Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық ұйымдары Орталық Кеңесінің баспасөз конференциясы

Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Ауған соғысы ардагерлерінің республикалық ұйымдары Орталық Кеңесінің баспасөз конференциясы өтті. Жиындағы баяндамамды назарыңызға ұсынамын.
Ардақты ардагерлер!
Құрметті жиынға қатысушылар!
Қазақстан Тәуелсіздігіне биыл 30 жыл толғалы тұр, алдағы мерейлі меже елге құт-береке әкелсін, Қазақстанымыз жаңа жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындыра берсін!
Қазақ елі – бабалардан өсиет боп қалған, ұлтқа қасиет болып қонған батырлық дәстүрлі дәріптейтін ел. Бұл – қазір де өзекті, керекті құндылық. Өркениеттер қақтығысы өршіп, әлемдік ахуал ушығып тұрған тұста ортақ Отанымыз Қазақстанды төрінде татулық пен тұрақтылық орныққан ынтымақ-ырыс ұясына айналдыруға ардагерлер зор үлес қосуда.
Сонымен бірге қазіргі алмағайып, аумалы-төкпелі заманда іргемізді бекемдеп, жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың бірлігін ары қарай сақтау үшін ардагерлеріміздің әлеуетін лайықты пайдалана білгеніміз жөн.
Адагерлер бас пайдасын елдік мұраттардан, мемлекеттік мүддеден жоғары қоймайды. Дегенмен, ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайының төмендігі олардың беделіне нұқсан, денсаулығына зиян келтіретіні жасырын емес. Бұл мәселеге бүгінгі жиынымызда ардагерлік ұйымдардың өкілдері жан-жақты тоқталады.
Үкіметтің бұл істе азын-аулақ үнем қылғаны, онсыз да қатары азайып бара жатқан ардагерлерді «күні ертеңмен» алдарқатқаны дұрыс емес деп санаймыз!
Бұл ретте ардагерлердің қордаланған мәселелерін орталықтандырылған түрде, бір жерден шешу үшін біз, Ауған соғысы және басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері ел Президенті, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа өтінішпен жүгіндік.
Онда тәуелсіздік тұғырын, мемлекеттілік ұстынын нығайту, ардагерлер қозғалысын ары қарай дамыту үшін «Ардагерлер туралы» заңына түзетулер енгізу туралы ұсыныс бар.
Сондай-ақ біз Қорғаныс министрлігі құрамында Ардагерлер ісі жөніндегі жеке комитет құруға бастамашы болып отырмыз.
Бұл комитет әр жаққа шашыраған жүздеген ардагерлік ұйымдарды және әскери-патриоттық клубтарды бір жерде біріктіруші рөлін атқара алады. Ол тәжірибе мен білімді, ерлік істердің өнегесін, тәлім-тәрбиесін аға ұрпақтан жас ұрпаққа тапсыратын алаңға айналады.
Қазақстан ұлттық рухы берік, саяси жүйесі орнықты, экономикалық қуаты мықты, әлемге беделі зор мемлекет болуды мақсат тұтады. Демек, ардагерлерді қолдаудағы қадамдары да ірі болғаны жөн. Сонда болашақ Отан қорғаушыларға үлгі-ұлағат болады, жас ұрпақты өз өмірін әскермен байланыстыруға ынталандырады.
Өз кезегінде ардагерлеріміз де жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп, ел дамуына сүбелі үлес қосып, қазығы берік, мемлекеттігі бекем Қазақ елінің айбынын асыра түспек.

Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #АуғанАрдагерлері #Ветераны #ЦентральныйСовет #ОрталықКеңес #АрдагерлердіАрдақтайық #ҰрпақТәрбиесі #deputatNurOtan