Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Жаңа Қазақстан – жемқорлықтан ада аймақ болсын десек...

Жаңа Қазақстан – жемқорлықтан ада аймақ болсын десек...

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде көптің көңіліне қонған біраз жайтты ашып айтты, көптеген жаңа бетбұрыстардың бағытын белгіледі.
1. Елде жемқорлықпен кең ауқымды күрес басталмақ. Оның аясында әралуан офшорлар арқылы ел қаржысын шетелге әкеткен алпауыттар онысын елге қайтаруға мәжбүр болады. Сондықтан Мемлекет басшысы олигархтарға қатаң ескерту жасады.
–Егер сіздер болашағыңызды Қазақстанмен байланыстырсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар! Бұл – сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершілігіңіз! «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді! Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: біріншіден, капиталды елге қайтарғандар ынталандырылады. Екіншіден, қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қойылады, – деп нықтады Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ендеше алда екі бағытта қозғалыс басталатынға ұқсайды: біріншіден, онсыз да кетіп жатқан олигархтар табанын жалтыратып болады. Екіншіден, адал жолға түсуді таңдаған аса ауқатты тұлғалар елге миллиардтаған қаражатын қайтарады.
Бірден айта кетелік, бұл жерде кеңес кезінің ұранына айналған «экспроприаторларды экспроприациялау», яғни қанағандарды қанау туралы айтуға болмайды.
«Бүгінгі сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін тағы да қайталап айтамын! Бұл ақымақтық және жауапсыздық болар еді. Міндет – сіздерді, ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін трансформациялау үдерісіне белсене атсалысуға тарту», – деп баса айтты Президент.
2. Президент Үкімет жанынан «Отандық кәсіпкерлер кеңесін» құруды тапсырды. Әйтпесе, бизнес өкілдері «Атамекен» ұлттық палатасының оралымсыз, бюрократиялық құрылымға айналып кеткенін, миллиондап жарна жиғанымен, нақты мәселелерді шешуге қол жеткізе бермейтінін сынға алып жүр. Кеңес соған жақсы балама болуы мүмкін.
3. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды жалғастыратынын нықтады. Билік енді бизнестің мұң-мұқтажына да құлақ қоймақ. Бейберекетсіздіктер кезінде отандық бизнеске жүздеген миллиард шығын келді. Кәсіпкерлер дағдарыс пен пандемиядан қаусап шықты. Барлық саланы жаппай олигополия жайлап, экономика ұстыны болуға тиіс шағын және орта бизнесті қыспаққа алды, өсірмеді, тоқыратты.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтырғы бір жыл ішінде прокуратура органдары кәсіпкерлердің 2,5 мыңнан астам шағымын қарапты. Отандық бизнесмендер өздеріне негізінен, полицейлер, контрабандамен күресетін Экономикалық тергеу қызметі, Антикоррупциялық орган және Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері қиянат көрсететін айтқан. Осы шағымдардың жартысына жуығы – 1 мыңнан астамы рас болып шығып, қанағаттандырылған.
«Бизнестің үнін билік естиді, салалық және құрылымдық саясатта барлық конструктивті ұсыныс ескеріледі», – деді бүгін Президент.
Мұның бәрі өте маңызды. Себебі, қазақ елі байырғы замандардан бері байларына сүйенген. Адал ниетті бай азаматтар, қазіргі тілде бизнесмендер әр ауылдың, рудың, ел-жұрттың тірегіне айналған.
4. Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорын реформалаудың жайына жеке тоқталды. Бұл қор жемқорлықтың ірі ошағына айналып кеткені жасырын емес. Демек, өне-бойына паразиттей жабысқан коррупция кеселдерінен арылса, ұлттық компаниялар ел экономикасын жаңа биіктерге сүйреп, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға үлес қоса алар еді. Олар соған міндетті де!
Қазақ жерінің астындағы ел қазынасына елдің игілігіне айналуы керек!
