Смағұл
Бақытбек

Член Комитета по международным делам, обороне и безопасности Мажилиса Парламента Республики Казахстан
VIII созыва

Обращение к депутату
2021 жылғы 17 маусымдағы № ДС-219 депутаттық сауалға ҚР БҒМ жауабы

07.07.2021-ғы № 4634-1-6818/15-3 шығыс хаты

08.07.2021-ғы № 3342/ДС-219 кіріс хаты

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«Nur Otan» партиясы

фракциясының мүшелері                                               

  Б. Смағұлға

  Ә. Әбсеметоваға

2021жылғы 17 маусымдағы

№ ДС-219 – хатқа

Құрметті  Бақытбек Смағұл және Әлия Маратқызы!

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) 2021 жылғы  16 маусымда жарияланған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі депутаттық сауалда көтерілген мәселелерге қатысты ақпаратты өз құзыреті шегінде қосымшаға сәйкес жолдайды.

Қосымша: 4 парақта.

Министр                                                                       А. Аймағамбетов  

Т.Укина,87478216961

Қосымша

Ауылды жерлердегі далада орналасқан мектеп дәретханаларын ғимаратқа енгізу бойынша қандай шаралар қабылданды, бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыс қалай жүргізіліп жатыр, жалпы даладағы мектеп дәретханалары жойылды ма?

 Оқыту үшін қауіпсіз жағдайлар мен қолайлы орта құру, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық тораптармен (жылы дәретханалармен) қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Қазақстан Республикасында білімді және  және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген.

Білім беру ұйымдарында ауладағы дәретханаларды алып тастау бөлігінде «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы                        16 тамыздағы № 611 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 28 тамыздағы                    № ҚР ДСМ-98/2020 бұйрығы).

Жергілікті атқарушы органдар жергілікті тазарту құрылыстарының болуын ескере отырып, ауладағы дәретханаларды жою жөніндегі бағдарламаларды әзірледі, білім беру ұйымдарын жылы дәретханалармен қамтамасыз ету үшін қосымша қаржыландыру бөлінді.

Сондай-ақ, Жұмыспен қамту жол картасы аясында ауладағы дәретханаларды жою үшін қосымша қаржы қарастырылған.

Министрлік білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық органдар арқылы білім беру ұйымдарында бейнебақылау жүйелері мен санитариялық-гигиеналық тораптардың (жылы дәретханалардың) белгіленген талаптарға сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізеді.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау және аккредиттеу қағидаларында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылау бойынша нормалар енгізу мәселесі  қарастырылуда.

         Ұлттық білім беру деректер қорының  мәліметтері бойынша 7109 мектеп немесе олардың жалпы санынан 98,5%-ы жылы дәретханалармен жабдықталған.

Ауладағы дәретханалар 110 мектепте (Түркістан (77) және Алматы (19), Батыс Қазақстан (9), Шығыс Қазақстан (5))  облыстарында сақталған, бұл мектептердің жалпы санының 1,5% - ын құрайды.

Министрлік тарапынан Қазақстан Республикасы  Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның  2021 жылғы 18 мамырдағы  ХХХ отырысының хаттамасымен Түркістан, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктеріне 2021 жылғы  1 қыркүйегіне дейін барлық жалпы білім беретін мектептерді ішкі дәретханалармен қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

Қазіргі таңда  жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қажетті шаралар қабылдануда.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында мектеп инспекторлары жеткілікті ме және оларға жеке кабинет бөлініп бейнебақылау камераларымен толық жабдықталды ма?

Қолданыстағы заңнамаға[1] сәйкес  білім беретін мектептерде құқық бұзушылықтардың алдын алуға жауапты мектеп инспекторларымен қамтамасыз ету Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі – ІІМ) құзыретіне енетіндігіне байланысты, ІІМ-ге осы мәселе бойынша хат жолданды.

 ІІМ мәліметі бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары мен білім беруді басқару органдарының қызметі нормативтік құқықтық актілермен регламенттелген.

Оқу орындарын мектеп инспекторларымен қамту мектеп инспекторларының штаттық саны есебінен жүзеге асырылады, олар жедел жағдайдың жай-күйіне байланысты неғұрлым криминогендік білім беру ұйымдарына тұрақты түрде қайта бекітіледі.

