласың!» дейді ол.
Алға оза айта кетейін, жолдастарымның құлаққа құйған кеңестері менің есіме тек Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесі Төрағасының кабинетіне кірер кезде емес, тек одан шыққан соң ғана түсті де, «ақсай» жөнелдім. Содан «Балалар әлемі-Детский мир» жанында өзімді тосып тұрған жолдастарыма шынымен ақсап жеттім. Аяғым қарысып қалыпты. Уқалап, әзер жазып алдым...
Айтқандай, бұған дейін біз, бірнеше Ауған соғысы ардагері, әбден титықтатқан баспанасыздық мәселесін шешу үшін біраз мекеменің табалдырығын тоздырдық. Сұратқан құжаттарын, «үйі жоқ» деген анықтамаларды ауылдан жинап, алып келемін, алайда қалай екені белгісіз, жоғалтып алады да, үй кезегіне тұрғызбайды. Қайтадан ауылыма барсам, ондағы шенеуніктер сұратылып отырған ол құжат бұған дейін берілгенін алға тартып, меселімді қайтарады. Осылай, тұйыққа тірелгендей едім. Ақыры, бұл мәселеге Н.Назарбаевтың өзі назар аударған соң, торықпа тірліктің тыйылым табар тұсы көрінгендей болды.
Белгіленген күні бардым. Ол кезде ҚазКСР Министрлер Кеңесінің ғимараты, яғни «Үкімет үйі» Алматыдағы ескі алаңда орналасқан. Биік тұғыр-постаментке қондырылған, үлкен колонналары бар еңселі нысан. Соның алдында тұрып, алай-дүлей күй кештім. Жан-дүнием бұрын-соңды тап осылайша ойнақшып көрмепті: теңіздің түйе жалды толқынындай шарқ ұрып, жарқабақтың ұшынан жан ұшыра төмен қарай құлдилап ала жөнеледі...
Нұрсұлтан Назарбаев аумағы атшаптырымдай кең бөлменің төріндегі үлкен үстел басында отырады екен. Оның қасына Қазақ КСР-і Жоғарғы кеңесінің депутаты да жайғасыпты. Бір қызметкер айтылғанды хаттамаға түсіріп, машинкасын сырт-сырт басуда. Зер сала қарасам, Нұрсұлтан Әбішұлы менің құжаттарымды қолына алып, зейін қоя оқуда. Артынша маған қайырылып, жағдайымды сұрай бастады.
Билік пен биік рухтың бір адамның бойында, бір арнада тоғысуы сирек кездеседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың сондай дара тұлға екеніне өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында алғаш көз жеткіздім. Оның алдында қулыққа басуға құлқым бола қоймады, кең толғанып жатуға мұршам болмады. Жүрегімде не тұрса, тілімнен сол шықты. Басымдағы ахуалды байыппен айтып бердім.
Әлі есімде, мені мұқият тыңдаған соң, Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді:
–Айналайын, соғысқа жолдағанда, ешкім де сенен сұраған жоқ. Ендеше сен неге мына жерде «Прошу» деп жазасың? «Требую» деп жаз! «Согласно Постановлению ЦК КПСС, Совета Министров СССР от 17 января 1983 года №59-27 «О льготах военнослужащим, рабочим, служащим, находящимся в составе ограниченного контингента советских войск на территории Демократической Республика Афганистан, и их семьям» требую...» деп жаз! – деп, осының барлығын жатқа айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы ізінше маған өзінің қаламын ұсынды.
Мен оның айтуымен, Қаулының нақты нормаларына сілтеме жасай отырып, арызымды сауатты түрде қайта жазып шықтым.
Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев телефонның құлағын көтеріп, жауапты тұлғаға қоңырау шалды:
«Сен Ауғанстанның не екенін білмейсің! Қан майданға айдағанда, бұл жігіттің «пропискасы» бар ма, жоқ па, оны сұрадыңдар ма?! Халықтың жағдайын түсінбейтін болсаң, менің қабылдауыма кел, санаңа жеткізейін. Заңнан хабарың бар ма өзіңнің? Бұл азамат бір ай ішінде баспана алатын болсын! Егер ала алмаса, себебін айтып, жазбаша түрде маған жеке жауап беретін боласың!» – деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев.
Сосын маған бұрылды да: «Жақсы, батырым! Бір айдың ішінде үй аласың!» – деп қолымды қысты.
Ертесіне көшені қар мен мұздан тазалау бойынша жұмысымды аяқтап, «коптеркама» кірсем, сырттан автокөлік дабылдап тұр.
Ол кезде машиналар өте аз ғой. «Бұл неменеге сигналын басып тұр, құрал-сайманымды көшеде қалдырып кетпеген сияқты едім ғой?» деп, далаға шықсам, сол кездегі мәртебелілер ғана мінетін қара «Волга» тұр. Оның терезесі түсірілді де, ішіндегі әлдебір маңызды тұлға маған тіл қатты:
«Мынау – сенің үйіңнің кілті, мынау – ордер, қазірден кіре беруіңе болады», – демесі бар ма! Нұрсұлтан Әбішұлы өзі араласқан соң, тұрғын үйге жауапты мекемедегілер «жоғалып» қалған құжаттарымды да тауып алыпты. Маған Ауған соғысының қатысушысы ретінде үш бөлмелі үй берілді.