–Бұл қордағы жабықтық, басшылыққа «саяси маңызы бар адамдарды» тағайындау, тендерлерінің тиімсіздігі, еңбек қатынастарындағы дау-дамай, ауқымды жобалардың аяқсыз қалуы және тиімсіздігі, компанияны ұстап тұру шығындары – бұлардың бәрі қоғамның наразылығын тудырып отырған мәселелер! – деді Президентіміз.
Ел зарыға күткен шындық сөздер. Енді бұл ел асыға күткен өзгерістерге ұласуы шарт.
5. Салық жүйесіне де әділетсіздік пен жемқорлық тамыр жайғаны ашық айтылды. Мемлекет пен халыққа масыл болып, қаржы жинап келген жеке операторлардың қызметі мүлдем тоқтатылады. Әйтпесе, шенеуніктер оларға мемлекеттік функцияларды беріп қойған, қолдан алпауыт жасаған, жеке тұлғалардың қалтасын қампайтқан. Мемлекет басшысы Үкіметке мұндай қызметке заңды түрде тыйым салуды тапсырды.
Жер қойнауын пайдаланушы, кен өндіруші және басқа да секторлардағы ірі компаниялардың салықты тым аз төлейтінін депутаттар Парламентте біраздан мәселе етіп көтеріп келеміз. Үкімет бұл салада реформа жүргізуді созбалаңға салып жіберіп еді. Енді бұл мәселеге де нүкте қойылады деген сенімдемін.
–Қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-Министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салық аз түскендіктен, Қазақстан Ұлттық қордың қаражатын шығындап жатыр. Бүйте берсе, тауысып алуымыз мүмкін.
Соңғы 10 жылда ЖІӨ-дегі салықтың үлесі 9,9 пайыздан, 7,3 пайызға дейін төмендеп кеткен. Бұл – дамыған елдер түгіл, ТМД-дағы ең төмен көрсеткіш екен. Салдарынан Ұлттық қордан 2019–2021 жылдары 12 триллион теңге, яғни 30 млрд долларға жуық қаржы жұмсалған.
6. Мемлекет басшысы өз сөзінде ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ экономика саласындағы басты құндылықтарын атады, бұлар:
• әділ бәсекелестік;
• қабылданатын шешімдердің ашықтығы;
• мемлекеттік саясаттың болжамдылығы;
• бизнестің салықтық тазалығы;
• кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі;
• ұлттық табыстың әділ бөлінуі.
Қазақстан Президенті «Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат!» деген қағиданы берік ұстанатынын жариялады. Бұл жемқорлардың ешқайсысына аяушылық болмауға тиіс дегенді білдіреді.
Өйткені Қазақстан байлығының тең жартысын 162 адам ғана астына басқаны айқындалып отыр. Осы кезде халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Тіпті одан да төмен. Мемлекет басшысының айтуыша, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси жіктелуіне соқтырды.
Осы кесапаттардан арылса, коррупцияның «тас қамалдарын» шын құлатып, қайта бас көтерместей тып-типыл етсе, мемлекетіміз гүлденіп, еліміз тыныш, еңсеміз биік болады. Жарқын болашаққа жол ашылады.
Ендеше Қазақ елі ырың-жырың болып, жауға жем болып, жер бетінен жойылып кетпеуі үшін жік-жікке бөлінуді, Алашты араздастыратын әңгімелерді қоялық, ағайын! Дәл қазір біз «неге сондай болдық?» дегеннен гөрі, «енді қандай боламыз?» дегеннің қамын жасауымыз керек.
Халық болып бірігіп, Президентіміздің елді өрлетуге деген ыстық ықыласын барынша қуаттап, қолдай отырып, реформаларды пысықтауға және жүзеге асыруға белсенді атсалысу – әрбір саналы азаматтың абзал борышы деп білемін.
Бақытбек Смағұл
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҚазақЕлі #deputatnurotan #КүшімізБірлікте #СилавЕдинстве