Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Ұлттық ұланның әскери басылымы «Бүркіт» журналына сұхбат бердім.

Ұлттық ұланның әскери басылымы «Бүркіт» журналына сұхбат бердім. Құқық қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, полиция және Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қиын жағдайы туралы ашық әңгіме болды.
–Бақытбек Смағұлұлы, Президент Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты биылғы Жолдауында ішкі істер органдарын реформалау мәселесіне жеке тоқталды. Соңғы жылдары құқық қорғау органдарын реформалау туралы көп айтылды, істелгені де жетерлік. Сіздің ойыңызша, бұл шаралар өз нәтижесін берді ме?
–Ішкі істер органдары – мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғы шебіндегі құрылым десек, асылық болмас. Полиция – елдің қорғаны: полициясының дәрмені кетіп, тоз-тозы шықса, қоғамның да, мемлекеттің де құрығаны. Тіпті әлеуметтік желіде құқық қорғау органдарын аяусыз сынайтын адамның өзі қылмыскерге, алаяққа кезіксе, полицейлерді іздей бастары сөзсіз.
Әлемдегі және елдегі ахуал, қоғамымыз өзгеруде, соған орай құқық қорғау жүйесінде кешенді реформалар жүргізіліп жатыр. 2019 жылы ІІМ жүйесінде тәуелсіздік тарихындағы ең ауқымды реформа басталды. 2018 жылғы 27 желтоқсанда «Қазақстанның ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019–2021 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілді. Енді полицияны жаңғырту мақсатында жалақы көтеру, тәртіп сақшыларын әлеуметтік қорғауды жақсарту, қызметке іріктеу тәртібін өзгерту, ЖОО-ларда кадр даярлау секілді кешенді іс-шаралары жүзеге асырылуда.
Бұл ретте ішкі істер қызметкерлерінің штат саны қысқартылып, құрылымы оңтайландырылды. Мысалы, ІІМ дерегінше, 2019 жылы басталған бірінші кезеңнің өзінде, яғни 2 жылда полицияның жеке құрамында 13,5 мыңнан астам адам қысқартуға іліккен. Соның ішінде 3 мыңдайы биылғы 2021 жылы қызметінен кетті. Ол мамандандырылған күзет қызметінің бөлімшелерін қамтығанын білесіз. Осылайша, бүгінде Қазақстанда 100 мың тұрғынға шаққанда 369 полицейден келеді. Бұған дейінгі көрсеткіш 471 адамды құраған. Салыстыратын болсақ, Беларусьте – 924, Ресейде – 543, Украинада – 397. Бұл тұрғыда біз Ұлыбритания (307), Аустрия (327), Нидерланды (328), Израиль (340), Франция (356) секілді дамыған елдерге жақындадық. Енді Қазақстан полицейлердің санына емес, сапасына ден қояды.
ІІМ 106 басқарушылық буынды, 1 483 басшылық лауазымды басыартық деп танып, жойды. Бұл бюрократияның азаюына септесті.
Қысқартулар полиция қызметінің тиімділігіне нұқсан келтірмеген көрінеді, оның орнына қылмысты ашу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету көрсеткіштері бірқатар бағытта жақсарған.
Реформаның бірінші кезеңде Жол-патрульдік полиция патрульдік қызметке ауыстырылды. Полицейлер көшелерді, қоғамдық орындарды патрульдеуге көшті. Еліміздің 6 өңірінде ел тарихында алғаш рет туристік полиция құрылды, онда шет тілдерін білетін, жатжұрттық саяхатшыларға жол, жөн көрсете алатын полицейлер істейді. Мұндай бұрын-соңды болмаған.
Автокөліктерді жаяу полицейлердің тоқтатуына тыйым салынды, бұл да тың жаңалық. Енді машинаны тек автопатруль ғана тоқтата алады. Қазақстанда осылайша, озық елдердің тағы бір тәжірибесі енгізілді.
Сондай-ақ ішкі істер органдары жалпы ауданы 13 мың шаршы метрден асатын ғимарат пен бөлмелерді босатып, 630 автомобильден бас тартыпты. Бұдан 16 млрд теңгедей бюджет қаражаты үнемделген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ішкі істер органдары өзіне тән емес бірқатар функциядан арылды. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі біршама артты. Олар құқық бұзушылықтардың алдын-алуға қажетті қосымша өкілеттікке ие болды.
Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режімде іске қосылды. Келесі сатыда енді осы тәжірибені өзге өңірлерге тарату жоспарланған. Президентіміз жергілікті билік органдарына осы үдеріске белсене қатысып, полицияға қолғабыс етуді жүктеді.
