Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Жаңа әкімдер жұмысқа кірісті, не үміт бар?

Жаңа әкімдер жұмысқа кірісті, не үміт бар?

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бір апта бұрын, 25 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткені мәлім. Яғни, ауылдық округ әкімдерін мәслихат депутаттары емес, жергілікті тұрғындардың өзі сайлады. Қазіргі кезде сайланған әкімдер куәліктерін алып, іске білек сыбана, белсене кірісуде.
Ауыл тұрғындарына өз әкімдерін өзі сайлап алуына мүмкіндік беру – еліміздегі демократияны дамытудағы тың әрі маңызды қадам болды. Бұған қоса, осы іс-шара жергілікті өзін-өзі басқарудың одан әрі жетілдірілуіне, кемеліне келуіне үлес қосты. Мемлекет басшысының жаңа қадамын ел қызу құптады, қуана қарсы алды.
Айтайын дегенім, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы қаншама елжанды азаматтың, білікті басшының бағын ашты, алдындағы жаңа мүмкіндіктер өрісін кеңейтті.
Қазақтың атпал азаматтарын біле жүрейік. Соның бірі – «Nur Otan» партиясының кандидаты, Райымбек ауданындағы Қайнар ауылдық округінің бұрынғы әкімі, ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Серік Тоқсейітұлы Шалов. Ол көшбасшы партия атынан Алматы облысының Талғар ауданындағы Панфилов ауылдық округі әкімі лауазымына сайлауға түсіп, ауылдықтардың 71,9%-ының дауысын жинап, басым әрі сөзсіз жеңіске жетті.
Серік – әскерилер ретінде бұрыннан аралас-құралас болып жүрген ініміздің бірі. Кезінде, әкімдік қызметке ауысқанға дейін Мәжіліс депутаты ретінде менің қоғамдық көмекшім болды. Алғаш рет әкім болғанда қамқорлық көрсетіп, көмектескенмін. Бұл жолы да сайлауға түсу ниеті барын жеткізгенде, қолдадым.
Енді міне, аудан әкімі жаңа сайланған ауыл әкіміне куәлігін тапсыру рәсімін өткізді. Салтанатты шараға мені де шақырды. Бұл құрметіне ризашылық білдіріп, қатысып қайттым.
Жиында облыстық маслихат депутаттарының, ауылдық округ бойынша Қоғамдық кеңес мүшелерінің, ауыл белсенділерінің алдында Талғар ауданының әкімі Қайдар Әлиханұлы Абдыханов 5 бірдей кандидаттардың арасынан қара үзіп, жеңіске жеткен Серікті ресми түрде құттықтап, Панфилов ауылдық округі әкімінің куәлігін тапсырды.
Серік Шалов кезінде 3 390 тұрғыны бар Қайнар ауылында әкім болды. Ол кезде ауыл әкімін мәслихат депутаттары сайлайтын, ал кандидаттарды жоғары тұрған әкім ұсынатын. Төрт жыл абыройлы қызмет атқарды. Алайда келесі сайлауда аудан әкімі оның кандидатурасын ұсынбай қойды. Оның әкімдік мерзімі біткен соң, басқа адамдарды ілгерілетуді жөн көріпті. Әйтпесе, ісінде мін жоқ еді.
Сардар-офицер Серік Шалов Қайнар ауылында темірдей тәртіп орнатты. Ауылға береке кірді. Әкім ішімдік саудасын тоқтатты. Арақтан ада ауылға айналдырды. Көшеге саңқылдатып, қазақ радиосын орнатты. Ауылдың өне бойын көгалдандырды, көшелерді абаттандырды. Машина өтсе, жел үп десе шаңы бұрқырап жататын жолдарына асфальт төседі. Ауылда қаладағыдай көз қуантар гүлзәрлар пайда болды. Көшелер түнгі жүргіншілер жүрісін қауіпсіздендіру үшін жарықтандырылды. Бір жақ бөлігі қирап жатқан ескі мешітті қалпына келтірді.
