Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Елдің татулығы – реформалар табысының басты кепілі

Елдің татулығы – реформалар табысының басты кепілі

«Тәуелсіздік – бәрінен қымбат. Тәуелсіздігіміз – бәріміз үшін ең құнды дүние. Тәуелсіздігімізді даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасаттылықпен, біліммен, сабырлықпен қорғау қажет. Бұл мақсатқа жету үшін татулық керек» деді бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында.
Ұлттық кеңестің мүшесі ретінде отырысқа өзге депутат әріптестеріммен бірге онлайн қатыстым. Мемлекет басшысының сөзін мұқият тыңдадық, басты ой-тоқтамдарын көңілге тоқыдық.
Қазақстан Президенті Ұлттық кеңес жұмысына жоғары баға берді. Шынында, Президент жанындағы бұл консультативтік-кеңесші органның KPI көрсеткіші жоғары, пайдалы әрекет коэффициенті үлкен. Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Оның ішінде заңдар, Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары бар.
«Кеңес 2 жыл ішінде елдегі көптеген оң өзгеріске жол ашты» деген Мемлекет басшысы мұның нені білдіретінін, қандай жаңалықтар өмірге жолдама алғанын таратып айтып берді. Сондай-ақ осы кезеңде елді демократияландыратын реформалардың 4 пакеті түзілді.
Қазақстан кейбір елдер сияқты кері кетіп, консервацияланбайды. Демократияландыру даңғылымен алға қозғалысымызды жалғастырамыз. Сонымен, Президенттің пәрменімен келесі қадамдар жасалмақ:
1) әкімдерді сайлау институты кемеліне келгенше ары қарай жетілдіріледі.
2) Білім беру саласының өзекті мәселелері шешіледі. Бұл ретте мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтауға, кіреберісіндегі күзет қызметін күшейтуге баса көңіл бөлінеді.
Өңір әкімдеріне барлық мектеп жобасына жер телімін алдын-ала бөлу жүктелді. Қолданыстағы мектептерде 1 сыныптағы балалардың саны 25-тен аспауға тиіс, осындай стандарт енгізіледі.
Енді білім грантының ақшасы тікелей талапкердің арнайы есеп-шотына түсетін болады. Оны ол тек оқу ақысына жұмсауы керек.
3) Цифрлық технологиялар ел өмірінің барлық саласына барынша енгізіледі. «Электронды үкіметтің» базасы жетілдіріледі, ақпараттық жүйелер өзара кіріктіріледі.
4) Банктердің кепілдік саясаты жетілдіріледі және бағалау қызметі реттеледі. Проблема тау басынан домалаған қар жентегіндей ұлғайып барады: 540 мыңнан астам қазақстандық жалпы көлемі 354 миллиард теңге берешегін 90 күннен артық мерзім бойы төлеуді тоқтатқан.
Мемлекет басшысы берешек болған адамға кепілге қойған мүлкін өз бетінше сату үшін жалпы көлемі 6 айға дейін уақыт беруді пысықтауды тапсырды. Егер борышы бар азаматтың баспанасы аукцион арқылы сатылса және одан түскен қаражат берешектің бүкіл сомасын өтемесе, онда қалған қарыз есептен шығарылып, жойылуға тиіс.
5) Бюджеттік саясаттың тиімділігі арттырылады.
6) Адам құқықтарын қорғау жүйесі одан ары нығайтылады. Оның аясында мысалы, жалғызбасты әйелдерге не ерлерге жұмысын қашықтан жүргізу форматына көшуге немесе қысқартылған жұмыс режимінде істеуге заң жүзінде рұқсат етілуі мүмкін.
Ел Президентінің бағалауынша, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аз уақыттың ішінде толыққанды институтқа айналды. Бұл құрылым елімізді жаңғырту үдерісіне тың серпін беруде.
«Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі, халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет. Яғни, сана өзгермесе, бәрі бекер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аса маңызды тағы бір мәселеге екпін түсірді: шын мәнінде, жаңғыру – тәрбиеден бастау алады. Сондықтан біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек.
Бақытбек Смағұл
Nur Otan фракциясының мүшесі

#Toqaev #Президент #ҰлттықКеңес #BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #Жаңғыру #deputatnurotan