Реформалар өз нәтижесін береді. Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімі артуда. Ұлттық статистика бюросы жүргізген, еліміздің барлық өңірін, қала мен ауыл тұрғындарын қамтыған кең ауқымды әлеуметтік зерттеуге жүгінсек, қазіргі кезде қазақстандықтардың басым көпшілігі – 57,4%-ы өзін «толық қауіпсіздікте сезінетінін» мәлімдеген. Яғни, полицияның өзін қорғайтынына шын сенетін азаматтардың саны күрт өсті: бір жыл бұрын ол 49,6% ғана болып еді. Азаматтарымыздың тағы 38,5%-ы «өзін жеткілікті түрде қауіпсіз сезінетінін» айтқан. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 42,8% болды.
Ал «өзін қауіпсіз сезінбейтін» тұрғындар саны бір жыл ішінде 5,4%-дан 2,9%-ға, қауіп-қатер төніп тұр деп санайтындардың үлесі 0,9%-дан 0,6%-ға дейін азайыпты. Мұндай статистика сүйсінтеді. Мысалы, реформаға дейінгі 2018 жылы ірі мегаполистерде жүргізілген сауалнама тұрғындардың 81%-ы өзін қорғансыз сезінетінін анықтаған-тын.
Соңғы жылдары полицияның кеуде бейнетіркеуіші секілді заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен жарақтануы да халықтың сенімін арттыруға елеулі ықпал етті деген ойдамын.
–Болашақта полиция қызметін жақсарту үшін тағы да қандай шаралар қажет деп ойлайсыз? Полиция халыққа жақын болғаны жөн. Ол үшін қандай өзгерістер қажет?
–Есіңізде болса, бірнеше жыл бұрын полиция органдарына қатаң, қатал сын айтылатын. Қит етсе, министрдің отставкасын талап ететіндер көп еді. Қазір сын саябырсыды деуге болады, бұл – жүйедегі сарабдал реформаларды қоғамның құптайтынын көрсетсе керек.
Бірақ толдық деп толастап, тоқмейілсіп қалуға болмайды. Мәселелер әлі де жетерлік. Айталық, біріншіден, ауыл-аймақты аралағанда жұртшылық алаяқтардың тым көбейіп кеткеніне, олардың қорықпай, еркін, ашықтан ашық қимылдайтынына шағымданады. Мемлекет басшысының өзі мұны «әділетті, орынды сын» деп атады. Тіпті кейбір азамат алаяқтың дербес деректерін, нақты кім екенін өз бетінше анықтап, өтінішімен бірге тапсырса да полицияның шара қабылдамайтынын айтады.
Президент тапсырмасына сәйкес, енді Бас прокуратура алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлейді.
Екіншіден, басымдық ретінде жемқорлықпен күрес ары қарай өрістетілуі керек. Бұл бағытта біраз жетістік бар. Мысалы, мамандандырылған ХҚКО-лардағы тіркеу-емтихан бөлімдерінің жабылғаны оңды болды. Енді бұл функцияларды «Азаматтарға арналған Үкімет» мемкорпорациясының қызметкерлері орындайды. Әйтпесе, 2017 жылы әлеуметтік желіде жас қыздың өзіне жүргізуші куәлігін әкесі сатып әпергенін айтып, мақтануының арты жанжалға ұласқаны есте. Сол тұста жыл сайын осы бөлім қызметкерлерінің 12–17%-ы нөмірлер мен жүргізуші куәліктерін заңсыз беріп, пара алғаны үшін жауапқа тартылатын. Бүгінде ІІМ-нің біраз қызметі электронды форматқа көшірілді.
Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою шаралары жаңа қарқынмен жалғасуы керек. Өйткені тіпті резонансты қылмыстық істер бойынша қылмысқа тікелей қатысы бар деген күдіктілердің куәгер мәртебесінде тайраңдап жүретіні қоғамның түсінбестігін, ашу-ызасын тудырады. Мұның ар жағынан парақорлықтың құлағы қылтиюы ғажап емес.
Үшіншіден, халық педофилиямен күрестің күшейтілгенін қалайды. Балаларға, әсіресе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетімдерге қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу – құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында болуға тиіс.
Төртіншіден, Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы. Есірткі сататын сайттардың мекенжайын граффити түрінде қабырғаларға, жарға жазып кету, аулаларға дейін есірткі түйіндемелерін жасыру секілді қауіпті құбылыс белең алды. Сондықтан Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына бұл қатердің халықтың, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырды. Мұның бәрі – полицияның алдындағы салмақты міндеттер. Оны орындауға Ұлттық ұлан жауынгерлері де жұмылдырылатыны белгілі.
