Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне қатысты депутаттық сауал

2022 жылғы 9 наурызда жарияланды

Қазақстан Республикасының

Білім және ғылым министрі

А.Қ. Аймағамбетовке

Депутаттық сауал

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Депутаттық сауал мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне қатысты болмақ.

Бұл мәселеде үлкен проблема бар екенін өңірлерге барғанда танысып білдік.

2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен білім беру мекемелерін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесі бекітілген, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдары да қамтылған.

Бұл әдістеме 2020 жылы Қызылорда қаласында, ал 2021 жылдан бастап облыс бойынша қолданыла бастады. Осы кездегі тәжірибе әдістемеде ескерілмеген бірқатар жәйттарды көрсетті.

Жобалық қуаты төмен балабақшаларға осы әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз. Нәтижесінде балабақшаларда еңбек ақы мен коммуналдық қызметтерге берешектер қалыптасып, қызметкерлердің заңды ренішін тудыруда.

Балабақшалардағы штат құрылымы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» №77 қаулысына сәйкес болуы тиіс. Алайда, әдістемемен есептелген қаржы жеткіліксіз болғандықтан нақты штат саны көптеген жағдайда тиістілікке сәйкес емес. Мысалы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылындағы 45 орындық «Нұр Сәби» бөбекжай балабақшасында №77 қаулыға сәйкес 19,45 штат бірлігі болуы тиіс болса, әдістемеге сәйкес есептелген қаржыны жеткізу үшін 5,45 штат бірлігі қысқартылған. 19,45 штаттың еңбек ақы қорына 40,8 млн.теңге қажет болса, 14 штатқа 33,3 млн.теңге қаралған. 7,5 млн.теңге жетіспейтін болғасын штатты қысқартуға мәжбүр.

Штатты қысқартқанның өзінде әдістемеге сәйкес есептелген қаржы жеткіліксіз. Мысалы, Сырдария ауданы, Шаған ауылындағы 75 орындық «Балбөбек» бөбекжай балабақшасында нақты бала санына (65 балаға) есептелген 43,5 млн.теңге 7,5 штатқа қысқартылған, 19 штат (қаулыға сәйкес 26,5 болуы тиіс) пен ғимаратты ұстап тұру шығындарына әлі де 4,5 млн.теңге жетіспейді.

Штатты қысқартпаған балабақшаларда жетіспейтін қаржы едәуір көлемді. Мысалы, Шиелі ауданы, Шиелі кентіндегі 80 орындық №2 «Балбөбек» бөбекжай бақшасында 30,5 штат бірлігі бар. Әдістемеге сәйкес 62,9 млн.теңге есептелген. Еңбек ақы қорынан басқа 13,6 млн.теңге басқада шығындар бар. Барлығы 76,5 млн.теңге қажеттілік. Норматив бойынша есептелгені 53,5 млн.теңге. Жетіспейтіні 23 млн.теңге.

Сонымен қатар, сұйық отынмен жылытылатын балабақшалардағы жетіспейтін қаржыда өте көлемді. Мысалы, Қазалы ауданы, Ақсуат ауылындағы 90 орындық «Балауса» балабақшасында 9 штат бірлігіне қысқартылған 25,5 штаттың (№77 қаулыға сәйкес 34,5 штат болуы тиіс) еңбек ақы қорына 63,2 млн.теңге, басқада шығындарға 14,7 млн.теңге, барлығы 77,9 млн.теңге қажет болса, есептелген қаржы 56,8 млн.теңгені құрап, 21,1 млн.теңге жетіспейді. Оның 11 млн.теңгесі сұйық отынға қажет.

Қаржы жетіспеушілігі 140 орындық балабақшаларға дейін орын алып отыр. Мысалы, Шиелі ауданы, Жақаев ауылында орналасқан 140 орындық «Балдырған» бөбекжайында №77 қаулыға сәйкес 44,85 бірлік қажет болса, нақтысында 35,85 штат бірлігі бар. Тәрбиеленіп отырған 125 балаға 83,6 млн.теңге есептелген. Ал, қазіргі нақты штатпен қажеттілік 87,6 млн.теңге, немесе 4 млн.теңге әліде жетпейді. Егер де толық штатпен жұмыс жасайтын болса жетіспеушілік 23,5 млн.теңгені құрайды.

Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі 140 орындық «Шұғыла» балабақшасында штат 8,25 бірлікке қысқартылып 41,25 болды. Тәрбиеленіп отырған 140 балаға 93,6 млн.теңге есептелген. Штат қысқартылғанға қарамастан әліде 4,3 млн.теңге жетіспейді. Толық штатпен 28,6 млн.теңге жетпейтін болады.

Министрліктің бұйрығымен бекітілген әдістеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысын орындамауына әкелуде. Қызметкерлер толық штаттың орнына 0,5-0,75 штат бірлігімен жұмыс жасап, олардың еңбек құқықтары бұзылуда. Бұған қоса, бір Қазалы ауданы бойынша бүгінгі таңда 17 бала-бақшаға жабылу қауіпі төніп тұр.

Сонымен қатар, дәл осындай жағдай Түркістан облысында да орын алып отыр.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 42 бабының 7 тармағына сәйкес «Жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемінің қолданылу кезеңінде шығыстардың ұлғаюына және (немесе) кірістердің азаюына әкеп соғатын жоғары тұрған органдардың нормативтік құқықтық актілерді қабылдаунан туындайтын, төмен тұрған бюджеттердің шығындарын өтеу міндетті түрде жоғары тұрған бюджеттен ағымдағы нысаналы трансферттер бөлу арқылы жүргізіледі» делінген.

Сондықтан, министрліктің қабылданған бұйрығы жергілікті бюджет шығыстарының ұлғаюына әкелуіне байланысты жетіспейтін қаржы республикалық бюджет есебінен өтелуі тиіс.

Және де алдағы уақытта мұндай жағдай орын алмау үшін әдістемеде жобалық қуаты төмен балабақшалардың нормативіне жоғарылату коэффициенті қолданылуы керек және жылуға қажетті қаржы әдістемеден тыс бөлек есептеліп қаралуы тиіс.

Сонымен қатар, әдістемеде экологиялық коэффициент жалпы облыс бойынша ескерілген. Арал, Қазалы аудандарында облыстың басқа өңірлерімен салыстырғанда экологиялық төлем 20 пайызға жоғары. Осы екі ауданға да түзету коэффициенті енгізілуі қажет.

Биылғы жылы келесі 2023-2025 жылдарға арналған облыс бюджеттерінің жобалары қалыптастырылады. Егерде оған дейін аталған әдістемеге өзгерістер енгізілмесе балабақшалардағы қаржы тапшылығы жылдан жылға қайталанатын болады.

Депутаттың сауалды қарау нәтижесі бойынша заңмен белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймын.

Құрметпен,

Мәжіліс депутаттары,

«Nur Otan» партиясы

фракциясының мүшелері                                                            Б. Смағұл

Ә. Әбсеметова

Ғ. Әміреев

Ф. Қаратаев

Б. Кесебаева

И. Смирнова

Г. Шиповских