Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Президенттің саяси реформаларын жүзеге асыру барысы туралы

Президенттің саяси реформаларын
жүзеге асыру барысы туралы

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының барлық саяси бастамалары жүйеленіп, саяси реформалардың төрт топтамасы аясында ұсынылған.
Жалпы, саяси реформаларды жүзеге асыру үшін 10 заң қабылданды. Алдағы бірнеше айда тағы бірқатар заң жобасы Парламентте қаралады.

Саяси реформалардың бірінші топтамасын Мемлекет басшысы 2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ұсынды. Қазіргі таңда онда көзделген барлық жұмыс аяқталып, бұл топтамадағы бастамалар толық жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, 2020 жылғы 13 мамырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыстық жазасын өтеген және құқық қорғау органдарының оң қорытындысын алған тұлғаларға қаржылық шектеулер жеңілдеді.
2020 жылғы 25 мамырда «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң арқылы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің құлақтандыру қағидаты енгізілді. «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң арқылы саяси партияны тіркеу үшін белгіленген төменгі шек 40 мыңнан 20 мың адамға дейін азайтылды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң бойынша партиялардың сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізілді.
2020 жылғы 2 маусымда парламенттік оппозиция институтын енгізуді көздейтін заңдар қабылданды. Бұлар – «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» заң және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.
Бұдан бөлек, 2020 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізу мен қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойылды. Бұл заң Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялауды және 174-бабын ізгілендіруді көздейді.
2021 жылғы 2 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңы қабылданды.
2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауда саяси реформалардың екінші топтамасы жарияланды.
Оны жүзеге асыру аясында ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы енгізілді. Осыған орай 2021 жылғы 24 мамырда 2 заң, атап айтқанда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Нәтижесінде 2021 жылы 25 шілдеде бір мезгілде 730 сайлау округінде ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Өзге елді-мекендерде сайлау қазіргі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өткізіледі. Биылғы тамыздан желтоқсанға дейін 70-тен астам ауылдық округте сайлау өткізу жоспарланған.
Сондай-ақ, осы жылдың 18 тамызында Президенттің Жарлығымен Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.
Мәжілісте балалар құқығын қорғауды және кәмелетке толмағандарды кибербуллингтен қорғау шараларын қамтитын заң жобасы қаралып жатыр.
Сонымен қатар, 2021 жылдың қараша айында Мәжіліске «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес онда онлайн-петициялардың бірыңғай институтын құру көзделген.
Азаптауларға қарсы ұлттық заңнаманы озық халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, сондай-ақ адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеу тәжірибесін жетілдіру бойынша да жұмыс жалғасуда.
2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақырылымда Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы саяси реформалардың үшінші топтамасын ұсынды.
Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету және барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген бағанды енгізу туралы бастамаларды іске асыру үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл заңға 2021 жылғы 24 мамырда қол қойылды.
27 қазанда өткен Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттар Сенат депутаттарының заңнамалық бастамасы бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аппаратын нығайту үшін «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын күшейту мәселері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Жарлық жобасы дайындалды. Онда Омбудсмен аппаратының штат санын 12-ден 104-ке дейін ұлғайту (өңірдегі өкілдіктерді қоса алғанда) және омбудсмен орталық аппараты қызметкерлерінің лауазымын «В» санатына, өңірлік өкілдіктерін «С» санатына жатқызу көзделген.
Жастардың даму индексін енгізу бастамасын іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы дайындалды. Бұл құжат қазір Президент Әкімшілігінің қарауында.
2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік іргетасы» атты Жолдауында Мемлекет басшысы саяси реформалардың төртінші топтамасын жариялады.
Қазіргі таңда оны жүзеге асыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Биылғы 13 қазанда Парламент Мәжілісінің отырысында депутаттар «ҚР Қылмыстық кодексіне өлім жазасы бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Сонымен қатар, депутаттық мандаттарды бөлу кезінде партиялардың сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастарға арналған отыз пайыздық квотаны міндетті түрде ескеру, оған қоса квота бөлінетін азаматтардың тізімін кеңейту және сайлау тізімінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да квота беру туралы норманы заң жүзінде бекіту мәселесі пысықталуда.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның және «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу туралы» заңның жобалары әзірленіп, мемлекеттік органдармен келісілуде.
Сонымен қатар, саяси реформалардың төртінші топтамасы ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілін әзірлеуді, құқық қорғаушылардың құқығын сақтау мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шараларды қабылдауды көздейді.
Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі

#Tokaev #ҚазақстанПрезиденті #BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #СаясиРеформалар #Парламент #deputatnurotan #Токаев