Қазіргі уақытта ел өңірлерінде білім беру ұйымдарына бекітілген кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлардың 2755 бірлігі жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.

Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерімен «мектеп» полициясы инспекторларының қосымша штат санын ұстауға жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша қаражат бөлінді (тиісінше 30 млн теңге және 45 млн теңге).

Қабылданған шаралар, сондай-ақ полицияның күш-жігерін кәмелетке толмағандармен олардың тұрғылықты жері бойынша жеке профилактикалық жұмысқа шоғырландыру мектеп оқушылары жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар санын едәуір төмендетуге мүмкіндік берді (2001 жылғы                             5,2 мыңнан 2020 жылы 1,4 мыңға дейін).

Жоғарыда баяндалғандар негізінде, ІІМ полицияның күш-жігері кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмысқа оқу орындарында емес, олардың тұрғылықты жері бойынша және сабақтан тыс уақытта шоғырлануы тиіс деп есептейді.

Сонымен бірге, ІІМ мәліметі бойынша бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат толығымен отбасын, оның құндылықтарын қорғауға және сақтауға, «тәуекел тобындағы» отбасылармен жұмыс істеудің жаңа нысандары мен технологияларын енгізуге, отбасылық жайсыздықтың алдын алуға бағытталған.

Осы орайда Мемлекет басшысының отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды жақсарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың саны екі есе ұлғайтылып, белгіленген нормативтерге жеткізілген.

Білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысы қандай деңгейде?

Қазіргі таңда республикамызда білім беру мекемелерінде 7652 педагог-психолог күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға көмек және қолдау көрсетеді.

Республиканың барлық өңірлерінде тұрақты негізде call-орталықтар, шұғыл психологиялық көмек кабинеттері, жастардың денсаулық орталықтары, психологиялық көмек орталықтары және т.б. жұмыс істейді.

Өңірлерде 1876 психологиялық қызмет жұмыс істейді, онда балалардың құқықтарын қорғау бойынша 11 мыңнан астам маман жұмыс істейді.

Қашықтықтан оқыту кезеңінде психологиялық қызметтер 2 млн астам бала мен ата-ананы (1067580 бала, 1039569 ата-ана) қамти отырып, іс-шаралар өткізді (консультация беру, психологиялық сүйемелдеу), іс жүзінде 152421 жағдайда, дағдарыстық жағдайларға ден қоюдың 4413 жағдайында көмек көрсетілді (психологиялық оңалту, балаларды ТЖС-ға алып жүру, РППС-ға жолдау және т. б.).

Сондай-ақ, Министрлік психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту мақсатында психологиялық қызметке қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеуде.

Жол картасы[2] аясында пилоттық режимде аудандық/қалалық білім бөлімдері жанынан «Мектеп психологиялық қызметі» өңірлік жобалық кеңсесін құру және оның жұмыс істеуін апробациялау жоспарланды.

Сонымен бірге, білім беру ұйымдарындағы психолог-педагогтердің сапалы жұмыс жасауына ықпал ету мақсатында бірқатар шаралар кешені жүзеге асырылуда.

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру ұйымдарындағы психолог-педагогтердің санаты 3-блоктан 2-блокқа көтерілді, жалақылары артты (РБ-дан осы мақсаттарға 741 млн теңге бөлінді).

2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап Ұлттық тестілеуден сәтті өткен жағдайда педагог-психологтерге педагогикалық шеберлік санаты беріледі және қосымша 30%-дан - 50%-ға  дейін ақы төленеді (педагог-шеберге – 50%; педагог-зерттеушіге – 40% педагог-сарапшыға – 35% педагог-модераторға – лауазымдық жалақысының 30%).

Осы орайда, Министрлік білім алушылардың санына байланысты жүктеме бөлігінде үлгілік штаттар мен лауазымдар тізбесіне өзгерістер енгізу жұмысын жүргізуде.

Педагог-психологтерді әдістемелік қамтамасыз ету Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Тәрбие, психология және бала мәселелері орталығы арқылы жүзеге асырылатын болады. 


[1] «Ішкі істер органдарының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1098 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 қаңтарда № 12953 болып тіркелді.

[2] «Балалардың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы»  Қазақстан Республикасы Үкіметініің 2020 жылғы « 30 » наурыздағы № 156 қаулысы