Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарына байланысты депутаттық сауал жарияладым.

2021 жылдың 16 маусымында жарияланды

Қазақстан Республикасының

Ішкі істер министрі

Е.З. Тұрғымбаевқа

Қазақстан Республикасының

Білім және ғылым министрі

А.Қ. Аймағамбетовке

Депутаттық сауал

Құрметті Ерлан Заманбекұлы және Асхат Қанатұлы!

Менің депутаттық сауалым балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарына байланысты.  

Соңғы жылдары бұл қылмыстар бойынша заңнаманы күшейту бағытында біршама жұмыс жасалды. Алайда, Бас Прокуратураның статистикасына талдау бұл қылмыс түрінің азаймағанын көрсетіп отыр. Мәселен, соңғы бес жылда елімізде балаларға қарсы сексуалдық сипаттағы 3893 қылмыс тіркелген (2016 жылы – 851, 2017 жылы – 678, 2018 жылы – 739, 2019 жылы – 793, 2020 жылы – 832). Оның ішінде: зорлау – 748, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері – 672, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау – 1808, жас балаларды азғындық жолға түсіру – 665.               Айта кету керек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша зорлау фактісі             2016 жылмен салыстырғанда 45,8 пайызға өскен.

Бәрінен бұрын, бұндай қылмыс жасаған адамдардың бостандыққа шығып, қайта осындай қылмыс жасауы қоғамда, жалпы әрбір адамда алаңдатушылық тудырады. Бұқаралық ақпарат құралдарында биылғы жылдың соңына дейін «32 педофил бостандыққа шығады» деген ақпарат тарады. Бұл ретте, жазасын өтеп жатқан қылмыскерлермен қылмыстық-атқару мекемелерінде қаншалықты тиісті жұмыстар жүргізілді және біздің пробациялық қызмет бұл санаттағы адамдармен жұмыс істеуге қаншалықты дайын деген сұрақтар туындайды.

Өздеріңізге мәлім, қылмыстық-атқару инспекцияларының орнына пробация қызметтері құрылды, олардың негізгі функцияларының бірі сотталғандарды түзеп-тәрбиелеуге ықпал ету. Өкінішке орай, олар әлі күнге дейін ескі тәсілдермен жұмыс істейді, бұл қызметте формализм көп.

Осыған байланысты,  құрметті Ерлан Заманбекұлы, жоғарыда баяндалған мәселені қатаң бақылауға алуыңызды және келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын:

-қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде осы қылмыс бойынша жазасын өтеушілермен оңалту жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы бағдарламалар қабылданды ма, тиісті мамандар бар ма?

-сотталғандар арасында тәрбие және идеологиялық жұмыста қандай тәсілдерді пайдаланасыздар?

-түзеу мекемелеріндегі психологиялық қызмет жүйесінің деңгейін арттыру бойынша қандай шаралар қабылданды, оған жылына қанша қаражат бөлінеді?

-сотталғандарды еңбекпен қамтуда қандай жаңа тәсілдер енгізілді?

Құрметті Асхат Қанатұлы, Білім және ғылым министрлігі:

-ауылды жерлердегі далада орналасқан мектеп дәретханаларын ғимаратқа енгізу бойынша қандай шаралар қабылдады, бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс қалай жүргізіліп жатыр, жалпы даладағы мектеп дәретханалары жойылды ма? 

-қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында мектеп инспекторлары жеткілікті ме және оларға жеке кабинет бөлініп бейнебақылау камераларымен толық жабдықталды ма?

-білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысы қандай деңгейде?

Депутаттың сауалды қарау нәтижесі бойынша заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«Nur Otan» партиясы

фракциясының мүшелері                                                  Б. Смағұл

                                                                                                 Ә. Әбсеметова