Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
27.02.2018 г. Состоялось тематическое заседание Комитета

 

Құрметті әріптестер!

Құрметті Ауған соғысының ардагерлері!

Елбасы айтқандай, «ен даланы еркін жайлаған елімізде ежелден ерлердің еншісі Отан қорғау болған»! Еркіндік аңсаған қазақтың батыр ұлдарының өршіл мінезі, намысты жаныған жасын жігері елдік мүдде, мемлекеттік мұраттың әрқашан қорғанында тұрды. Сондықтан да бабадан құтты мұра болған батырлық дәстүрді жалғастырушы, Отан алдындағы антына адал азаматтар қандай құрметке де лайық.

Бүгін біз өте маңызды себеп бойынша жиналып отырмыз. Бір жылдан кейін Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылуының 30 жылдығы атап өтіледі. Бұл күні біз Отан алдындағы әскери және интернационалдық борышын адал атқарған барлық жауынгерлерді еске аламыз.   Ол елге ағылған темір табыттардың тоқтаған күні.

Қазақстанда Ауған соғысына қатысқан азаматтарымыздың қазіргі жалпы саны 19 мыңдай адамды құрайды.

Бүгінде олар Тәуелсіздігімізді тұғырлы, мемлекеттілігімізді мәңгілік ғұмырлы етуге өз үлестерін қосуда. Сарбаздар мен сардарларды, жас жеткіншектерді ерлікке баулып, патриоттық тәрбие беруде ауған соғысы ардагерлерінің көбі алдыңғы қатарда жүр.

Сондықтан алдағы жылдың ардагерлер үшін маңыздылығын ескере отырып, сондай-ақ осы бағытта 2018 жылға арналған міндеттерді анықтау мақсатында Ауған соғысы ардагерлерінің өзекті мәселелерін дәл қазір қарауды ұсындық.

Өздеріңізге белгілі, ардагерлер жұмысының басты бағыттарының бірі өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беру, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ Ауған соғысы және басқа да жергілікті қақтығыстар ардагерлерінің медициналық, әлеуметтік қорғалуына жәрдем көрсету болып табылады.  

Бұл ретте Қауымдастықта тиімді өзара іс-қимылдың оң тәжірибесі жинақталған, бұдан бөлек біз орталық деңгейде де, сондай-ақ жергілікті жерлерде де қоғамдық ұйымдардың күш-жігерлерін топтастыру және үйлестіруде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік.

* * *

Сонымен қатар интернационалист жауынгерлердің барлық ардагерлік ұйымдарының ортақ өтініш-тілектерін, сондай-ақ азаматтық қоғамның заманауи даму шарттарын ескере отырып, біздің келесі ұсыныстарымыз қолдау тапса, жөн деп санаймыз.

Біріншіден, қазіргі аумалы-төкпелі заманда, қарқынды өзгерістер дәуірінде жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі негізде жүргізу қажет. Біз осы мақсатта ардагерлік ұйымдардың әлеуетін қазіргіден де кеңірек пайдалануымыз керек деп санаймыз;

Екіншіден, барлық орта білім беретін мектептерге, техникалық жіне кәсіби колледждерге және жоғарғы оқу орындарына әрбір ардагерді бекіту бойынша бұдан бұрын басталған патриоттық негіздегі жұмысты аяқтауымыз қажет.  

Үшіншіден, жергілікті билік органдарымен бірге әрбір өңірде жазғы маусымда әскери-патриоттық орталықтар (лагерлер) ашу мүмкіндігі қарастырылуы керек.

Сонымен бірге, біздің ойымызша, кешенді түрде қарауды талап ететін бірқатар шараларды пысықтаудың қажеттілігі пісіп-жетілді.

Біріншісі. Ардагерлік қозғалыстардың күш-жігерін біріктіру үшін барлық мүдделі тараптардың ұстаным-позицияларын ескере отырып, ортақ Ардагерлік ұйымдар қызметінің Тұжырымдамасын әзірлеген жөн. 

Екіншісі. Орталық және жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әскери-патриоттық сипаттағы іс-шараларды қаржыландыруды қарастыруы керек.

Үшіншісі. Қазақстан Үкіметінің қаулысы деңгейінде Ауғанстаннан кеңес әскерлерінің шығарылуының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын бекітуді ұсынамыз.  

Бұл бастаманың өзектілігі бар. Биыл АҚШ-қа сапары аясында Елбасы Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру мәселелерін көтерді. Қазақстан бұл елге гуманитарлық көмек көрсетуде, өңірдегі экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, бұл процеске Ауғанстанды ықпалдастыруға ұмтылуда. Ауғандық жастар отандық жоғарғы оқу орындарында ғылым мен мамандықты игеруде. Біздің еліміз Шанхай ынтымақтастығы ұйымы және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында Ауғанстанның проблемаларын реттеу мәселелеріне белсене қатысады. Біз 30 жылдық аясында Қазақстанның осы бағыттағы күш-жігерлерін де өзге елдерге насихаттай алар едік.    

Төртіншісі. Ардагерлерді әлеуметтік қамсыздандыру ұсыныстарын түзеу мақсатында Қауымдастық жанынан құрамына барлық ардагерлер өкілдері кіретін жұмыс тобы қалыптасуы керек.

* * *

Біз ауған соғысы және жергілікті қақтығыстарға қатысушы ардагерлердің ең өткір проблемаларының шешілуі ардагерлердің халықпен мақсатты жұмысына ізгі ықпал етіп, тың серпін береді деген сенімдеміз. Бұл жұмыс өз кезегінде ортақ іске – жас ұрпақтың санасын жаңғыртуға ардагерлік ұйымдар тарапынан қосылар қомақты үлеске айналады.

Сөзімді қорытындылай келе, Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымдары намыс пен парыз қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сыртқы қатерлерден елді қорғаудың әрдайым алдыңғы шебінде болатынын атап өткім келеді. Біздің жауынгерлердің әрқайсысы қаһарман халқымызға тән қажырлылық пен қайсарлық, батылдық пен жігерлілік секілді асыл қасиеттерді паш етіп, тағылым-өнеге көрсетуге кез келген уақытта дайын.     

Зейін қойып тыңдағандарыңызға рахмет!