Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
05.04.2017 г. Озвучен депутатский запрос о качестве казахстанских телепередач.

 

ҚР Ақпарат және

коммуникациялар министрі

Д.Ә.Абаевқа

Қазақстандық телебағдарламалар жөнінде

      ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Дәурен Әскербекұлы!

Бұл депутаттық сауалыма сайлаушылармен кездесулер барысында жұртшылық тарапынан қазақтілді телеконтентке қатысты айтылып жүрген ой-пікірлер негіз болып отыр. Әсіресе, әзілді әжуаға, күлкіні сайқымазаққа айналдырған, әзіл-сықақ бағдарламаларына көп сын айтылады. «Жайдары күлкі жан саулығы» дейді дана халқымыз.

Алайда қазақстандық телеарналардан берілетін әзіл-қалжың сапасының төмендігі алаңдатады. Орынсыз, әрі жалған күлкі, ұлттық құндылықтарды келемеж ету, қысыр сөздер, бос сықылық (ыржалақ), әдепсіз мазақтар – әзілдің қадірін кетіруде.

Әзіл-сықақ жанры пайдалана алса, тәрбие құралы ретінде де қызмет етті. Қоғамдағы теріс қылықтарды әжуалау, мінеу арқылы ұлттық мінез-құлықты түзейді, көріп отырған адамға ой салып, ойландырады, жол сілтейді. Елдің талғамын қалыптастырады.

Көптеген елдерде әзіл-оспақ телебағдарламалары – таптырмас, тамаша идеологиялық құрал да болып отыр. Әзіл-қалжың телеөнімдері өткір, бірақ жарасымды, сыни, бірақ шынайы сықақтарымен, әзіл-оспақтарымен өмірде болып жатқан оқиғаларды, өзекті мәселелерді және ұлттық ұстанымды түсіндіреді. Қоғамдық пікірге тиімді ықпал етеді.

Отандық бағдарламаларға көбіне қисынды қағытпа қалжыңдар, ойнақы да орнықты әзілдер, контексті астарлап, әзіл түрінде ұтқыр жеткізетін ұшқыр ой мен тапқырлық, шешендік жетіспейді. Негізінен, салмағы жоқ, мағынасыз, арзанқой қойылымдарға үйір, ойсыз күлкіге құмар.

Әдемі әрі орынды әзіл арқылы халық, соның ішінде жастар арасында жалпыұлттық идеяларды да, мемлекеттік бағдарламаларды да ілгерілетуге, түсінікті әрі танымды түрде насихаттауға болады. Ал әдепсіз, әрі сапасыз әзілге мұндай миссия арту қорқынышты, ол тек теріс нәтиже әкелмек.

Бейәдеп әзілдің қауіпті жағы да бар, олар ұлттық құндылықтарды карикатураға айналдырады, құнын түсіреді.

Біз әзіл бағдарламалардың елімізде ең рейтингісі жоғары телеөнімдер қатарына жататынын ескеруіміз қажет. Олар эфирдің негізгі қозғалтушы күші. Олар тіпті теледидарды көп қоспайтын интернет аудиториясына да кең тарайды.

Әзіл телебағдарламаларының Мәңгілік ел тұрғындарын тәрбиелер идеологиялық ресурс, ақпараттандыру көзі және дағдарыс кезінде жанға демеу болар ойын-сауық ретіндегі әлеуетін толық әрі ұтымды пайдалануымыз керек.

Айтылғанды назарға ала отырып, келесі мәселелерге назар аударуды сұраймын:

Біріншіден, осы бағыттағы телебағдарламаларға «Көңілділер мен тапқырлар клубының» әзілкештерін ғана емес, мәдениет саласындағы көрерменге риясыз күлкі сыйлап, қазақы қалжыңның майын тамызып, өнердің бел ортасында жүрген сатириктер мен сықақшыларды, маман-сценаристерді және жазушыларды кеңінен тарту жайына көңіл бөлген жөн.

Екіншіден, отандық сапалы әзіл-сықақ және ойын-сауық телеөнімдері өндірісін дамыту мақсатында Ақпарат және коммуникациялар, Мәдениет және спорт министрліктерінің бірлескен іс-шараларды әзірлеп, қабылдау мәселесін қарастыруды ұсынамын. 

Депутаттық сауалға жауапты заңмен белгіленген мерзімде жазбаша берулеріңізді өтінемін.

Құрметпен,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» фракциясының мүшесі                                 Б. Смағұл

орын. Г.Мукашева

тел. 746740