Қуаныш қанат бітіреді емес пе?! Дереу, көрсетілген мекенжайға қарай құстай ұштым, қалың қарды кеше жетіп бардым. Есікті ашып қалсам, үш бөлмелі пәтер! Іші жып-жылы. Әрі бірінші қабатта. Іле-шала қамқорлығымдағы інілерім мен қарындасымды өз қолыма алдым. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы Смағұл отбасындағы тағдырдан теперіш көрген, тоқпақ жеген жетімдерге үлкен қамқорлық көрсетті. Ізінше інілерім Алматыда оқуға түсті, әскерде борышын өтеді. Елге сыйлы, Отанға еңбегі сіңген азаматтарға айналды. Олар да алдымен Аллаға, содан кейін Нұрсұлтан Әбішұлына алғысын айтып отырады.
Сол тұста Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Ауған соғысы ардагерлеріне, Чернобыль апатының салдарларын жоюшыларға жағдай жасап, баспанамен қамтамасыз етіп жатты.
Адамдарға жасалған жақсылық арқылы адамның кісілік қасиеті анықталса, туған елге, Отанға жасалған қайыр адамның азаматтық құнын анықтайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың адамдарға да, Отанға да. Ұлтқа да көп еңбегі сіңді.
Өмірдің тек бал татып тұрмайтынын оның кермек дәмін жұтқан жан ғана сезінеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті де өз өмірінде талай қиындықты, қиямет пен қиянатты бастан өткерді. Бірақ еш мойыған жоқ, тағдырдың тастаған шомбал тастарын шойындай білегімен лақтырып тастады, шоқтай жанып, балқытты. Сонымен бірге оның қаны қарайған жоқ, ешкімге өшіккен жоқ. Қайта қамқорлыққа зәруге жан жылуын себелеп, мейірім шуағына әлдилеуге үйренді. Оның ұлылығының бір қыры да осы.
Мен, Ауған қырғынынан тауы шағылып, бағы сарғайып оралмасам да, өмірдегі әділетсіздік кесірінен сенімімді жоғалта жаздаған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауына кіре алғаным үшін Жаратқан Иеге шүкіршілік етемін. Сол кездесуден ізгілік пен мейірімнің нұрын сіміріп шықтым. Қажыған бойға әл жүгіріп, рух кірді.
Адам жүрегінің ашыла бермес сан түрлі иірімдерінің бір тамыры осы жерде иіген сияқты. Бұған дейінгі қарақан басымның қамын күйттеген тірлігімнің бәрі бекер екенін, ендігі ғұмырымды ел тұтқасын ұстаған ағаларға қолғабыс жасап, ұлтқа қызмет етуге, елдікті еңселендіруге арнағаным жөн екенін түсіндім. Тамақтың тоқтығы мен киімнің көктігіне мәз болып, жайдақ ғұмыр кешсең, өмір өшпес өкінішпен өтетіні, ұлттық ар-намыстың жоқтығы тірідей өлгенмен тең екені туралы байлам түйіп, дүр сілкіндім, сана көзі ашылды.
Мен осылайша, қоғамдық қызметке белсене араластым, жазушылық, ақындық қабілеттерімді мемлекеттік, ұлттық мүдделерді ілгерілетуге жараттым. Желтоқсан оқиғасына қатыстым. Ел тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи қазақ мемлекеттілігінің негізін қалау жолындағы бастамаларын, күш-жігерін қал-қадари қолдап, Қазақстанымның Тәуелсіз ел болуына үлес қосуға тырыстым.
Еліміз Азаттық алғаннан кейін білім қуып, кеңес кезіндегі құрылыс техникумымен шектелмедім, екі бірдей университетті заңгер, журналист мамандықтары бойынша бітірдім.
Соғыс көрген азамат ретінде қоғамда, жастар арасында патриоттық тәрбие жүргізуге ден қоя бастадым. Қоғам қайраткерлігіне құлаш ұрдым. Өзімдей ардагерлердің үміті үзілмеуі, сенімі жоғалмауы, сағы сынбауы үшін жұмыс жасайтын арнаулы республикалық қоғамдық бірлестікті ұйымдастыруға атсалыстым.
2005–2011 жылдары үкіметтік емес ұйымдар секторында Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» Қауымдастығы төрағасының орынбасары болдым. Ал 2012 жылдан бастап, бүгінге дейін Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағалық тізгінін ұстап келемін. Елбасының «Нұр Отан» ХДП (қазіргі «Nur Otan» партиясына) мүше болдым. 2012 жылғы 20 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайландым.
Тазалық, өрлік, адамдық – тұлғаны МӘҢГІЛІК етеді. Қара басыңның емес, халқыңның қажетіне жарасаң, тек сонда ғана жүрегіңе жылулық, жаныңа рахат құйылмақ, көзің нұрға, кеудең жырға бөленбек. Сонда ғана көңіл шын желпінеді, айналаға ерекше өң кіреді, өмірдің сазды, назды ырғағына тербеледі. Қалықтайды, шабыт шарықтайды. Ой сергіп, бой жазылады.
Елбасы көрсеткен ең жоғарғы адамгершіліктің үлгісі менің өмірімде мәңгілік өшпес із, жүрегімде ұмытылмас ризашылық сезімін қалдырды. Содан бері Елбасының тұлғалық қасиеттерін ту етіп келемін.
Бақытбек Смағұл
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

Фото elbasy.kz

#Qazaqstan30 #MeninQazaqstanym #BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #BakhytbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #Тәуелсіздік30 #Елбасы

#deputatnurotan