Бұрын қоқысқа бөгіп жататын ауылды мұнтаздай таза етті. «Тазалықты сақтайық! Боққа оранып жатпайық! Күл-қоқысты шашпайық, Өз орнына тастайық!» деген менің бір ауыз сөзімді көшеге жазып, іліп қойыпты.
Малдар егінге түсіп, ауылдықтар мен ауыл кәсіпкерлері қырғи-қабақ жағдайға жеткен екен. Содан ол төрт түліктің өрісі мен жайылымын ретке келтіріп, жануарлардың жауапсыз иелеріне әкімшілік шара қолданып, жылдар бойы қордаланған шиеленісті де шешіп берді.
Ауылда тіпті әкімшілік ғимараттардың құжаттары дұрыс болмаған, қолдан қолға өткен. Соның бәрінің құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік актілерін алғызды.
Туризмді дамытты. Бүркітшілердің «Қансонар» халықаралық жарысын өткізе бастады.
Қайнар ауылы сол кезде үлгілі елді мекенге айналды, өзге ауылдарға ұлағат-өнеге көрсетті. Алдыңғы қатарлы ауыл туралы ақпарат құралдары көп жаза бастады. Талантты журналист, марқұм Бейсен Құранбек «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Қарекет» бағдарламасына арнайы шақырып, әкімнің озық істерін Қазақстанға паш етті.
Серік ең бастысы, бюджеттің әр теңгесінің ел игілігіне, нысаналы жеріне жұмсалуын қатаң бақылады, ұқсатып, ұтымды жұмсады.
Ол әкімдіктен кеткен соң, жергілікті тұрғындар қол қойып, жоғарыға ашық хат жолдаған: «Бұрынғы әкімімізді қайтарыңдар!» депті халық.
Қайнарға қарағанда, Алматы қаласы аумағынан 8 шақырым жерде орналасқан Панфилов ауылдық округы – ірі елді мекен. Оның құрамында 7 үлкен ауыл кіреді. 27 ұлт өкілдерінен құралған 42 мыңдай тұрғын тұрып жатыр.
«Әскери ретінде Отан алдындағы борышымды өтедім, ел қауіпсіздігі, қорғанысы мен тәуелсіздігі үшін қызмет еттім, енді ауылға қызмет етудемін. Бұл сыбайлас жемқорлық жайлаған өлкелердің бірі еді, оны да тәртіпке келтіруге тырысамын!» – дейді Серіктің өзі.
Бағдарламасы керемет. Ол қағаз жүзінде қалмай, іске асады деген сенімдемін. «Әкімдік мерзімім аяқталғанша, жергілікті халық таңғалып, тамсанатын талай істі тындыруға күш саламын!» деп уәде етеді жаңа әкім.
Ол әкім сайлауына кандидат ретінде қатысқанда ауылдық округтегі әрбір диаспораның ақсақалдарымен кездесіп, пікірлерін білген, ақыл-кеңестерін тыңдаған, батасын алған. Яғни, жұртшылықтың аманатын арқалап отыр.
Елбасының өзі басқаратын ірі партиямыздың жақсы атын шығаратын, ел сенімі мен сүйінішіне бөленетін атпал азаматтарымыздың көп болғаны керек.
Шен үшін емес, ел үшін қызмет ететін арыстарымыздың қатары артсын.
Әрине, бәрін жалғыз әкім шешіп тастайды деу аңғалдық, әрі әбестік. Ауылды көркейту – бір адам ғана атқаратын іс емес, ұжымдық жұмыс, сондықтан оған ауылдықтардың өздері белсенді қатысқаны жөн. Елді ізгі іске жұмылдыруда Серік үмітті ақтайды, сенім үдесінен шығады деп ойлаймыз.
Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakhytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ӘкімСайлау #NurOtan #deputatnurotan #Тоқаев #Президент #Сайлау