Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Қазақты қазақ сатпайық, Қазақты қазақ атпайық!

Қазақты қазақ сатпайық, Қазақты қазақ атпайық!

Елде қалыптасқан дүдәмал жағдай кез келген ұлтжанды азаматтың жанына батады.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратура, полиция тұтқындалған азаматтардың құқықтарын қорғау, адвокат шақыру, заңды көмек алу, шағым жасау құқықтарын қамтамасыз етіп жатқанын жариялады. Біздің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де істен тыс қалмай, жағдайды бақылауға алды, кеңес мүшелері омбудсменмен бірлесіп, түрмелерді, уақытша оқшаулау изоляторларын аралады.
Десек те жұртшылықтың шағымы толастамады, қоғам мұңнан арыла алар емес. Көз тамшысы тас жарады деген.
Не істеуіміз керек?
Менің пікірімше, бұл іс кең ауқымды қоғамдық бақылауды талап етеді. Құқық қорғау органдары, құқыққорғаушы ұйымдар және азаматтық қоғам өкілдері кіретін жеке Ұлттық комиссия құрылса, олардың қамақ орындарын аралауы тікелей эфирде көрсетілсе, жақсы болар еді! «Азаматтар биліктің ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етіп отырғанын көруге тиіс», – деді емес пе Мемлекет басшысы?!
Бізге шын мәнінде, шынайы қоғамдық келісім керек!
Онсыз елде тұрақтылық болмайды, ал тыныштық жоқ жерде ештеңе жоқ.
Қылмыскерлерді, лаңкестерді – барлығын босат демейміз, олар лайықты жазалануға, қоғамнан аластатылуға тиіс. Ал өзгеге еріп адасып, жаза басқандар, ауыр қылмыс жасамағандар, көкірегі шер-мұңға толы, әділдік іздеп, барар жері, басар тауы қалмағандықтан бейбіт шеруге шыққан азаматтар қамалмаса, егер қамалса – еркіндікке шықса, игі.
Кезінде Ресей патшасы отарлаған, кеңес өкіметі бодандық құрсауына алған замандарда да қазақ жік-жікке бөлініп, бірін-бірі қырғаны құпия емес. Біз сол зобалаңы мен топалаңы көп зар замандарға кері домалап кетпеу үшін де қоғамдық келісімге келуіміз керек! Бізден жаһандық қоғамдастық та осыны күтіп отыр.
Полиция мен арнаулы органдар қатарында адалы да, аласы да, арандатушысы да бар екеніне «қасіретті қаңтарда» көз жеткіздік, ендеше құқық қорғау органдарындағы жекелеген қарау ниетті жандардың бассыздығына, олардың бейкүнә, болмашы құқық бұзушылыққа барғанды ұрып-соғып, кемтар қылуына дереу тоқтау салу қажет.
Өз кезегімізде біз де тұрақтылығымыз бен бейбіт өмірді сақтайық, ағайын! Президентіміз елдің сөзін, елдік сөзін еститінін, елейтінін көрсетті, ол ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ құру жолында, Абай һәкім айтқандай, «ат үстінен ұйқы алып», қарбалас, қауырт қимылдауда. Қолдау көрсетейік.
Бұл қолымыздан келеді деген сенімдемін. Қазақ халқына әманда дархан көңіл, ізгі ниет, кеңпейілділік қасиеті тән, ендеше билік талабын орындаса, халық кешірімді.
Бір нәрсе айқын: Халық – террорист емес! Халқымды терроршыл десеңдер, мені де қоса қамаңдар!

Бүгін бар, ертең жоқ болар,
Дүние-мүлік боқ болар.
Батырлар өтер өмірден
Сыймастан басы ноқтаға.
Тіріде сыйлай білмесең,
Өлген соң жылап, жоқтама.
Жалғаншы мынау дүниеде,
Тал бесіктен тіршілік
Табытқа барып тоқтаған.

Тіріде пенде не көрмес?!
Еліне бәлкім еленбес.
Кеудесіне нан піссін,
Жақсыға жаман теңелмес.
Тар жол, тайғақ болса да,
Тоқтамаған кемел көш.
Заманаменен жаңғырар,
Ел үшін туған ер өлмес!

Ар алдында ант еттім,
Ауғанда жүріп, қан төктім.
Тағдырында тәлкектің,
Қаншама уақыт сарп еттім.
Мінезіменен еркектің,
Қаншама рет тер төктім.
Қаншама рет адастым,
Арасын білмей жер-көктің.

Анамның әппақ төсінен,
Ақ уыз ішіп өсіп ем,
Ар азығын алғасын,
Санамнан қалай өшірем?
Ес кірер десе, есінер,
Айырылған ұлды есінен.
Ұлт тағдыры тұрғанда,
Ұрпағы қалай кешірер?

Қазақты қазақ сатпайық,
Қазақты қазақ атпайық!
Бит болып кіріп балақтан,
Ит болып үріп, қаппайық.
Атаға тартып ар қуып,
Ананың сүтін ақтайық!
Мәңгілік Ел болуға,
Тәуелсіздікті сақтайық!
Бақытбек Смағұл

#BaqytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #ҚазақЕлі #deputatnurotan #КүшімізБірлікте #СилавЕдинстве

--