Бесіншіден, жаһандық қаржылық-экономикалық күйзелістерге байланысты босқындар, мигранттар мәселесі ушыға түсуде. Біздің еңбек нарығымызға көші-қон үдерісі де зор ықпал етеді. Өйткені Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД-да 2-ші орында. Мұның салдары елдегі жергілікті жұмысшылардың шетелдік жұмысшылармен қақтығысына соқтырып жатады. Сондықтан полицияның міндеті – елімізде тіркеусіз, салық төлеусіз жасырын еңбек ететін, сол арқылы қазақстандықтардың нәпақасын аузынан жырып әкететін заңсыз еңбек мигранттарын дер кезінде тауып, елден аластатуға қол жеткізу. Бұл іс жыл сайынғы «Мигрант» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасымен шектелмеуі керек, жүйелі, тұрақты жолға қойылуға тиіс.
Атап өтер жайт, ІІМ тәртіп сақшыларының кәсіби және тұлғалық қасиеттеріне қойылатын талаптардан тұратын Полицейдің стандартын әзірледі. Егер әрбір полиция қызметкері сол стандартты күнделікті қызметте қатаң ұстанатын болса, Қазақстан осы салада үздік елдердің көшінің бас жағына көтеріледі деген сенімдемін.
–Ұлттық ұлан – Ішкі істер министрлігінің күштік құрылымы саналады. Алайда Ұлттық ұланды қаржыландыруда біраз шешілмеген мәселе бар. Болашақта Ұлттық ұландағы қаржыландыру мәселесін шешуде қандай өзгеріс болмақ?
–Мен Ұлттық ұланда жиі кездесу өткізіп тұрамын. Биылдың өзінде жауынгерлермен төрт рет жүздестік. 2021 жылғы 10 наурызда комитетіміздің төрағасы Айгүл Құспанның жетекшілігімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының ғимаратында Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында «ҚР Ұлттық ұланы туралы» заңының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ құқықтық тәртіп әскерінің қызметін заңнамалық қамтамасыз ету, материалдық және қаржылық жай-күйі талқыға салынды. Біраз проблемасы сөз етілді. Біз Ұлттық ұланды қаржыландыруды ұлғайту керектігін мәселе етіп көтердік. Отырысқа қатысқан Қаржы және ұлттық экономика министрліктерінің басшылығы: «қаржы тапшы, сол себепті әрбір бюджеттік бағдарлама мен ұсыныстың орындылығын қараймыз, сараптап көрейік» деген сияқты жалтарма жауап айтты.
Әрине, қазіргі дағдарыс заманында бюджеттен көпті күтуге де болмайды. Барымен базар, жоқты қайдан қазар дейтін дәрежеде. Бірақ құр қарап отырмай, амал қамалды да құлатар деп, Парламентте Ұлттық ұланды қаржыландыру мәселесін көтеріп жатырмыз.
Әділ тіл – ақыл таразысы деген, жасыратыны жоқ, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің әлеуметтік жағдайы, тұрмысы төмендеу. Көбісінің төленбеген кредиттері бар. Білуімше, Ұлттық ұланда контрактідегі әскерилердің еңбекақысы орта есеппен 120–160 мың теңгеден, ал офицерлердің жалақысы – 190–200 мың теңгеден басталады. Әрине, бұған қоса, үй жалдап тұрғаны үшін отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй төлемі төленеді. Дегенмен, бар саладағы нарықта баға шарықтап бара жатқан қазіргі заманда мұндай жалақы тіршіліктен көп аса бермейді. Олар да адам ғой, үйіне жақсы тұрмыстық техника, бағалы смартфон, көлік сатып алғысы, шетелге саяхаттағысы келетін шығар, жақсы білім беру үшін баласын университетте ақылы оқытуы мүмкін. Оның үстіне елдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке жауапты бұл азаматтар күн сайын дерлік басын бәйгеге тігеді, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді. Демек, табысы тартымды болғаны жөн.
Жүздескенде жігіттер мұңын шағып жатады, қаржыландырудың жеткілікті болмауы кесірінен тіпті кейде күнделікті форманы уақытылы жаңарту мүмкін болмай қалады екен. Ал егер көшеде Ұлттық ұлан жауынгерлері түсі оңып кеткен немесе жыртылып-жамалған киіммен жүрсе, айбынды полициямыздың абыройына нұқсан, беделіне дақ қой. Сондай-ақ Конституциямызда жазылған құндылықтардың, адам құқығының, ел қауіпсіздігінің қорғанында тұрған бұл жауынгерлер бронды жилетпен, қару-жарақпен, киіммен, тамақтандырумен, азық-түлікпен, заманауи өзге де керек-жарақпен жете жабдықталғаны абзал. Әйтпесе, кей кезде қарны ашқан жігіттердің дүкенге кіріп, өз қаржысына тамақ сатып алып жатқанын байқап жүрміз.
