Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Қазақ күйі Американың төріне шықты!

Қазақ күйі Американың төріне шықты! АҚШ Конгресінің Кітапханасында және басқа да шетелдік кітапханаларда қазақ күйлері зерттеледі

«Сауап» Қоғамдық қоры өз қаражатына шығарған «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы»/ «Антология казахского кюя «Аманат»/ Amanat Anthology of Kazakh kyui» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жинақтың Америка Құрама Штаттарында тұсаукесерлері сериясын өткізуде.
Еске сала кетсек, әрбір кітап бұған дейін жоғалды деп есептелген, байырғы әрі бірегей қазақ күйлері жазылған цифрлық тасығышпен жабдықталған.
Осының алдында қазақ күйлерінің ірі жинағының презентациясы АҚШ астанасы Вашингтонда және жаһандық қаржы астанасы – Нью-Йоркте өткен болатын.
Енді бұл жолы үш тілдегі «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы» Құрама Штаттардың аса ірі мегаполисі – Сан-Францискода, сондай-ақ Бостонда өтті.
Шыны керек, бұл – ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНІҢ ҮЛКЕН МИССИЯСЫНА айналуда.
Вашингтонда «Сауап» қорының делегациясын Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықпаев қабылдаған болатын.
Америка астанасында «Сауап» қоры «Аманат» Қазақ күйлері антологиясы»/«Антология казахского кюя «Аманат»/Amanat Anthology of Kazakh kyui» кәдесыйлық жинағын және күйлердің аудиожазбасын АҚШ Конгресінің Кітапханасына тапсырды. Осының арқасында төрткүл дүниенің әр түкпірінен әлемдегі аса ірі кітапханаға келетін халықаралық зерттеушілер, ғалымдар мен шет мемлекеттердің азаматтары қазақ күйлерін тыңдап, зерттеп, оның бай тарихымен танысып, қазақтың мол мәдени мұрасына қаныға алмақ.
Бостонда «Сауап» делегациясымен «Мирас» мәдени қорының басшысы Алтынбек Мұрат пен атқарушы директор Расул Айтасов кездесіп, өздеріне қонаққа шақырды. «Мирас» арқылы америкалықтар арасында насихаттауы үшін Антологияның бірер данасы Алтынбекке сыйға тартылды.
Расул Америкада математикадан сабақ береді. Жезқазғанның тумасы. Отбасымен бірге Бостонда тұрады екен.
Ал Алтынбек Моңғолияның қазағы көрінеді. Жас кезінде оқу-білім қуып, АҚШ-қа кеткен, сол жақта тұрақтап қалыпты. Қазір PhD доктор. Ғылыммен айналысады. Есептеуіш материалдар маманы. Оның зерттеуші ретінде негізгі қызығушылығы материалдарды компьютерлік модельдеумен және информатикамен байланысты. Соның ішінде жаңа материалдарды зерттеуді де қамтиды. Қазіргі уақытта ол Бостон университетінің электротехника және есептегіш техника департаментінің зерттеушісі ретінде жұмыс істейді.
Мемлекетіміз осындай білімді қазақтарды Қазақстанға тартып, елімізді көркейтуге үлес қосуына қол жеткізгені жөн!
Сан-Францискода «Сауап» өкілдері үшін Қазақстанның Бас консулдығында жеке кездесу ұйымдастырылды. Оған жергілікті қазақ диаспорасының өкілдері де шақырылды. «Сауап» Бас консулдығымызға жинақты және аудиожазбаларды сыйға тартты. Кездесу өте жақсы, жоғары деңгейде өтті.
Бас консул Азамат Әбдірайымов Қазақ күйлері антологиясының мазмұны мен сапасын биік бағалады. Жинақтың халық арасында кең сұранысқа ие болатынын және болашақ ұрпақ үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен бірге, Антология дипломатиялық мекемелер үшін де, шетелде тұратын барлық қазақ диаспоралары үшін де өзекті әрі керекті дүние екенін қадап айтты. Оның пайымдауынша, қазіргі кезде шетелдегі қазақ диаспораларының жас ұрпағы тарапынан қазақ мәдениеті мен ата-баба мұрасынан сусындауға деген сұраныс өсіп келеді.
Жақында Бас консулдығымыздың күш салуымен Сан-Францискодағы Бұқаралық кітапханада Қазақ бөлімі ашылыпты. «Сауап» қоры орта игілікке айналып, жалпы пайдалануы үшін Қазақ күйлері антологиясының тағы бір данасын, күй жазбаларымен бірге Сан-Франциско кітапханасына тарту етті.
Жалпы, диаспора және білікті дипломаттар бейнесінде Қазақ елінің Америкада және басқа да елдерде сенімді тұғыры қалыптасып келеді деп айтуға болады. Олар – Қазақстанның шетелдегі асыл қазығы, өркениеттер арасындағы алтын көпірі.

«Сауап» миссиясы жалғасуда!

«Аманат» Қазақ күйлері антологиясының үлкен халықаралық ресми тұсаукесері алдағы аптада АҚШ-тағы Қазақстанның Елшілігінде өтеді деп жоспарлануда. Оған Америкадағы дипломаттар, мәртебелі меймандар, АҚШ тұрғындары және сонда тұратын немес жұмыс істейтін қазақ диаспорасының өкілдеі қатыспақ.
https://ru.dimashnews.com/spasennoe-nasledie/
Бақытбек Смағұл
«Nur Otan» фракциясының мүшесі

Қазақ күйлері Антологиясына арналған жеке сайт бар: https://amanat-sauap.kz/
Қызықтырған егжей-тегжейлі ақпаратты содан оқи аласыз.

#BaqytbekSmagul #BakhytbekSmagul #BakitbekSmagul #БақытбекСмағұл #БахытбекСмагул #Аманат #ҚазақКүйлеріАнтологиясы #АнтологияКазахскогоКюя #AnthologyOfKazakhKyui #КазахиВАмерике #Күй