Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
28.12.16 озвучен депутатский запрос, о рассмотрении возможности внедрения Службы онлайн сурдоперевода в государственных учреждениях

ҚР Премьер-Министрі

Б.Ә.Сағынтаевқа

2016 жылы 28 желтоқсанда жарияланды

Депутаттық сауал

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Менің атыма «Ауған соғысы мүгедектерінің Қазақстан республикасындағы қоғамының» өкілдері жүгінді. Олар әзірлеген «Онлайн сурдоаударма қызметі» ағымдағы жылы «Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрме-конкурсында ең үздік әлеуметтік жоба болып танылды. Бұл жоба мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекеттік органдар қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. 

Мемлекеттік мекемелерге сурдоаудармашыларды ұстап тұру қымбатқа түседі. Оның үстіне республикада ымдау тілі мамандарына деген тапшылық байқалуда. Нәтижесінде заңнама талаптарының барлығына қарамастан, барлық меншік нысандарындағы ұйымдарға есту бойынша мүгедектердің ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету көп жағдайда мүмкін бола бермейді.

Ал отандық «Онлайн сурдоаударма қызметі» (ары қарай «SURDO-ONLINE») инновациялық өнімі бұл проблеманың шешіміне айнала алады. Ол есту қабілетінен айырылған азаматтарға кез келген жерде және дәл керек уақытта компьютер немесе смартфон арқылы қашықтықтан сапалы сурдоаударма ұсынады. Сурдоаударманы дипломы бар, білікті, аттестаттаудан өткен мамандар тәулік бойы жүзеге асырады. Бұл жобаның жұмысы қарапайым: есту бойынша мүмкіндігі шектеулі жан қызмет немесе көмек алу үшін келгенде, мемлекеттік мекеме персоналы тек Интернет арқылы «SURDO-ONLINE»-ды іске қосса, жеткілікті. Оператормен байланыс орнатылғаннан кейін смартфонның не компьютердің экранында сурдоаудармашы пайда болады және ол мүмкіндігі шектеулі адам мен мемлекеттік құрылым қызметкері арасында аударма жасайды.     

Бұл әлеуметтік жоба біріншіден, бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, «SURDO-ONLINE» басшылығы өз қызметін кеңейту үшін Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жолданатын ымдау тілі мамандарына жаңа жұмыс орындарын ашуға дайындығын білдіріп отыр.

Мемлекет басшысы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметтен бастап, жергілікті әкімдерге дейінгі барлық мемлекеттік органдарға мүгедектер бірлестіктерімен жұмысты күшейтуді жүктеген болатын. Бұл ретте есту қабілетінен айырылған азаматтардың қоғамдық бірлестіктерін және олардың жобаларын қолдау бағытында, елімізде есту қабілеті шектеулі адамдарды қоғамға кіріктіру мәселесін жүзеге асыруға ықпал етсеңіз.

Себебі, бірқатар елдерде, соның ішінде көрші Ресейде ымдау тілін оқытушыларды және ымдау тілі аудармашыларын даярлауды және қайта даярлауды мемлекет қамтамасыз етеді.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Осы айтылғандарды ескере отырып, Сізден «SURDO-ONLINE» қызметін мемлекеттік органдарда ендіру мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын.

Депутаттық сауал жауабын заңда белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймын.

Құрметпен,

«Нұр Отан» фракциясының мүшесі,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты                                                Б. Смағұл

орын. Г.Мукашева

тел 74-67-40