Үкіметтің дерегінше, Ұлттық ұланды республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемі кейінгі 5 жылда 391 млрд теңгені құрапты. Тарата айтсақ, 2015 жылы – 61,3 млрд, 2016 жылы – 64,2 млрд, 2017 жылы – 81,9 млрд, 2018 жылы – 88,6 млрд, 2019 жылы – 95 млрд теңге. 2020 жылы республикалық бюджетте ҰҰ-ға 88,4 млрд теңге қаражат бөлінді, оның 36,9 млрд теңгесі – еңбекақы төлеуге, 37 млрд-ы – ұстап тұру шығыстарына, 13,4 млрд-ы – күрделі шығыстарға, 1,1 млрд теңге – құрылысқа жұмсалған. Биылғы қаржыландыру шамамен 88 млрд теңгедей болды.
Қосымша қаражаттар лауазымдық айлықты көтеруге, форманы сатып алуға, әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерін төлеуге және күрделі шығыстарға, соның ішінде материалдық-техникалық жарақтандыруға бағытталыпты. Премьер-Министр Асқар Мамин елдегі экономикалық ахуал тұрақтанғанда, келесі жылдардың бюджетін қалыптастыру кезінде Ұлттық ұланды қаржыландыру көлемін ары қарай арттыру мәселесі де қаралатынын айтады.
Менің ойымша, экономикалық жағдай күрделенген, дағдарыс созылмалы сипат алған кезеңде керісінше, Ұлттық ұланға баса көңіл бөлген жөн. Себебі, дәл осындай заманда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, мемлекеттің стратегиялық маңызды нысандарын күзетуді күшейту өзекті бола түседі.
Әзірге Ұлттық ұлан жеке броньды қорғанышпен және белсенді қорғаныс құралдарымен – тек 88,6%-ға, броньды танк техникасымен – 85,1%-ға, автомобилмен – небары 76,2%-ға, авиатехникамен – 60%-ға, тітіркендіргіш әсері бар арнайы құралдармен – бар-жоғы 59%-ға жарақтандырылған. Өзге бағыттардағы жағдай бұдан да нашар: қару-жарақпен және оқ-дәрілермен – 50,1%-ға, ал байланыс құралдарымен – 38%-ға ғана жабдықталған! 2021–2023 жылдары ҰҰ-ны материалдық-техникалық жарақтандыруға 17,3 млрд теңгедей бөлу қарастырылған.
–Жуырда генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Ішкі істер министрінің орынбасары–Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы болып тағайындалды. Сіздің ойыңызша, бұл өзгерістер Ұлттық ұлан статусының өсуіне әсер ете ме?
–Бұл да болса, кейінгі реформалардың жалғасы іспетті. Енді Ұлттық ұланның бас қолбасшысы сонымен бірге Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымын қоса атқарады. Осылайша, ол саяси мемлекеттік қызметші мәртебесіне дейін жоғарылады. Бұл Ұлттық ұланның маңызды рөлін мойындау, құрметтеу және маңызын жоғарылату болса керек.
Руслан Фатихұлы 38 жылдай ғұмырын әскери салаға арнаған білікті сардар. 2006 жылдан бері ІІМ Ішкі әскерлерінің басшылығында қызмет етіп келді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен 2014 жылғы 21 сәуірде Ұлттық ұлан құрылғанда Руслан Жақсылықов соның алғашқы Бас қолбасшысы болып тағайындалды.
Мен оны бұрыннан танимын. Жігерлі, саналы азамат, білікті сардар. Қазақтың әскери саладағы қазіргі беткеұстар азаматтарының бірі. «Қордай қақтығысы» кезінде шекіскен тараптарды тыныштандыруда бірге қимылдадық. Басқа да оқиғалар кезінде тізе қоса әрекет еттік.
Маған Мәжіліс депутаты ретінде, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы ретінде кейде ата-аналар, көрнекті тұлғалар, блогерлер жүгініп, қандай да бір балаға өмірден өз орнын табуына көмектесуімді сұрайды. Сонда Ұлттық ұлан еске түседі. Руслан Фатихұлы біраз жетім балаларды соның қатарына алды, адам етті. Тіпті жұмыс бабында жарақаттанған, мүгедек болып қалған әскери қызметшілердің өзін саптан шығармай, қатардан қалдырмай, қолынан келетін жұмысы-кәсібі бойынша қызметке қабылдап, жалақы алуына жағдай жасады. Адами ресурсты рәсуаламай, бағалай білетін басшы.
Руслан Жақсылықов ел басшылығының, елдің сенімін ақтап, Ұлттық ұланның дамыған елдердегідей элиталы, қуатты, мәртебелі құрылымға айналуына, оның заманмен бірге жаңғыруына сүбелі үлесін қосады деген сенімдемін! Мен Руслан Фатихұлына және барша Ұлттық ұлан жауынгерлеріне толайым табыстар тілеймін!
–Әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан майор Дарын Сейітов.
Сұхбат берген Бақытбек Смағұл

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #deputatnurotan #ҰлттықҰлан #НацГвардия #Полиция #Polisia